Халықтың аузындағы ел мен жер тарихы туралы көптеген аңыздардардың кейбіреулеріне құлақ түрейік. Үлкен Нарын ауылынының күншығыс тұсында орналасқан қазан төңкерісіне дейінгі атауы Қоңқай бүгінгі таңда ол мекен Юбилейное деп аталады. Осы жердің атауының төңірегіндегі ел аузындағы әңгімелерге назар салсақ. Қытай мен Ресей арасындағы шекара сызығы белгіленген уақыттан бұрынырақ, шағын бір қытай отбасы Бәйберді асуы арқылы асып келіп, сол кездегі қаратай елін билеп отырған Мәметек биден біраз жер сұраған екен. Ол уақытта Мәметектің өзі тікелей Бежін қаласына қараған Хатың-Қарағай өлкесін жеке билеп тұрған кезі болса керек. Мәметек өзіне қарасты жер иелігінің шетінен біраз ғана, мөлшері бірер гектар болса керек ,белгілеп беріпті. Сол қытай астық өнімдерін оның ішінде арпа,тары, көкнәр (мак)салып, күзде өнімін жинап,пайдаланған жердің ақысын төлегеннен соң қалғанын арқалап алып артынып – тартынып төтесінен қаратайлар жылда жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп жүрген ескі сүрлеу жолымен жаяулап тау асып кететін болған. Қыста елінде қыстап, көктем шыға қайта оралып жылдағы әдетін қайталап отырыпты. Бірнеше жылдан соң жеріне шыққан өнімінің көбейгені сонша енді оны кептіріп ұшыратын үлкен қойма мен қырман – база салған екен. Жүңге жерінен келген қытайлықтың аты-жөні Кунь-Кай болса керек. Кең пейіл қазақтардың арқасында, қытайлықтың сол жерде өсіп өнгені соншалық бала-шаға,немере көрген тәрізді. Кейін жылдар өтіп араға шекара сызығы жүрген соң ғана,әлгі қытайлық қаратай жеріне келуін тоқтатыпты. Сол жылдардан бастап қазақтар қытайлықтан қалған жұртты бүгінгі таңға дейін Қоңқайбаз деп атап кеткен деседі.
Тоқтар Мағзұмов, жазушы,
ҚР Жазушылар одағының мүшесі,
Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері