Тозып, сарғыш тартқан көне сурет. Жан-жағы мүжіліп, ортасынан қақ айырыла екіге бөлінген, әлденеше рет желімделіп, қайта бүтінделген сурет. Осының өзі ол басынан талай сұрқылтай кезеңді өткергенін толық аңғартады. Асылдың сыры кетсе де, сыны кетпейдіні ол өмірде дәлелдей түсуде. Суреттің өзі - халқымыздың зиялылары өкілдерінің бір тобы осыдан 75 жыл бұрын Семей қаласыда бас қосуының үнсіз куәгері. Оның сыртында: «Семей қаласы, 1915 жылғы 10 наурыз» деген жазу сақталған.
Суретте бірінші қатарда отырғандар: (солдан оңға қарай) Әдіктің Жаңабайы (қазіргі Ұлан ауданы), Тұрағұл Абайұлы (Ибраһимұлы) Құнанбаев, Көкбай ақын, Жәкежанның Мұқаны (қазіргі Ұлан ауданы), Ахмет Байтұрсынов; екінші қатарда тұрғандар: Сейтрахым Кәдірбаев, Елдес Омарханов (Қостанай), атақты палуан Қажымұқан Мұңайтпасов, ақын Міржақып Дулатов, Жұбандық Болғанбаев (қазіргі Самар ауданынан).
Көнекөз қариялардың айтуы бойынша біздің білетініміз мынау: Әдіктің Жаңабайы мен Жәкежанның Мұқаны XX ғасырдың бас кезінде қазіргі Ұлан ауданының жерінде екі болыс елді басқарған белгілі адамдар. Ал Жұбандық Болғанбаев 1912-1913 жылдардан бастап лениндік «Правданың» туған өлкемізден тілшісі болғаны, Жоғарғы Ертіс бойында Совет өкіметін орнатысуға, оның жеңістерін баянды етуге белсене қатысқаны тарихи құжаттардан белгілі.
Осы арада мына бір жайды да оқырмандарымызға баяндап өтуді жөн көріп отырмыз.
Халқымыздың атақты ақыны Міржақып Дулатов пен Жәкежанның Мұқаны көңілжақын дос, пікірлес, аралас болғанын дәлелдейтін жайлар да бар. Ұлан ауданының Жаңа Қанай ауылында көп жылдар ұстаздық еткен, қазір арамызда жоқ Қайса Салықбаев осы жөнінде жиі сөз қозғаушы еді. Бірде ол былай деді:
- Жәкежанның Мұқаны мен Міржақып ақын екеуі айырылмас жолдас болыпты. Совет өкіметі орнамай тұрып-ақ Қойтас ішіндегі бұлақ бойында өз ауылында Мұқан балаларды оқыту үшін мектеп салдырып, оған маңайдағы ауылдардың балалары келіп оқып, білім алыпты. Менің үлкен ағайым Мұзапар, апайым Кәмила да сол мектептен оқып, қара таныпты. Сол кезде Жәкежан ауылында екі жыл Міржақып оларға дәріс беріпті. Міржақып молданың үлкен ғұлама адам, өнегелі жан екені жөнінде ауыл ақсақалдары үнемі басқаларға үлгі етіп айтып отырушы еді.
Қайса Салықбайұлының осы сөздерінің астарында үлкен бір шындықтың ұшығы жатқаны рас. Дала өлкесіндегі ірі ауқатты әулеттердің өкілі Жәкежанның сегіз ауылы, қисапсыз малы, жалпы саны мың жарымға дейін жеткен жылқысы болғанын ауыл ақсақалдары күні бүгінге дейін әңгіме етеді. Оны ескі қоныс, мекен жайлары да дәлелдейді. Қазіргі «Ұлан» совхозының бірінші бөлімшесіне қарасты Жәкежан атты шопандар ауылы да бар. Осы жерде сарқырап аққан тау бұлағының қоғалы жағасында Мұқан салдырған мектеп қабырғалары елуінші жылдардың басына дейін сақталып келгенін бала кезімізде өз көзімізбен көрдік.
- Бұл – көп адамдарға сауат аштырып, білім берген қасиетті жер, Мұқан мектебінің орны. Оның бірде-бір шымына, тасына тиіспеңдер, киесі ұрады, - дейтін үлкендер оның ескі қабырғаларына шығып, ойнап жүрген бізге.
Кейіннен колхоз басшылары сол мектептің көне қорымын қуатты күректі трактормен итеріп тастатып, орнына мал қорасын салдырды. Ал Жәкежан ауылындағы даладағы осы мектепте өлкеміздегі тұңғыщ журналистердің бірі, кейін социалды ірі шаруашылық басшысы, мемлекет қайраткері дәрежесіне дейін өскен, халқымыздың аяулы ұлы, ардақты азамат Жұмажан Тәттібаев та оқығаны белгілі. Осы Жәкежан ауылында оның етек жағында, ұсақ қойтасты өңірдің бір айнала беріс шалғайында Мұқан қорасы, Мұқан зираты да тиіп тұр. Зираттың белгі тастарында араб әрпімен қашалған ескі жазулар да талай тарихты баяндайды...
Халқымыз үшін қымбаттысын құрметтеп, аяулысын ардақтайтын сәт туды. Қазіргі кезеңде онын өшкені жанып, жоғалғаны табылып отыр. Тарих шежіресінен сыр тартатын бұл сияқты қымбатты суреттердің қаншасы үй-ішіндік альбомдарда, қобдишаларда сақталулы екен? Қаншасы бізге дейін жоғалмай жетті екен? Ондай дүниелер бар болса, тырмаштап жинап, ұрпақтарымызға үлгі етейік, таныстырайық.
Тұрғазы Нұқаев