Саяси-қуғын сүргін және аштық құрбандары болып Сталиндік қызыл террордың қанды қырғынына аяусыз ұшыраған халықтардың бірі – қазақтар. Екі бірдей төңкеріс, екі бірдей алапат аштық, азаматтық соғыс пен ұлт қаймақтарын қидай сыпырған саяси-қуғын сүргіндер қазақ халқын сандық, сапалық тұрғыдан аса ауыр зардапқа душар етті. Бұл зұлмат пен оның ауыр салдары тек Қазақстанның қазіргі аумағында ғана емес, сол дәуірлерде шекарадан тыс өмір сүрген қазақтарды да шарпыды. Бүгінгі мақаламдағы баяндауымды шекаралас жатқан Моңғол еліндегі қазақтардың сол кездегі біздің шекарамыз арқылы Қытайға өткендігі жайлы өрбітпекпін.
Ресейде салтанат құрып, алып империяға айналған пролетарлық диктатура күшейгеннен кейін көрші мемлекеттерге де жайылып, ол мемлекеттерде де қуғын-сүргін саястын жүргізіп сандаған мың адамдардың өмірін жалмады. 1924 жылдан Моңғолия елінде де социалистік мемлекет орнап, қызыл дауылдың екпіні Қобда жерінің қазақтарын да шарпиды. Байлар мен дін өкілдерін жою, мал-мүліктерін тәркілеу, діни орындарды жабу шешімдері қабылданады. 1930 жылдың басында үкімет Қобдаға ел басшыларын жинап, байлар мен ауқаттылардың құқығын шектеу, қалың малға тыйым салу, әйелдерді еркімен сүйгеніне беру, балаларды мектепке жаппай алу сияқты қаулы қабылдатып, орындауды бұйырады.
Бұған наразы болған жұрт Қытайға асып, қаша бастайды. Қытаймен шекараға таяу отырған ауылдар тез арада аман-есен асып үлгереді. Ал Қазақстанмен шекаралас отырған Ойғыр мен іргелес Аққол елі жоғарыда аталған асуларға әскер түскендіктен, Кеңес Одағының, нақтылай айтқанда Қазақстанның жері – Бітеу Қанас асуы арқылы өтуге тәуекел жасайды. Маусым айы, асудың қары әлі толық ерімеген, тау өзендері ағаш басына шығып тасып жатқан кезде «Нар тәуекел!» - деп қазақ пен ұранхайлар аралас төрт жүзден астам үй таң бозымен Қызылкезеңді өрлеп, Қалғұтыны құлдай, Арғымжыны жағалай көше жөнеледі. Көшті бастаушы – Қажы Бәйімбайұлы еді.
Осы оқиға бойынша сол көшке куә болған Мыса Рақымбайұлы «Мыса молла жазбасы» атты кітабында (Мыса молла жазбаларын жинақтаған Асылбек Байтанұлы) «Қанас жолы» атты тарихи дастанын жазып қалдырған. Дастанда көштің басталуы төмендегідей жолдармен айтылады:
Кезеңнен ал дегенде Соян асты,
Лықылдап қазақ-соян араласты.
Түбінде не болары белгісіз ғой,
Уақытша ағайын боп араласты.
Біз көштік сейсенбі күн кезең өрлеп,
Арық мал жүре алмайды көзі терлеп.
Көлденең орма жыра жол бермейді,
Көш тоқтап бірін-бірі итермелеп.
Көш тұманмен араласа Бітеу Қанастың теріскей беті – Үкөктің жазығына келгенде алдынан Шындағатайдан шыққан қызыл әскер отряды кез болады. Бұл отряд негізі, осы күні бұл арада болмауы керек еді. Қалайда құлақтанса керек. Құлақтандырушы қазақтың көрсетуімен қызыл командир ошарылған үздік-создық көшті бойлай жүріп Қажыға келеді. Дастанда көрсетуші қазақты қызыл Мұқан деп жазады. Келген соң мал-жанның барлығын сұп-сұр болып тасып жатқан асау өзенінен өткізіп заставаға баруға бұйырады. Бұл – тірідей өлімге айдау еді. Үзілді-кесілді қарсылыққа тап болған ожар командир қылышын суырып алып көтере бергенде Қажы командирдің қолына жармаса кетеді. Мыса ақынның дастанында өзі куә болған бұл оқиғаны былайша баяндайды:
Қылышты қолыменен ұстай алды,
Көкбөрі тартысқандай шыр айналды.
Әйтеуір жанұшыра шапшаңдықпен,
Қылышты қолдан бұрап жұлып алды.
Тынбастан ат үстінде шыр айналды,
Көштегі қатын-бала зар-шулады.
Маузерге қасындағы қол салғанда,
Қақ бастан қақ айырып салып қалды.
Командирдің өлгенін білген қызыл әскерлер пулеметтен оқ жаудыра бастайды. Қазақтар мен ұранхайлар да қолдағы бар бердеңке, шиті мылтықтарман қызыл әскерлерге қарсылық көрсетеді. Тұман тағы шөге қалғанда, қазақтар қару-жарақ, оқ артқан екі атты ұрлап әкеледі. Жүрек жұтқан бір азамат қарсы шауып, сойыл ағашпен пулеметті зақымдап үнін өшіреді. Ақыры біраздан соң оғы таусылып, шығын көрген солдаттар шегіне бастайды. Осы қақтығыста көш басшысы Қажы бастаған бес адам оққа ұшады. Шындағатайдан қосымша күш әкеліп шайқас басталмай тұрғанда, Бітеу Қанастың басына шығып алуды ойлаған жұрт қайтыс болғандардың басына ақиреттерін жастап, беттеріне шапанын жапқан қалпы қарсы алдындағы сырғыма қара теріскейге өрмелеп, қара жотаның басына шыққан жұрт Қытай шекарасының межесінен өтіп дамылдайды. Кері шегінетін жол жоқ, Бітеу Қанастың қар мен мұз басқан асуынан, терең сайлар мен тік қабақтардан түйенің табанына туырлық төсеп жүріп өрмелейді. Құз-қияларды өрлеп-құлдап сырғанап жүріп өтіп, Қанас көлінің ну жынысына тіреледі.
Мыса ақын, Қанас көлінің жағасына келген кездегі көш жолын былайша сүреттейді:
Көл жатыр – жартаспенен кемерленген,
Мұзарттан көшкін түскен сайлар терең.
Сай-сайдан тасқын бұлақ жаңғырыққан,
Естілмес құлақ болды мүлде керең.
Мыса ақынның дастанында осы көштің бастан өткен қиындықтары, Бітеу Қанастың қарлы шыңдарын асып, Алтайдың жан баспаған, аңшы соқпағымен еріксіз жылжыған ел ну орманнан, қорым батпақтан өтіп, арып-тозып, ашаршылықта болғандары, жол-жөнекей талай адамдардың қайтыс болғандары суреттеледі.
Туған жерлерін тастап, арып-ашып жеткен Қобда қазағын Қытайда да жақсы өмір күтіп тұрмапты. Мал-мүліктен айрылып, аш-жалаңаш қалған талай отбасы енді ғана бойжете бастаған қыздарын жергілікті қазақтарға азын-аулақ малға, астыққа беруге мәжбүр болады. Еркектері кен қазуға жалданып, байлардың малын бағып, кейбірі қайыр сұрап тентіреп кетеді. Әупіріммен қысты өткізген соң, «Алтайдың аш мұсылманы болғанша, Қобданың тоқ кәпірі-ақ болайық», - деп қолда бар азын-аулақ малымен туған жерге бет түзейді. Алтайдың алып шыңдарын жыл бойы айналып көшкен жүдеу ел ақыры байырғы мекеніне келіп, ес-ақылдарын жинаған екен.
Енді осы оқиғаны Кеңес өкіметінің мұрағаттық деректерімен сөйлетер болсақ, сол бір қуғын-сүргін жылдардағы қазақ ұлтының басынан өткен қанды оқиғаның бір парағына куә боламыз. Төмендегі құжаттар сол кездегі Шындығатай заставасынан орталыққа беріліп отырған жедел міліметтер, мұрағаттық құжаттар.
Жедел барлау мәліметі №3 (Оперразведсводка)
6 маусым 1931 жыл.
