Баурайына бақ қонған Өр Алтайдағы Катонқарағай жері талайды тамсандырып, көптің жүрегін жаулаған жұмақ өлке. Құдды бір табиғаттың бар байлығын осы өңірдің өн бойына жинақтап қойғандай. Аспанмен таласқан асқар таулары, айдын шалқар көлдері, биіктен құлай аққан сан түрлі өзен-бұлақтары, тауларына көрік берген сыңсыған ну орманы, сол орманды мекен еткен аң-құстары, ия айта берсек жұмыр басты пендені өзіне тәнті ететін сан қырлы құпиялы кереметі жетерлік. Алтайдың асты да жұмбақ, үсті жұмбақ. Осы жұмбақ та жұмақ мекен бағзы заманнан-ақ көптің көңілін өзіне аударып, талай зерттеушілер мен саяхатшылардың келуіне түрткі болған. Өлкемізге сонау XVIII, XIX ғасырларда келіп кеткен орыс саяхатшылары біздерге таныс, ал сол уақыттарда сонау мұхитың арғы бетіндегі американдықтардың, Еуропаның төрінен немістердің келгендігін біреу білсе, біреу білмесі аян. Осыған орай американдық журналист, жазушы, саяхатшы, «Сібір және жер аудару» («Сибирь и ссылка») кітабының авторы Джордж Кеннан мен Бостондық суретші Джордж Фросттың 1885-86 жылдары келіп, біздің өлкеміз жайлы жазған жазбалары және фотосуреттері жайлы алдыңғы мақалаларымда жазған болатынмын.
Бүгінгі мақаламда сонау 1876 жылы өсімдіктер және жан-жануарлар әлемін зерттеу мақсатында келген неміс экспедициясының Алтай станицасында (Катонқарағай ауылы) болғаны туралы жазбақпын. Бұл да тарих қойнауына кеткен уақыттың бір парағы, туған жеріміздің басынан өткен әрбір сәт бүгінгі ұрпақ біз үшін өте маңызды деп білемін.
«Неміс солтүстік-полярлық экспедиция қоғамы» 1876 жылы 10 қаңтардағы жиналысында Обь өзені аймағына экспедиция жіберу туралы шешім қабылдап, осы бағытқа қаржы бөледі. Қоғамның барлық мүшелерінің мақұлдауымен неміс этнологы, орнитологы және зерттеушісі Финш Отто экспедицияның басшысы болып тағайындалады. Қоғамның экспедицияға екі натуралист қатысу туралы ұйғарымына сәйкес өз келісімі және экспедиция басшысы Финш Оттоның ұсынысы бойынша досы әрі мамандығы бойынша әріптесі, әйгілі «Жануарлар өмірі» («Жизни животных») кітабының авторы, зоологя ғылымдарының докторы Альфред Брем екінші мүшесі болып белгіленеді. Вюртемберг королі штабының адъютанты, полковник граф Карл фон Вальдбург-Цейл-Траучбург экспедицияға өз есебінен ерікті ретінде қатысады. Экспедиция Омбы, Семей, Арқат таулары, Лепсі, Алатау, Жоңғар Алатауы, Бақты, Майтерек, Қытай Алтайы, Алтай станицасы (қазіргі Катонқарағай), Томск, Обь өзені, қиыр солтүстіктегі Карск теңізіне дейін жерлерді аралап, зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
Экспедиция қорытындысы бойынша 1982 жылы «Путешествие в Западную Сибирь» атты кітап басылып шығады. Осы кітаптың ІХ бөлімінде аталмыш экспедицияның 1876 жылдың маусым айында Алтай станицасында (Катонқарағай ауылы) болғандығы туралы жазылады. Жазбада Алтай станицасы өте бір жұмақ мекен ретінде суреттеледі. Ауылдың маңының табиғаты, ұқыпты етіп ағаштан салынған жаңа ағаш үйлер, аң, балық аулау, таза ауа, қымыз, сүтпен емделу, тауларға саяхат, әр түрлі ғылым сласында зерттеу мүмкіндіктері, тәжірибелі жолсеріктер, қызметке арзан баға жарнама ретінде ерекше суреттеліп, оқырманның ерекше қызығушылығын тудырады. Катонқарағай өңірінде ХХІ ғасырдың басынан бастап там-тұмдап дамып, соңғы жылдары қарқын ала бастаған туризм туралы жерімізге алғаш келген неміс ұлтының өкілдері бір жарым ғасыр бұрын айтып кеткені таңқаларлық. Тіптен сол кездің өзінде жол қатынасының осы саланың дамуына үлкен кедергі екендігін де дөп айтқан. Енді кітаптағы автордың баяндауына кезек берейін.
