2003 жылы Шығыс Қазақстан облысы Шілікті елді мекенінің жанындағы көне қорғандардың бірінен алтынмен көмкерілген киімімен жерленген сақ патшасының сүйегі табылды. Мұны Қазақстандағы үшінші «Алтын адам» деп айтуға болады. Шілікті қорғандағы «Алтын адам» біздің дәуірімізге дейінгі VII ғасырдың аяғы менVIIІ ғасырдың басындағы жәдігерлердің бірі. Табылған «Алтын адам»- сақ патшасы. Есіктен табылған «Алтын адамнан» екі жарым үш ғасыр бұрын, Аралтөбе «Алтан адамынан» мың жыл бұрын өмір сүрген. Оның үстіне, мұның алтынмен безендірілген киімдері тірі кезінде киіп жүрген киім екені белгілі болып отыр. Мұндағы алтын әшекейлер күрделі зооморфтык қалыптарға негізделе құйма алтындардан жасалған. Шіліктідегі 17 обаның ең үлкені және оқшау тұрғаны, мұның алдына шығарылып басқа оба салынбаған. Ғылымнан белгілі, тірі кезінде алтын бұйымдар тек патшалардың ғана киіміне жапсырылған.
Ал, о дүниеге алтын әшекей заттармен аттандыру оның өмірін мәңгілік ету идеясымен байланысты болған. Сақтар түсінігінде шірімейтін, тотықпайтын алтын зат мәңгіліктің символы болып есептелінген. Ертедегі сақтар өздерінің тектілігін аңдар бейнесінде көрсетуге тырысқан. Алтын бұйымдардың бәрі сол символмен жасалған.
Қорғаннан ұзын саны 358 алтын жапсырмалар табылған, 850-ші сынамалы алтыннан кем емес қасиетке ие екендігі анықталған. Яғни, аса қымбат алтын.
Материал С.Х.Текешованың «Тарих пәнін оқытуда өлкетану материалдарын
пайдалану және аймақтық компонент» әдістемелік құралынан алынды