№10 застава бастығының 1931 жылғы 5 маусымдағы сағат 17-гі мәліметі бойынша шайқас нәтижесінде көші-қонушылар бандысы Бітеу Қанас асуына қарай шегініп, маусымның 4-нен 5-іне қараған түні шекарашылардан шегініп, өткел бойымен Қытайға қарай 10 шақырымдай жерге жылжыған. Әрі қарай ілгерілеуге қалың қар кедергі келтірген, көші-қонушылар бандысы бар мүліктерін жол бойында тастап, асудан жаяу өтуге талпынуда. Көші-қонушыларға үш-төрт винтовкамен қаруланған отряды қорған болуда. Көші-қонушыларды артқы жақтарынан айналып өтіп қолға түсіру мүмкін емес. Сондықтан отряд застава бастығы Кавешниковтың қолбасшылығымен Бітеу Қанас аймағына шегініп, көші-қонушы бандыларды айналып өтіп, оларды Қытай жерінен кері ығыстырудың жолын іздестіру үшін аймақа барлау жұмыстары жүргізуде.
Кавешников отрядының құрамында 30 жауынгер бар, оның 14-і шекарашылар мен қызыләскерлер және 16-сы коммунар-комсомолецтер мен партизандар.
Шайқаста көші-қонушылардан 30 000-ға жуық қой, екі мың ірі қара, 1000-ға жуық жылқы, көптеген үй тұрмыстық заттары тартып алынды, ірі қара малдары Ақалаха өзенінің солтүстік жағына өткізілді, қойлар әлі өткізілген жоқ, өзеннің оңтүстік жағында.
Біздің отряд көші-қонушы бандылар алған екі атымызды қайтарып алды.
Шайқаста көптеген көші-қонушылар өліп, жараланды, жаралыларын бандылар өздерімен бірге алып кетуде.
Банда жетекшісі Қажы Баямбаев өлтірілді. Көші-қон бандыларын Бұқат Керпембаев, Бұлатқан Бекеманов және Қанжерақ Тұрдықанов басқарады.
Көші-қонушылардың көңіл-күйлері жабырқаулы.
Жергілікті халық біздің отрядтарымыз бен әрекеттерімізге түсіністікпен қарауда, бандыларды жоюға белсене қатысуда. Қолға түскен бандылардың айтуынша көші-қонушылар ірі моңғол байлары, керей, көкмоншақ, ақсоян руларынан тұрады. Көші-қону Моңғолияда Кеңес өкіметінің орнауынан қауіптену салдарынан туындаған.
Миловтың басшылығымен 5 маусымда сағат 23:10-да Катонқарағайдан шыққан отрядтан хабар түскен жоқ.
Аудандық ПП ОГПУ бөлімінің бастығының орынбасары Рахвалов
Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік мұрағаты.
ф. 139-П, оп. 1, д. 65, л. 29-30. Түпнұсқа.
Жедел барлау мәліметі №4 (Оперразведсводка)
6 маусым 1931 жыл.
Көші-қон бандысы Қытай жеріне өтіп, өздерімен бірге тек қажетті жеңіл-желпі заттарды ғана алып, қалғанының бәрін тастап кетті. Кавешкинов отрядты Қарабұлақ аймағына жинақтап, шоғырландыруда. Кавешкинов отрядының бандыларды флангтан ұстау шаралары нәтиже бермеді, өйткені жіберілген ұрыс тобы ойлы-қырлы жерді ескере отырып, көшпелілердің қапталына және тылына асуды қар алып жатқандықтан және өту мүмкіндігі болмағандықтан бара алмай, өткел аралығынан түсуге мәжбүр болды, жаяу өту әрекеті де сәтсіз аяқталды. Бітеу Қанас асуы бойымен көші-қонушыларды соңынан қуып келе жатқан шайқас тобы Қытай жеріндегі соңғы жотада қуып жетті, олар сол жерде көші-қонушыларды жасырын қарулы шабуылына кезігіп, шабуылдаушыларға оқ жаудырды, бандыларды ұстау мүмкін болмады.