«Алтай станицасы теңіз деңгейінен 990 метр биіктікте, Алтай тауының баурайында, әсем табиғатпен көмкерілген Бұқтырма алқабында орналасқан. Жоғары санатты емдеу орны. Сыңсыған ну орманды болғандықан саф таза ауа. Алуан түрлі таңғажайып өсімдіктер әлемі. Бие сүтінен дайындалған нағыз қазақы қымыз, сүтпен және сарысумен емдеу. Орыс моншасы. Еркін аң аулау (бұғы, таутеке, құдыр, арқар, аю, қасқыр, түлкі, сілеусін, бұлғын, сусар, күзен, тиін, бүркіт; саңырау құр, бұлдырық, шіл дегендерің көптеп кездеседі). Қармақпен балық аулау өте олжалы. Зоологтар мен коллекционерлер үшін көптеген жаңалықтарды ашуға мүмкіндік беретін бай өлке, әсіресе, энтомология (жәндіктерді зерттетін ғылым) мен ботаника саласында. Мұнда этнографтарға, антропологтар мен лингвистерге ғылыми бақылаулар үшін бай материалдар табылады. Алтайдың таулы тайпалары – төлеңгіттер, құмандықтар, шорлар және т.б. ерекше қызығушылық тудырады. Тауларда серуендеуге мол мүмкіндіктер бар, мұздықтарға саяхат, көрші Қытай еліне экскурсиялар жасауға болады, ол үшін сенімді тау аттары мен тәжірибелі жолсеріктер әркез әзір. Алқапты шектейтін қарлы тау шыңдарының биіктігі шамамен 9000 футқа жетеді, олардың биіктіктері әлі өлшенбеген және зерттелмеген. Таза ағаштан салынған үйлер, қалауыңызға қарай көшпелі киіз үйлер де табылады. Қызмет көрсету бағасы арзан (соның ішінде мінетін ат). Демалыс маусымы маусым айның ортасынан қыркүйек айының ортасына дейін созылады.
Шамамен осылайша туристерді, ғалымдар мен саяхатшыларды және дертіне дәру іздеген адамдарды ерекше көркем Алтай алқабына шақыру туралы жарнамалар жазылуы мүмкін еді және бұл жарнамада еш асыра сілтеу болмас еді. Егер оған төмендегідей жол азабының қорқынышы жайлы қосымша жасалмаса, мұндай шақыруды көптеген адамдардың қабыл алары сөзссіз еді. «Ең жақын теміржол вокзалы (Орал желісі ашылғаннан бері) арқылы Екатеринбургтен екі жолмен жетуге болады, олар: 1) Тюмень – Семей трактісі бойымен тарантаспен (үш атты парлап жеккен) 2206 верст (315 неміс милі), 9-15 күндік жол (аялдамаларды есепке алмағанда); немесе 2) Тюмень, Томск, Барнаул арқылы әлдеқайда ыңғайлы маршрут 3853 верст (шамамен 382 неміс милі), мұнда Тюмень мен Томск арасында пароход арқылы 6,5 күн, содан кейін тарантаспен шамамен 1187 верст 8 күндік жол.
Жоғарыда айтылғандарға Екатеринбургтен Берлинге дейін 4500 верст немесе 650 неміс милі (3000 верст темір жолмен, шамамен 3 күн, 1500 верст пароходпен, шамамен 6 күн), екендігін қоссақ, Берлиннен Алтай ауылына дейінгі бүкіл жол 6754 верст (960 неміс милі) немесе 8400 верст (1200 неміс милі), яғни, 17-ден 23 күнге дейін үздіксіз жүруді қажет етеді, бұл әдемі таулы ел жаз маусымда барлық жерлерден, тіптен Еуропаның ең шалғай түпкірлерінен келетін туристер ағынынан ұзақ уақыт қамтамасыз етілетін болады.
