Ұлы Жеңіске 74 жыл! Окоптарға гүл өсіп, көзден аққан жас тамшылары әлдеқашан кеуіп кетсе де соғыс салған жарақат жазылар емес. Соғыстың әлі зерттелмеген беттері қаншама!
Қан майданға қатысқан, тылдағы ауыр еңбекке араласқан, бүгінге азайып қалған ардагерлердің жүрегін сыздатып, жанын жаралап жатқан ұмытылмас естеліктері, толық зерттелмеген тарихы бар. Тарихтағы сондай ақтаңдақтардың бірі – Ұлы Отан соғысы деп аталатын зұлмат жылдары еңбек армиясын алынғандар тағдыры. Еңбек армиясы дегеніміз не?
Еңбек Армиясы – жұмыс күшін адамның еріктен тыс пайдалану кеңес экономикасының ажырамас бөлігі болып табылады, кеңес өкіметінің алғашқы күндерінен басталған. Осы кезеңде құрылған еңбек армиялары кеңес дәуірінде азаматтарды еріксіз түрде әскери қара жұмыстарға мәжбүрледі.
Соғыс кезінде еңбек армиясы қатарында болғандар екі категорияға бөлінді. Бірінші категория моральдық-саяси белгілері бойынша майданға шақырылмаған, арнай қоныстандырылған халық өкілдерінен құрылды. Екінші категория бойынша көпшілігі ұжымшар тұрғындары болып табылатын 200 мыңдай қазақтар да шақырылған екен.
Еңбек армиясындағы адамдардың тұрмыстық-материалдық жағдайы өте ауыр болды. Арнайы қоныстандырылғандардың көп бөлігі ауру мен аштықтан қырылды. Мыңдаған қазақстандықтар еңбек армиясы құрамында металл балқытатын мартен пештерінде, канал қазу жұмыстарында, өзге де адам төзгісіз жанкешті еңбекті қажет ететін қара жұмыстарды атқарды.
Моральдық – әлеуметтік жағынан өте төмен саналған осы аянышты тағдыр иелерінің Ұлы Жеңіске қосқан үлесі өлшеусіз. Әлі күнге дейін қоғамда лайықты бағасын ала алмаған осы «трудобойлар» туралы ащы шындықты білгіңіз келсе,»Бәрі де майданды» оқыңыз! (Бөкей О. Шығармалары [Мәтін]. Т. 2 / Бөкей О. - Алматы : Ел шежіре, 2013. - 384 б. )
Бүгінгі жас ұрпақ соғыстың шын тарихын, қолына күрек пен қайла алып жүріп, Ұлы Жеңіске орасан зор үлес қосқан аға ұрпақ өкілдерінің еңбегін біліп, құрметтеуі керек. Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойы жақындап қалды. Осы орайда А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы тың жобаны – «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы еңбек армиясында болған шығысқазақстандықтар (1941-1945)» өмірін зерттеуді қолға алды. Кітапхана сайтында жобаның ережесі берілген (http://kray.pushkinlibrary.kz/ru/kraevedenie-vko/2794-kraevedcheskoe-issledovanie-vostochnokazakhstantsy-v-trudovoj-armii)
Біз, кітапхана қызметкерлері, аталар ерлігіне бас ие отырып, барша халықты осы жобаға қатысуға шақырамыз. Еңбек Армиясы қатарында қызмет етіп, ерен еңбек үлгісін көрсеткен әке -аталарыңыз, туыстарыңыз туралы қандай да бір дерек білсеңіздер (эссе, очерк, фотосурет, т.б.) кітапхананың электронды поштасына (spravka@pushkinlibrary.kz; iimaspushkina@mail.ru) жіберулеріңізді сұраймыз.
Ерлер есімі қандай да құрметке лайық!