А. С. Пушкин атындағы кітапхана қоры Дидахмет Әшімхановтың бірнеше кітабымен толықты.
Дидахмет Әшімханұлының есімі бүгінгі таңда сөз асылын талғай білетін қазақ оқырмандарына, зиялы қауымға ғана емес, шетел оқырманына да жақсы таныс. Әңгіме жанрының хас шебері, әлем әдебиеті шығармаларын қазақ тілінде сөйлеткен танымал аудармашы.
Өмірді сүйген, адамды сүйген жүрекпен,
Қаламмен мынау қағазға талай гүл еккем.
Қазақтың жанын қазақтың қара сөзімен,
Бозала таңнан «Тал түске» дейін жыр еткем, - деп Дидахмет Әшімханұлы жырлағандай кітапқа жазушы Дидахмет Әшімханұлының соңғы жылдарда жазған бірқатар шығармалары мен ел ықыласына бөленген бір топ әңгімелері еніп отыр. Оқырман қауым кітаптан жазушының әлі еш жерде жарияланбаған «Кеш» атты әңгімесі мен қоғамдағы жастардың адасуын әшкерелейтін «Көкперінің кердеңі» атты пъесасын оқи аласыздар.
«Ұлттың рух жыршысы» атты кітапқа Дидахмет Әшімханұлы жайлы қазақтың белгілі жазушылары, мәдениет қайраткерлері, журналист әріптестері, шәкірттері мен туыстары жазған эсселер, естеліктер және еске алулар топтастырылып отыр. Кітапты оқу арқылы жазушының елі мен жеріне жасаған ұшан теңіз еңбегі, адамгершілік болмысы, шығармашылық әлемі жайлы оқырман мол мағлұмат алуға болады.
Жазушының көп томдық шығармаларының үшінші томынан әлем әдебиетінің классиктерінің Джек Лондонның, Джон Голсуоридің әр жылдары аударылған шығармаларымен таныса аласыз.
Байланысшы: Уалханова Р.Н.
Тел. 26-13-33, ішкі 123