Қалай десек те, пайда болғанына ұзақ уақыт болмаған Алтай станицасында (қалмақтарша Котонқарағай) немістерден ең алғаш келген біздер едік. Ол өзінің пайда болуымен Семей губернаторы, генерал Полторацкийге қарыздар, ол 1869 жылы Қытайдың Шыңғыстай шекара бекетін алғаннан кейін, одан 20 верст жерде аталмыш елді мекеннің негізін қалап, казактар мен жаяу әскерлерді қоныстандырды. Бұл 1871 жылы болған еді! Осы әскери бекеттен (комендантқа, офицерлерге, ауруханаға, азық-түлік қоймаларына және т.б. арналған үлкен казармалар мен үй-жайлар) бір верст қашықтықта кем дегенде 300-400 тұрғыны, 80-дей үй-жайы бар үлкен ауыл пайда болған. Олардың ішінде отырықшы халық болмаса да қазақтар да кездеседі, олардың киіз үйлері бірнеше жыл бұрын бұл жерлердің солардың меншігі болғанын еске салады. Көбінесе үйлер бөренелерден салынып жұқа тақтайлармен шатырланып, аулалары қоршалған. Олар әлі жаңа болғандықтан, және жақын маңда тозығы жеткен үй-жайлар болмағандықтан бұрын көргендерден әлдеқайда ұқыпты болып көрінді, тозығы жеткен үй-жайлар Сібірдің барлық жерлерінде кездеседі, барлық жерлерде де орыстар оларды жөндеуге асықпайды. Дегенмен, құрылысы аяқталмаған үйлер де болды, олардың құрылысына жақын маңдағы тау ормандарында материал жеткілікті еді. Ағаштардың үлкен діңін алқапқа жеткізу бар болғаны 5 тиын тұрады.
Алтай ауылының тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысса керек. Көптеген табын-табын ірі қарамен үйір-үйір жылқы әдемі шалғынға жан бітіргендей, ауылдың ішінен шошқа, қаз, тауық, көгершіндерді кездестірдік. Теңіз деңгейінен шамамен 3465 фут биіктікте орналасқандығына қарамастан, олар егін шаруашылығымен де айналысады, бидай, қарабидай, арпа, сұлы, тары, зығыр және қарасора егеді. Бізге ұсынылған осы мәдени өсімдіктердің үлгілерінің барлығы тамаша сапалы болды, бізді әсіресе қарасора мен үш масақты бидай қатты таң қалдырды. Бізге егіншіліктің өнімдерімен қатар, аңшылықтың негізгі өнімдері, атап айтқанда: аю, түлкі, сілеусін, қасқыр, бұлғын, баған (Mustela Sibirica), күзен (М.Эверсманни) қарақұйрық, тиін және ұшатын тиіннің терілерін ұсынды. Бізге бұл тосын сыйды жадымыздан ешқашан өшпейтіндей және ең жағымды естеліктердің бірі болып қалатындай етіп, жылы әрі мейірімді қабылдауды офицер мырзалар дайындаған еді.
Мерекедегідей гүлмен әшекейленген және мұражайдағыдай безендірілген киiз үйде неміс экспедициясының мүшелерiн салтанатты киiм киген офицерлер қарсы алып, жергiлiктi салт-дәстүр бойынша ерекше құрмет белгісі ретінде экспедиция басшысына нан мен тұз ұсынды. Комендант, майор Алексей Иванович Бахирев қонақтарға алғашқы сәлемдесу сөзін арнап, оған экспедицияның ең шебер шешені ретінде доктор Брам жауап ретінде экспедиция атынан ризашылығын білдірді. Көп ұзамай тамаша таңғы ас дайын болып, көңілді әңгіме мен тосттар айтылып орта жандана түсті, оған генералдың әйелі Полтарацкаямен қызының қатысуы ерекше көрік берді. Тіпті музыка да кем болмады. Скрипка мен балалайканың сүйемелдеуімен казактар өздерінің дәстүрлі ерекше әндерін орындады, көп ұзамай әсем әндер аяқтарының ұшы мен өкшелері арқылы таңқаларлық жылдам қозғалыстардан тұратын билерге ұласты, бұл ағылшын теңізшілерінің биін еске салғандай еді. Түстен кейін губернатор біздің құрметімізге үлкен ас берді, қысқасы, атышулы Алтайдың қонақжайлығынан әбден ләззат алдық. Экспедиция мүшелері тамаша естелікпен бірге бағалы сыйлықтарды да осы жерден алып кетті. Граф Вальдбург тамаша сілеусін, түлкі және құнудың терілерін алды, доктор Брамға керемет бұлғын және үлкен аю терісі сиға тартылды, маған экспедицияың басшысы ретінде құдырдың терісінен жасалған үлкен даха (тон) мен жергілікті жерде жасалған пышақ сыйға тартылды. Пышақты майор Бахирев маған арнайы қазақ шеберіне жасатыпты, оған майордың аты ойылып жазылған екен.
