«Апырым - ай бұл жұрт Талаптанды ұмытып кетті ме?» деп жүргенде жазушының жаңа жинағы мен естеліктер топтамасы кітапхана қорына келіп түсті. Тіпті қалың оқырманнан сүйінші сұрауға тұрарлық жаңалық. Талаптанның жарқын бейнесі, нұр дидары, көмескі тартпай, уақыт өткен сайын айқандала түсетін тұғырлы тұлға екенінің дәлелі!
Өмірден озғанына он жылдан астам уақыт өтсе де оқырман көңілінің төрінен орын алған белгілі қаламгер, Халықаралық «Алаш» әдеби және Қазақстан Жастар одағы сыйлықтарының лауреаты Талаптан Ахметжан өткен жылы 60 жасқа толып еді. Кештеу болса да жерлесіміз Талаптан Ахметжанның мерейтойына орай «Ан арыс» баспасынан «... ғұмырын қишы жасынның» атты прозалық жинағы мен «Таңғажайып Талаптан» атты сиясы кеппеген су жаңа естеліктер жинағы жарық көріпті. Жинаққа жазушының прозалық шығармалары, пьесалары, әріптес қаламгерлердің естеліктері енген, Алматының «ABAI» баспасынан жарық көрген «Таңғажайып Талаптан» атты естеліктер жинағын толқымай оқу мүмкін емес... Балаларының сағынышқа толы сырлары мен жазушы жайлы әріптестерінің естеліктерін оқи отырып, Талаптан талантына, кісілігі мен парасаттылығына, адамгершілігіне тәнті боласыз.
Осы орайда туған жерін шығармаларына арқау еткен Талаптан талантын қадір тұтар, алайда үнсіз қалған Күршім жұрты бұған не дер екен деген ой келері анық. Талантты жерлесіміздің есімін мәңгі есте қалдыру үшін туған жерінде не боп жатыр? «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе ел тегі, алсын қайдан кемеңерді?»- деп Ілияс ақын жырлағандай, Күршімнің талантты тумаларын әспеттейтін уақыт жеткен сияқты...
Сөз қадірін түсінетін, қастерлейтін ұрпақ барда Талаптан шығармалары мәңгілік екенін ұмытпайық!