Сүйінші! "Төр Алтай" атты жаңа журнал оқырмандарымен қауышты!
Жер бетінде тірлік кешіп жатқан кез келген ұлт пен ұлыстың рухани болмысын байытатын, ішкі жан дүниесін қағып-сілкіп жаңғыртып отыратын бір ғана тәсіл, бір ғана дүние бар, ол -сол жұрттың әдебиеті мен өнері. "Төр Алтай" атты жаңа журналдың өмірге келуі, оқырманына қадам басуы-осы бір олқылықтың орнын толтыруға жасалған алғашқы қадам.
Жас ақын-жазушылар қаламынан туған дүниелерін не газет-журналдарға өткізе алмай, не кітап етіп шығара алмай әбден титықтайды. Титықтаудың көгентүбі ол дарынды жанды сол өзі сүйген саладан кетуге мәжбүрлейді.
Журналдың басты мұраттарының бірі -жас таланттарға қолдау білдіру. Ел ішіндегі әлі таныла алмай жүрген таланттыларға айтарымыз: тәуір дүниелеріңіз болса, қорғанбай "Төр Алтайға" жіберіңіз.
Бас редактор Әлібек Қаңтарбаев, жауапты хатшы Тілеукен Тілеубердіұлы.
Құрметті оқырман, Сіздерден қолдау күтеміз. Журнал шығыстағы әр шаңырақтың төрінде тұрады деп сенейік.