Алтай ауылы (станицасы) жағымды ортамен қатар қосымша күш жинап, физикалық тұрғыдан сергіуімізге мүмкіндік берді. Екі аптаға жуық уақыт ішінде мұнда алғаш рет жақсылап жуынуға мүмкіндік туды, ол үшін орыс моншасынан жақсы ештеңе болуы мүмкін емес. Сондай-ақ жұмыстан да кемшілік болған жоқ. Коллекцияны жинау мен сақтаудың қиындықтары Ледебур сипаттағандай қалыпта болып, граф Вальдбург екеуміздің алдымыза шексіз істерді атқару тұрды, оның өсімдіктер әлемінен, ал маған зоологиялық саладан. Күндердің қалай өткендігі де байқалмады!
Толассыз жауған жаңбыр анда-санда ғана маңайдағы тауларға көз жүгіртуге мүмкіндік берді, 13 маусым күні таңертең аспан шайдай ашылып, керемет тау пейзажы біздің алдымызда өзінің бар айбынды сұлулығын паш еткенде таң қалдық. Расында да Алтай ауылының (станицасының) орналасуын кез келген альпілі ауылымен батыл түрде салыстыруға болады. Солға қарай аңғарды оңтүстік-батыстан Үлкен Алтайдың ең солтүстік сілемі болып табылатын құдіретті Сарымсақты жотасының әсем шыңдары мен жоталары шектейді, мақаланың басында атап өтілгендей, олар әлі күнге дейін өлшенбегенген, тіпті атаулары да жоқ. Олардың биіктігі шамамен 9000-нан 10000 футқа дейін жетеді, тіпті жаздың соңына қарай қармен жабылады. Алдыңғы түнде жауған қар тау беткейлеріндегі барлық ормандарды жауып, көздің жауын алатын аппақ түсімен тауларды одан сайын биіктете түскендей.
Оң жақ, яғни, солтүстік-шығыстағы алқап та таулармен жабылған, атап айтқанда Листвяга таулары, Ледебурдың айтуынша шамамен биіктігі 6000 фут, ең биік нүктесі Щебенуха, Гельмерсеннің айтуы бойынша, 7550 футқа дейін жетеді. Бұл тізбектен Гельмерсен «Нарым таулары» деп атайтын Үлкен Алтайдың көрінісін тамашалаған (ол кезде бұл жерлер Қытайдың Хобдо провинциясының қарауында болған). Листвга тауларының көркемдігі салыстырмалы түрде төмен. Оның дөңгеленген тақыр шыңдарына бетін жауып жатқан қар ғана сән бергендей, бірақ кей жерлерде олардың арғы жағынан биік таулардың көркем шыңдары бой созады. Шығып келе жатқан күннің нұры айбынды Алтайдың сұлулығын одан әрі әрлей түседі. Қарлы және жайнаған жасыл алқаптарды жағалай өскен қара ормандар, бірде бұлыңғыр, бірде жарқыраған биік шыңдар жарық пен көлеңкенің бірінен екіншісіне өткір алмасуын көрсетіп, барлығы қосылып керемет әсер қалдырды.
13 маусым күні таңертеңгі сағат 7-лер шамасында Алтай ауылының қонақжай офицерлерімен ризашылықпен қоштасып, әрі қарай 130 верст жердегі Зырянға жол тарттық. Бізді Бастыргин мырза мен Томск губерниясының полиция қызметкерлерінің бірі шығарып салды. Жолдың жағдайы өте жақсы болды, жол бойында табиғаттың керемет көріністері кездесті, оларды дұрыстап көре алмағандықтан жылдам жүрісімізге өкінгендей болдық. Алтай ауылының іргесімен ағып жатқан Сарымсақты тау өзеніндегі тамаша көпірден өтіп, одан кейін Бұқтырманың бір саласы Күлмеске құятын тағы бірнеше өзен арқылы өтіп сапарымызды жалғастырдық.»
Ұсынылып отырған суреттер ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі Алтай станицасында түсірілген.
Өлкетанушы Дүйсен Бралинов