МИХАЭЛИС ЕВГЕНИЙ ПЕТРОВИЧ
1841-1913
Михаэлис Евгений Петрович – өлкетанушы, ғалым, саяси жер аударылушы.
Санкт-Петербургте дүниеге келген. Демонстрацияға қатысқаны үшін тұтқындалып, Семейге жер аударылады.
XIX ғасырдың алпысыншы жылдарындағы революциялық-демократиялық қозғалыстың қатысушысы, Н.А.Добролюбовтың, Н.Г.Чернышевскийдің, Н.В.Шелгуновтың, М.Л. Михайловтың және басқа да көрнекті адамдардың пікірлесі, Абай Құнанбайұлының досы Евгений Петрович Михаэлис Қазақстанның шығыс шет аймақтарын зерттеу үшін көп жұмыс жасады. Ол Зайсан өңіріндегі тас көмірді және Тарбағатай мен Саурдағы ежелгі мұздық түзілімдерін табуда бірінші орынға ие. Ол Семей мен Көкпекті арасында пошта жолын салу үшін іздеулер жүргізді, Ертіс өзені мен Зайсан көлінің арнасын зерттеді. Ал өмірінің соңғы жылдарында Михаэлис Қалба жотасының геологиялық құрылымын зерттеп, тау жыныстарын жинап, Өскемен уезінде бірқатар алтын кен орындарын ашқан.
Семей облыстық статистика комитетінің бірінші хатшысы болып жұмыс істейді. Жер аударылғаннан кейін Өскеменді тұрақты мекен етіп, ғылыми қызметін жалғастырады. Отыз жыл көлемінде Михаэлис қалалық думаның мүшесі болған. Басқа жер аударылушылармен бірге қаламызды абаттандыру үшін көп жұмыс жасады. Олардың бастамасымен 1896 жылы қалада кітапхана ашылды, қала бақшасының ағаштарын отырғызу басталды, шіркеу-приход училищесінің (1897), бастауыш мектептің (1912), Мариин училищесінің (1901), әйелдер гимназиясының (1914), Халық Үйінің (1902) ғимараттары салынды.
Евгений Петрович Михаэлис 1913 жылы 2 желтоқсанда қайтыс болады. Қалалық атқару комитетінің 1945 жылғы 16 тамыздағы шешімімен Соляная көшесі Е.П. Михаэлис атындағы көше болып өзгертіледі, сондай-ақ Абай шығармашылығына елеулі әсер еткен адам Михаэлис тұрған үйге мемориалдық тақта орнату және зиратына құлпытас қою туралы шешім қабылданды.
1995 жылдан бастап Юбилейная көшесі Е. Михаэлистің есімімен аталды.
________________________________________
Мұрағат мәліметтері
Өскемен қаласының көшелерін қайта атау туралы қалалық атқару комитетінің шешімі (ф.1, оп.2, д.1, л.151)
Өскемен қаласының көшелерін қайта атау туралы Өскемен Әкімшілігі басшысының қаулысы (ф.296, оп.1, д.179, л.259-262)
Е.П.Михаэлистің өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар (мақалалар, қызының естеліктері, некролог, фотосуреттер) (ф.50, оп.1, д.593, д.686; ф.752, оп.2, д.201, д.384, д.481)
Воспоминания Л.Е.Хотимской «Друг Абая – Е.П.Михаэлис», газета «Большевик Алтая», 25 июля 1945 г