Рахман қайнары– Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданындағы шипалы жылы су көзi. Оңтүстік Алтайдың кiшкене тектоникалық ойпатында, Арасан көлі жағасында, теңiз деңгейiнен 1750 м биiктiкте айналасын биiк тау, орман қоршаған өте көрiктi жерде орналасқан.
Су граниттегi терең тектоникалық жарықтан шығады, температурасы 35 – 42°С. Қайнардың шипалық қасиетi ертеден белгiлi. Облыс орталығы – Өскеменнен 460, бұрынғы аудан орталығы – Катоннан 115 шақырымдай қашықтықта жатқан, теңіз деңгейінен екі мың метр биіктіктегі шипажайдың екінші «тынысы» жиырмасыншы ғасырдың елуінші жылдары ашылған.
Ыстық қайнар көздердің емдік қасиетін Рахманов деген аңшы 1763 жылы ашқан. Ел аузындағы аңызға сенсек, ол саятшылық құрып жүріп, мылтығымен маралды жарақаттайды да артынан қуады. Жануар қашып отырып, осы суға кеп түскен екен. Күшін жоғалтқан жаралы марал біраздан соң әл жинап, қайнардан секіріп шығады. Осы кереметке куә болған аңшы судың бір ерекшелігі бар екенін түсінеді.
Ғалымдардың айтуынша, осы орындардың жерасты өзендері емдік радонға бай – радиобелсенді элементтердің таралу өнімі граниттің өте сирек минералдарында болады. Жерасты ыстық сулары буындарды, омыртқаны, жүйке тамырлары мен теріні, яғни, бүкіл адам ағзасын сауықтыруға аса пайдалы. «Жердің тым терең қабаттарынан шығып жатқан сулардың «есту» және «түсіну» қабілеті жетілген, сондықтан мұндай судың жанында тұрып былапыт сөйлеуге, қарғыс айтуға болмайды, айтылған сөздің бәрі де сол адамның өзіне айналып тиеді, ал оған қоқыс лақтырған адамды су жұқпалы аурулармен жазалайды» дейді қайнарды зерттеген ғалымдар.
Әдебиеттер:
Назырбаев, Қайырды. Катонқарағай [Мәтін] / Қ. Назырбаев. - Астана : Фолиант, 2011. - 280 б.
Таңғажайыпжер [Мәтін] / ред. А. Ф. Агарков. - Өскемен : Автор-К, 2009. - 204 б.
Әміре Қ. Қасиетті "Рахман қайнарлары" ел игілігіне қызмет етеді [Мәтін] / Әміре қ. // Дидар. - 2007. - 24 сәуір.- Б.3.
Темірбеков А. Рахман қайнарларында [Мәтін] : ["Рахман қайнарлары" санаторийі туралы] / Темірбеков А. // Дидар. - 1998. - 25 қыркүйек