Чазов жолдас өз кінәсінен өлді: қауіп туралы ескертуге қарамастан, ол атымен керейлердің арасына кірді, оны аттан аударып түсіріп, ішінен пышақтап жіберді, бандылар Чазовтың Озорник атты атын, револьверін, Мильс жүйелі гранатасын, командирдің ер-тоқымы мен жүгенін, сондай-ақ казак үлгісіндегі ер-тұрманы бар контрабандалық атты Қытайға алып кетті. Заставаға жолдас Чазовтың мәйіті мен комсомолец Беспаковтың мәйіті жөнелтілді. 6 маусымда қайтыс болған көші-қонушы бандылардың мәйіттері жерленді. 1-ауылдық партия ұйымының хатшысы Шутояков тірі, №2 жедел барлау мәліметіндегі Шутаяқовтың қайтыс болғаны туралы ақпарат расталмады. Наумов пен Гуляевтың жаралары жеңіл және қауіпсіз, жаралары біріншісінікі мойын етінде, екіншісінікі сол аяқтың бұлшық етінде, Катонқарағайдағы ауруханаға түсіп емделіп жатыр, Лосниковтың жағы күйіп қалған, жара мардымсыз. Ірі қара малдары Үкөк бойына жіберіліп, жергілікті қазақтардың қарауында жайылуда. Қойлар Ақалаха өзенінің оңтүстік жағалауынан солтүстігіне өткізіліп, Қарабұлақ теліміне жіберілді.
Үлкен шығынға ұшырап, малдарынан айырылған бандылар Қытайға өтіп, естерін жиып, қалптарына келгеннен кейін, малдарын қайтарып алу үшін біздің жаққа қарулы шабуылдар жасайды деген болжам бар. Миловтың айтуынша, өзінің отрядымен 6 маусым күні Мәскеу уақыты бойынша сағат 23:45-те Шындығатай заставасына келген, жарты сағаттан кейін Кавешниковтан Бітеу Қанас асуындағы қарулы бандылар 6 маусым күні күндіз жүктері мен малдарын тастап Қытай аумағына өтіп кеткені туралы хабар алған.
Жергілікті халықтан сұрап білгеніміздей саны белгісіз шекарадан өтуші көші-қон бандылары шетелдік байлар мен ауқаттылар біздің территориямызға Моңғолиядан Кеңес шекарасы арқылы Қытайға көшу мақсатымен келгені анықталды. Катонқарағай аудандық ПП ОГПУ қызметкерлері оқиға орнында тексерулер жүргізіп жатыр.
6 маусымда отрядтың Ахмеджанов пен Глазуновқа Кавешниковке әскери көмек көрсету туралы бұйрықтарын орындау кешіктірілді, өйткені бұйрық түскен күні көші-қонушылар бандысы Қытайға өтіп кетті. Мәліметті жасау кезіне дейін жаңа оқиғалар тіркелген жоқ.
Аудандық ПП ОГПУ бөлімінің бастығының орынбасары Рахвалов
Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік мұрағаты.
ф. 139-П, оп. 1, д. 65, л. 31-32. Түпнұсқа.
Жедел барлау мәліметі №5 (Оперразведсводка)
15 маусым 1931 жыл.
РО ОГПУ бастығы Милов жолдастың 9 маусымдағы мәліметі бойынша, Чазов жолдастың денесі Миловтың басшылығымен Катонқарағай комотрядының қатысуымен Шындығатай заставасында жерленді.
Қанас көліне дейін жұмыс істейтін разъездердің күнделікті жіберетін хабарларына сәйкес, тау өзендерінің тасқынына байланысты көші-қонушылар солтүстік-шығысқа бағыт алып, Қытайдағы қарлы шыңдардың арасындағы шатқалға жетіп, шекараға параллель шығысқа қарай жылжыған, жол бойына мүліктері мен малдарын қалдыруда.
Бандылар қозғалысының нақты бағыттары мен іс-әрекеттерін анықтау мақсатында отряд тарапынан жасырын барлау жіберілді, есеп беру уақытына дейін ешқандай деректер түскен жоқ.
Көші-қонушылардан алынған ұсақ малды өзеннен өткізу жалғасуда, 20 000 бас өткізілді, мал отарларға бөлініп, тылдағы застава учаскесіне жөнелтілуде.
Мүліктер іріктеліп, есепке алынып, заставаға жөнелту үшін буылып түйілуде.
Таулардан Дегтярев пулеметіне арналған үш жарым диск табылды, оларда екі патрон болған.
Бітеу Қанас асуында көші-қонушы ұранқайық әйел адам ұсталды, тергеу амалдары жүргізілуде.
Қалғұтты аумағының тұрғындары барлық жұмыстарға белсене қатысуда.
Миловтың 11 маусымдағы хабарламасы бойынша Ақалаха өзенінен ұсақ малдарды өткізу аяқталды, есеп жүргізілуде, 11 маусымдағы жағдай бойынша әрқайсысы 5000-нан 4 отар топтастырылды, отарлар алыс Шабанбай жайлауына жайыла отырып айдалуда, әр табынға 10 адамнан бекітілді.
