Бүгін ағамыз тірі болса 80 жасқа толар еді. Әттең...
Ұлылықтың ұлы мекені Шығыс өңірінде қаншама толқын иелері өмірге келіп, өмірден өтті десеңізші!
Сені іздедім күрескен адамдардан,
Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан
Шырақтардан, оттардан, жалаулардан
Сені іздедім жоғалған замандардан,-
деп ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, кітап сүйер қауымға аты мәлім азамат-ақын, ардагер-журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Тұрғазы Нұқайұлының арамыздан кеткеніне де он алты жыл өтті.
А. С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы ағамыздың ең сүйікті, рухани ләззат алатын орны еді. Ұлы Отан соғысының ардагерлері Әубәкір ата мен Қайырбану апамызға арналған «Жарқыраған қос жұлдыз» деген кітабының тұсаукесерін осы кітапханада өткізіп тұрып өзінің «Өмір сыйы» деген өлеңінен үзінді оқығаны әлі есімде:
Жолаушымын,
Қайда болар тұрағым?
Мақсатым не?
Қайда жетіп тынамын?
Жолаушымын.
Болашағым бұлыңғыр,
Болжаусыз-ау
Қандай сәтте құларым,-
деп ақын өзі жырлағандай өмірден ерте өте барды. Өмірге шексіз ғашық еді. Артында «Тұңғыш» (1978), «Ұлы даланың ұлымын» (1995) жыр жинақтарын, «Әз-ағамыз Әнекең» (1994), «Анаға тағзым» (1996), (Жарқыраған қос жұлдыз» (1999) атты ғұмырнамалық кітаптар қалдырды. Ақын жырлары өзі сияқты байсалды, өлеңдерінде бекзаттық, азаматтық әуен басым.
Ақын жырларындағы тамаша қасиеттің бірі – азаматтық әуенді асқақтата жырлайтындығы. Жылдар өткен сайын талай күрделі тақырыптарды игерді, өлеңдерінің көркемдік қасиеттерін жетілдіре түсті. Шығармалары нақты өмір тәжірибесінен алынған шынайылығымен оқырман жүрегінен орын алған.
Қасиетті Шығыс топырағы-ақын үнімен мәңгі тыныстас. Оның саналы ғұмыры, еңбек жолы мен шығармашылығы Өскеменде өтті. Қазақ «Орнында бар оңалар» дейді. Аяулы ұлы Ерғазы мен асыл әжеміз барда ағамыз бір сәтте естен шықпай, жылда құран оқылып, жыр додалары өткізіліп жатыр. Биыл көктемде орталық кітапханада өткен ағаның 80 жылдығының куәгері болдық. Ақынның өлмес жырлары, асыл сөздері әрқашан тірі.
Байланысшы: Уалханова Р.Н.
тел. 26-13-33, ішкі 123