Ұлы Отан соғысы тарихында партизан қозғалысы маңызды орын алады. Ұлы Отан соғысы кезінде Кеңес Одағының батыры атағы 11527 жауынгерлер, партизандар мен астыртын қимыл жасағандарға берілген екен. Оның 194-і осы атақты екі мәрте алғандар.
Партизандар жау гарнизондарына шабуыл жасап, соғыс техникасын, көпірлерді, қару-жарақ қоймаларын жарып, байланыс желілерін істен шығарды, жаудың әскери эшалондарын қиратты. Осының бәрі жаудың ілгері жылжуына мүмкіндік бермей, қыспаққа алды.
Партизан отрядтарымен қатар қалалар мен селоларда, аудан орталықтарында ірі теміржол станцияларында, кәсіпорындарда астыртын әскери топтар құрылды. Астыртын топтар алғашында үш-он адамнан құралса, кейін адам санының көбеюіне байланысты өзара бірігіп үлкен ұйымға айналды.
Соғыс жылдарында жау тылында 6200 партизан отряды мен астыртын әскери топ қимыл жасады, олардың құрамында 1,1 млн. аса партизан болды.
Ленинград облысындағы партизан отрядтарының құрамында 220 қазақстандық ерлікпен күресті. Белоруссияда шайқасқан 65 бригада мен отрядтар құрамында бір жарым мың қазақстандық болған. Кеңес Одағының екі мәрте батыры С.А. Ковпактың партизан құрамасында 70-тен астам қазақстандық болды.
Украинадағы партизандық құрамалар мен отрядтарда 1500 қазақ ерлікпен шайқасқан. Жаулап алынған аймақтарда қалып қойған шығысқазақстандықтар партизан отрядының құрамына кіріп, немесе өздері партизан қозғалысын ұйымдастырған. Партизандар қозғалысына 70 жерлесіміз қатысқан. Қасым Қайсенов - Шығыс Қазақстан облысының түлегі. 1941 жылдың қараша айында жау тылына жіберіліп, 1942 жылдың көктемінен партизан отрядын басқарған. Кейіннен Украинада шайқасқан Чапаев атындағы партизан құрамасын басқарған. Қасым Қайсенов пен оның отряды әсіресе, 1943 жылдың 20-22 қыркүйегінде Совет әскерлерінің Днепрді алу кезінде оң жағалауды ұстап тұруда ерекше көзге түскен. Қасым Қайсенов 1944 жылдың соңына дейін Молдавия, Чехословакия, Румыниядағы партизан жорықтарына қатысқан. Тарихта Полтава мен Киев облыстарында партизан қозғалысын ұйымдастырушы ретінде қалды. Қасым Қайсенов - "Халық қаһарманы" атағын алған. І дәрежелі Ұлы Отан соғысы, "Богдан Хмельницкий", "Ұлы Отан соғысы" ордендерімен, "Чехословакия партизаны" атағы, көптеген медалдармен марапатталған.
Тағы бір жерлесіміз Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданының түлегі Григорий Гнидин Белоруссия өлкесіндегі кескілескен шайқастарға қатысқан. Төрт рет жараланса да қатарға қосылып отырған. Григорий Гнидин Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз ордендерімен, бірінші дәрежелі “Отан соғысының партизаны” медалімен марапатталып, бригада командирінен 12 рет алғыс алған.
Партизан қозғалысына қатысқандар: лениногорлық Василий Яковлевич Абакумов, Марқакөлдің Орловка ауылынан Николай Павлович Устинов, Серебрянкадан Иван Дмитриевич Федоренко, Анна Никифоровна Пашкевич, Ұланнан Бұтабай Кентбаев, Жаңа Соградан Константин Яковлевич Трокин, Өскеменнен Иван Николаевич Павленко мен Павел Александрович Новиков, Катонқарағайдан Григорий Семенович Свинухов т.б.
Кеңес партизан қозғалысының штабы Польша, Чехословакия, Венгрия т.б. елдердің партизан қозғалысына үлкен көмек көрсетіп отырды. Біздің мыңдаған жерлестеріміз партизан қозғалысында өз парыздарын қаһармандықпен орындап, Жеңіс жолында жанқиярлықпен күресті.