Жеңіс күні – біздің отбасымыз үшін тағылымы мол ерекше мейрам. Себебі, менің әкем Мұхтархан Сіләмұлы Ұлы Отан соғысына қатысып, елдің тыныштығы мен Жеңіс үшін күрескен жан.
Ұлы Отан соғысының ардагері Мұхтархан Сіләмұлы 1913 жылы ел жайлауға көшерде Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Қаратоғай ауылында дүниеге келген.
Мұхтархан атаның балалық, жастық шағы өзінің тұстастары сияқты қиын қыстау кезеңге сәйкес келді. Қазан революциясы, ұжымдастыру, ашаршылық, қуғын-сүргін зардабын басынан өткізгені аздай, қолына қару алып, майдан даласына аттанды.Иә, әкемнің өмір жолы қиындыққа толы болған. Оның замандастарының жастық ғұмырын соғыс жалыны шарпыды. Тұтқиылдан фашистік Германия шабуыл жасаған алғашқы күннен бастап-ақ еліміз жұдырықтай жұмылып, сүбелі жетістіктерге қол жеткізді. Отанымызды қорғау үшін ер-азаматтар әскерге шақыртылды. Тамыз айында Молдаш Дүмшебаев, Кәкім Мақабаев т.б. бір топ ауылдастарымен бірге менің әкем Мұхтархан Сіләмұлы да майданға аттанды. Жолай батысқа бет алған поезд бомбылауға ұшырап қаншама адам шығынға ұшыраған. Аман қалғандары жансауғалап орманға тығылады. Өмірі орман көрмеген қарусыз, азық түліксіз топ бірнеше күн орманды паналауға мәжбүр болады. Сосын әскерилер келіп жинап алып, әрі қарай батысқа бет алған екен. Үш ай бойы мергендер курсында оқыған әкем алдымен Саратов, кейін Харьков майданында соғысады.Майдан даласында өзінің замандасы Кәкім Мақабаевпен бірге болған екен. К. Мақабаев «Жақын жерден снаряд жарылғанда жалт қарасам Мұхтархан көкке ұшып бара жатыр екен.»Өлді -ау»- деген суық ой денемді қарып өтті. Қарайлауға мұрша жоқ, бұйрық қатты, шабуылдап алға жүгірдік. Тыныштық орнаған кезде Мұхтарханды іздеп таба алмадым. Көңілдері суысын деп ауылға отбасына –анасы Дәрия мен жары Күлпашқа, ұлы Бөкейханға, қолымнан қойдым деп хат жаздым.»
Көп ұзамай ауылға қара қағаз бен Кәкімнің хаты да жетеді. Алайда ауыл ағалары Дәрия апамды аяп қара қағаз бен хатты көрсетпепті. Мың күн қырған болса да ажалды өледі дегендей, әкем өлім аузынан періштесі қағып, аман қалған. Топырақ көміп ауыр жарақаттанған әкемді орыс ұлтының медбикесі тауып алып госпитальға жіберген. Әкем «атын ұмытыппын» - деп сол медбикеге жиі алғысын білдіріп отырушы еді. Фашист снаряды әкемнің оң иығынан тиген екен, алты ай госпитальда жатып емделген соң ІІІ-топтағы мүгедек болып елге оралады. Сөйтіп Сіләмнің артында қалған жалғыз ұлы соғыстан аман оралып, отбасымен, ұлы Бөкейханмен қуана қауышады.
«Жалғыздың жары -құдай» деген рас - ау. Сұрапыл соғыстан да аман қалып, елге оралды. Әкемнің оң қолы илікпейтін, көйлегін шешкенде быт-шыт боп біткен қисық сүйектерін көргенде жаным ашитын. Алайда әкемнің «мен мүгедекпін, кемтармын, соғысып келдім» дегенін естімеппін. Сол қисық қолымен айыр –күрегін тастамай өмір бойы еңбек етті. Соғысқа кеткен үш жылға жуық уақыттан басқа туған Қаратоғайынан табан аударған жоқ.
1957 жылы Қалғұты совхозы құрылғанда туыстай болып кеткен інілері Қабдыкешов Қазибек, Қазіретов Құмарбек ағалармен бірге совхоздың жылқысын бақты. Кейіннен аға шопан болып, Қаратоғай фермасының Жидебай қыстағында қой бақты. Анамыз Гүлбарам Жұмайқызы екеуі он баланы дүниеге әкеп, олардың үшеуі жастай шетінеп кетті. Қалған жетеуміз жоғары білім алып әр салады еңбек еттік. Ата –анамыз өтірік айтпауға, елдің ала жібін аттамауға тәрбиеледі.
Үлкен ағам Бөкейхан ұзақ жылдар ауыл шаруашылығында қызмет етіп, «Маралды», «Боран», «ХХІІ-партсьезд» атындағы совхоздарында директор, Тарбағатай ауданының әкімі болып қызмет атқарды. Ауыл шаруашылығына сіңірген еңбегі үшін «Құрмет», »Халықтар достығы» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Күршім ауданының Құрметті азаматы. Әкеден шопан таяғын алған Абайхан ағам 19 жасында ВЛКСМ-нің ХV сьезіне делегеат болып қатысқан. «Құрмет» орденінің, бірнеше медальдардың иегері. Бөкенбай ағам – Маралды совхозында ұзақ жылдар еңбек етіп, зейнетке шықты. Әнуарбек – Курчатов қаласында, Зайсан, Аягөз, Жарма аудандарында әкім болып қызмет етті. Бірнеше жыл «Нұр Отан» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалын басқарды. Зайсан, Аягөз, Күршім аудандарының Құрметті азаматы. «Құрмет» ордендерінің иегері. Қызы Зиза ұзақ жылдар мәдениет саласында қызмет етіп зейнеткерлікке шықты. «Кітапхана ардагері», «Кітапхана ісінің шебері», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілермен марапатталған. Қара шаңырақ иесі - Нұрбек сауда саласында еңбек еткен, бүгінде ауылдағы әке үйінде тұрып жатыр. Риза – жоғары білімді білікті дәрігер. Өскемен қаласындағы отбасылық амбулаторияның директоры. Әкем ұлдары мен қыздарын, немерелерін адалдыққа, еңбекке, өмірге деген құштарлыққа үйретті.
Жас болдық кезінде көп дүниеге мән бермеппіз. Көзі тірісінде ештеңе сұрап алмадық. Өзі де соғыс туралы айтуды ұнатпайтын.»Е-е, қайтесіңдер оны. Сендердің замандарың тыныш болсын,біздің көргенімізді сендер көрмей- ақ қойыңдар!» -деуші еді.
Әкем «Ұлы Отан соғысына 40 жыл» мерекелік медалімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің елу жылдығы» мерекелік медалдарымен, «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған.Бірнеше немере - шөберелерін көрді. Ешкімге жамандық жасамаған, жақсылығын сатпаған, ешкімнен ештеңені қызбағанбаған менің әкем ұзақ өмір сүріп, 1996 жылы 15 қаңтарда 83 жасында ауырмай-сырқамай дүниеден өтті. Туған ауылы Қаратоғайдағы Қарасеңгір бауырын мәңгілік мекен етті. Ауылға барған сайын зират басына барып әкеммен сырласып қайтам. Отбасым, аға-бауырларым туралы жаңалықтарды айтам. Қасында анамыз Гүлбарам, қос ағам Абайхан мен Бөкейхан қатар жатыр. Уақыт озған сайын әкемнің жарқын бейнесі айқындалып өміріме шуағын шашып тұрғандай...
З. Мұхтарханқызы Өскемен қаласы