Мәңгілік махаббат дастаны «Көзімді жұмсамда көрем сені» атты кітаптың төрт данасын жазушы, Шығыс Қазақстан жазушылар Одағының төрағасы, кітап авторы Әлібек Қаңтарбаев кітапхана қорына сыйға тартты.Кітаптың бірінші бетінде «Мынау басы мен аяғы бір тұтам толық ғұмырымда маған періште Жар, кұдіретті де сенімді Демеушім бола білген аяулым-Гулжан Әділғазықызының аруағына бағыштаймын» , - өзіңнің Әлекең деген сөзде қаншама мән мағына жатыр.
Қазақ әдебиетінде өмірден мезгілсіз озған жан жарларына жоқтау естелік арнағандардың ішінде оқырмандар тарапынан іздеп жүріп оқитын шығармалар қатарында классик жазушы Әзілхан Нұршайықовтың Халимасына арналған «Мәңгілік махаббат жыры» мен халық әртісі Асанәлі Әшімовтің «Майраның әні» болса, солардың қатары тағы бір жаңа туындымен толықты.
Кітап екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім «Көзімді жұмсап да көрем сені..» деректі реквиемнен, екінші бөлімі Гүлжан Әділғазықызына арналған жырлардан тұрады.
Шығарма өмірден мезгілсіз озған жар рухымен сырласу түрінде жазылған. Кітапта жазушы жарымен екеуара ғұмырбаяндарындағы ең бір тәтті де аяулы, қасіретті де күйінішті шақтарының суреттерін, елес-елестерін беруге тырысқан. Бұл реквием-махаббат жайлы оқулық.
Құрметті оқырман махаббат дастанымен таныс болыңыздар, кітап сіздің еншіңізде!