1928 жылы Белағаш ауданы құрылып, оның құрамына екі ауданның (Бородулиха және Новошульба) да елді мекендері кірген. 1944 жылы 8 мамырда ауданның Белағаш атауы Бородулиха болып өзгерген. Неге? Себебі осы жылы Мәскеу «Жер-су аттарын өзгерту» туралы құпия қаулы қабылдаған еді. Сол Қаулы негізінде Қырым және Қара теңіз аймағындағы түркілік топонимдерге бүйідей тиіп, түгелдей дерлік орысша атауға ауыстырған. Қазіргі Бородулиха ауданында қазақша аты сақталған ең болмағанда бір пұшпақ табылар ма екен?
Осы өңір ежелден «Белағаш даласы» деп аталған. Ал Шульба, Новошульба деп аталып жүрген тоғайлы аумақтың ескі аты –Жалқарағай деген дерек бар.
Белағаш атауы – көшпенді қазақтың бір елді мекенге емес, күллі аяққы Алтай – етектегі кең далаға қойған атауы, көне топоним. Белағаш жазығына жалғасатын Бесқарағай аумағы Ертіс бойын қуалай өскен қарағайлы орманымен ерекше . Көк аспан биігінен қарағанда өзара түйіскен бес қарағайлы алқап екендігін ұшағы жоқ қазақтар қалай біліп, дәл ат қойған? Тарихшы Ж. Артықбаевтың жазбаларында «Қазақ жылқыны Ертістің оң жағасында ұстаған.Оң жаға биік жар, жардың ар жағы тақтайдай тегіс дала әріде жүз шақырым орман –тоғай. Осылай басталатын кең өлке –Құлынды даласына қазақ тайпалары қыс түсе жылқы айдаған. Бұл ежелден келе жатқан тәртіп. 18 ғасырдың ортасында орыс Ертістен қазақты өткізбей, өткелдердің түбінде талай қан жоса соғыстар болған. Ертіс әскери желісінде талай бекіністерді салған капитан И.Г. Андреев қазақтың жылқысының санына дейін білген. «Қобыланды» жырында айтылатын «Бес ағаш» Ертістің оң жағасындағы орман –тоғайдың ертеден бергі аты. («Абай» журналы 2017ж, №5.) Осылайша «Бесқарағай», «Бел ағаш» атауларының түп қазығы бар. Олар аймақтың жер бедерінің өзіндік ерекшеліктерін айшықтап тұрған тарихи- географиялық топоним болып табылады.
Ал Бородулиха атауы қайдан шыққан?
Шұрайлы Белағаш даласына қарашекпенділер 19-ғасырдың ортасында көз тіккен екен. Ресейдің түкпір-түкпірінен орыс шаруалары Сібірге және қазақ даласына шұбырған. Бұл көш , әсіресе, Столыпин реформасы тұсында қауырт өткені аян. Сол көшіп келгендер арасынан Бородулин деген пысық, шаруақор адам шығыпты. Тасы өрге домалап, қазіргі аудан орталығы тұрған жерден қызыл кірпіштен түрлі ғимараттар (үй, магазин, диірмен, қойма) тұрғызып үлгеріпті. 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін бай атаулы «кулак» ретінде аяусыз қудаланып, кезде Бородулин ұлдарымен ақылдасып, бар жиған –тергенін өз еркімен Кеңес өкіметіне өткізіпті. Ұлдарының бірі әкесіне қарсы шығып, атып кетіпті. 30 жылдары колхоздастыру кезінде шағын елді мекен үлкен селоға айналған. Ел ішінде Бородулин қызылдар жағына өткен, құрбан болған кедей таптың өкілі деген аңыз тараған. Сол аңыз негізінде малшы жалшы қауым селоға байдың атын беріпті. Мекеннің қысқаша Борордулиха аталуы тарихы осындай.
(Журналист, өлкетанушы А. Омаровтың жазбасынан)
Әлі, Д. Біздің жақта қыс ұзақ ...-дейді аудан әкімі Болат Сапоров мырза : [Мәтін] : [Бородулиха ауданының тарихы, әлеуметтік экономикалық жағдайы туралы] / Д.Әлі., О. Есімбек. -// Дидар. - 2001. - 6 қараша. - Б. 2.
Елубай, О. Берекелі де бақуатты Бородулиха : [Мәтін] / О. Елубай. - // Егемен Қазақстан. - 2004. - 3 шілде. - Б. 4
Төлеуов, С. Берекелі Бородулиха : [Мәтін] : [Бородулиха ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігі, экономикасы, әлеуметтік жағдайы. / Төлеуов С., Сабырбаев Қ. - Текст : непосредственный // Түркістан http://www.turkestan.kz. - 2001. - №43. - Б. 3