Көші-қонушы бандылардың 20 адамы өлтірілді, мәйіттер жерленді. Бандылардан қашқан Қалғұты қазағы Дүсіпов Қалидың айтуы бойынша бандылардың арасында жаралылар көп, нақты саны белгісіз, жаралыларды өздерімен бірге алып кетуде.
Біздің отряд екі керей мен бір ұранхайлық әйелді тұтқынға алды, алғашқы екеуі заставаға айдап бара жатқанда қашпақ болған кезде атып өлтірілді. Тұтқынға түскен әйел өзін Беппеген, күйеуінің атымен Сінде Шалдымбаева деп атаған, жауап алу кезінде ол көші-қонушы бандылардың басым көпшілігі байлар мен ауқаттылар екендігін, 200-ге жуық ұранхайлықтар киіз үйлі отбасы, 200-ге жуық керей қазақтарының киіз үйлі отбасы бар екендігін, көшпенділерді Қажы Баембаев басқарғанын айтты. Көші-қонушы бандыларды өзінің құрамындағы қарулы топ қорғаған, олардың саны мен қару-жарағы белгісіз. Көшпенділердің көші-қон себептері: аймақ көлеміндегі коммунист жауапты қызметкерді өлтіру және керейлердің кісі өлтірушіні бермеуі, байларға салынған салықтар. Көшіп-қонушы бандылар КСРО арқылы Қытайға өтті, олар Моңғолия мен Қытай арасындағы шекараның мықты күзетілуіне байланысты олар Қытайға өте алмайды, бірінші көші-қоннан кейін жергілікті қазақтар арасындағы таныстық арқылы олар КСРО арқылы көшуді ұйғарған.
Малдың арасында ерекше бағалы тұқымдылары жоқ, барлығының күйі кетіп жүдеген.
12 маусымдағы жағдай бойынша көші-қонушы бандылардың орнының қайда екенін әскери де, жасырын барлау да анықтай алған жоқ, жасырын барлау жұмыстары жалғасуда.
Алынған мүлік заставаға жіберілуде. 45 000 қой өткізілді, санау және жайлауға айдау жалғасуда, 14 маусымда оқиға орнынан отрядтар қайтарылды, шекараны күзету үшін 15 жауынгер – шекарашылар мен партизандар қалды.
Аудандық ПП ОГПУ бөлімінің бастығының орынбасары Рахвалов
Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік мұрағаты.
ф. 139-П, оп. 1, д. 65, л. 31-32. Түпнұсқа.
Баяндалған оқиғаны екі көзқарастағы, екі мемлекеттің адамдары жазсса да ортақ ұқсастықтары өте көп, бұл осы оқиғаның нақты болғандығының дәлелі. Екі жазбада да көшкен адамдардың саны нақты айтылмайды, 400-ден астам киіз үйлі отбасы екендігі жазылады. Малдың көптігінен жер қайысады, қызыл әскерлерде қалған малдың өзін санау үшін неше күн кеткен, қойдың саны ғана 45 мың болған. Мыса ақынның жазбасында мал санын мына шумағынан көруге болады:
Мал болды арты Кезең, алдыҮкекте,
Мал шіркін есебі жоқ неғып біткен.
Орта есеппен екі жүз мың барау деймін,
Ыстығы осы малдың тентіреткен.
Осыншама мал, байлық біткен халыққа бастарына қиындық түскенде сол мал мен байлық қорған бола алмады. Қанас көлінің маңы таспен кемерленген, қалың жыныс, қарағайлы ағаш, осы аңғардан шыға алмай бір ай бойы көрген қорлықтарын оқысаң жаның түршігеді, адамдардың аруақтай, малдың тулақтай болып жүдеуі, балалар мен қарттадың аштықтан, аурудан қырылуы, қайтыс болған балалардың бесікпен қалуы, қайтыс болғандарды жерлеуге тірілердің шамасының болмауы дастанда өте аянышты суреттеледі. Міне Кеңес дәуірінің басы қазақ үшін осылай басталған еді, арғы дәуірлерді айтпағанда, кешегі ХХ ғасырдың өзінде қазақ аспанына төнген қара бұлтты кезеңдердің бірі осындай болды.
Дүйсен Бралинов, Өлкетанушы