Выдриха селосына алғашқы қоныстанушылар XVI ғасырда, Иван Грозныйдың тұсында келе бастаған. Ең алғаш Емельян Пугачев көтерілісіне қатысқан ағайынды үш жігіт – Кимасовтар келіп, қалып қойған. Үш зәйімке салып, өзенде құндыз көп болғандықтан зәйімкені Выдриха деп атаған. Тағы бір деректер бойынша алғашқы қоныстанушылар-жікшілдер 1747-1748 жылдары келіп қоныстанған деседі. 1720 жылы майор Лихарев бекініс салған соң бекініс маңындағы жерлер игеріліп,1760 жылғы Сенат жарлығы бойынша тау-кен ісі дами бастайды. Қоныстанушылар көбейіп, уақытша салықтан босатылып, бекіністі азық - түлікпен қамтамасыз ету үшін егін егіп, кен қазумен шұғылдана бастайды. Село тұрғындарының көпшілігі ескі дәстүршілдер болатын. Сухоруков, Ефимов, Белков, Кривоногов, Тепловтар отбасы селоның алғашқы қоныстанушылары болды. Селоның алғашқы тұрғындарының бірі П. Медведевтің (1889-1972) айтуынша шаруалардың көпшілігінің тұрмысы жақсы болды. 20-25 тен ірі қара, жүздеген қой, үйір жылқы, үй құстарын өсірді. Үй шаруашылығын жүргізу үшін жергілікті халықтан батрактар ұстады. Омарта ұстап бал өндірді. Егін шаруашылығын қолға алып, арпа, бидай, тары, мак, зығыр өсірді. 1917 жылдары селода 400-500-дей үй болды. Үйлерді ағаштан салып, халыққа үш шіркеу қызмет көрсетті.
Селодағы ең ауқатты адам Александр Фирсов селодағы сауда орындарының иесі болды. Ол туралы ауылдастары «ақылды, беделді, аса қу адам» дейтін. Көршілес ауылдарда да өзінің сауда орындарын, екі шіркеу, бір мектеп ашқан. Қазан төңкерісінен кейін мектеп мемлекет меншігіне айналды. Фирсов мектебі қағаз, қаламмен, дәптерлермен, оқу құралымен қамтамасыз етіліп тұрды. Заман ағымына байланысты азаматтық соғыс, қазан төңкерісі кезінде селода жаңа жетекшілер пайда болды. Олар ағайынды Фрыкиндер, Балтық теңізінің матросы, Қысқы сарай шабуылына қатысқан, Выдрихада алғаш рет «Свет» атты коммуна құрған Филип Улаев еді. Селода ұжымдастыру науқаны басталғанда Улаев колхоздың алғашқы төрағасы болып сайланды. Бай мен кедей арасындағы қақтығыс өте аяусыз жүрді. Шіркеулердің мұнарасын лақтырып, шіркеуде клуб ашты. Кедей балалар сауаттарын ашып, жұмыс істеп, кітап оқып, спектакль қойып бос уақыттарын тиімді өткізді. Селода алғашқы оқу үйі, одан кейін Халық үйі, аурухана ашылды.
Селодағы ең ауқатты байлардың бірі Гурьян Федотович Фоминых бес рет тәркіленді. Ол маңайындағы кедейлерді өзіне тәуелді ұстады. Кедейлерге қарызға мал, астық, құрал сайман беріп 3-4 жылдан соң оны екі-үш есе ғып қайтарып алатын. Әр тәркіден соң елдегі қарыздарын жинап, қайта қор жинап алатын.
Выдриха селосы талай нәубетті - Сталиндік репрессия, Ұлы Отан соғысы, тылдағы ауыр еңбек, шешен мен неміс ұлттарының депортациясын бастан өткізді. 20-ғасырдың 60 жылдары колхоз өмірі жанданып, дами бастады. Село тұрғындары сол кезеңдерде колхоз басқарған Н. Д. Галяпинді аса құрметпен еске алады. Н. Галяпин басқарған кезде селода құрылыс қарқын алып, ескі австриялық шіркеуден құралған клубтың орнына кітапхана, радиоузел, 960 орындық кинозал, концерт залымен қоса зәулім Мәдениет үйі салынды. 1967 жылы үш қабатты мектеп үйі, аудан халқына қызмет көрсететін аурухана қалашығы пайдалануға берілді. Мал шаруашылығына арналған кешен шаруашылықтың одан әрі дамуына ықпал етті. 1973 жылы республикалық маңызы бар колхозаралық санаторий «Уба» бой көтерді. 60-80 жылдары жаңа тұрғын үйлер салынып, село көркейе түсті. Колхоз миллионер атанып, облыстың ауыл шаруашылығының дамуына үлкен үлес қосты. Выдриха селосы, Кеңес өкіметінің құлауын, қайта құру реформаларын бастан өткізіп, тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің құрылуының куәсі болды. Жекешелендіру кезінде колхоз тарап, селода 40 шақты шаруа қожалықтары құрылды. Шаруашылықтардың ең ірісі А. В. Белкиннің иелігінде болды. Село тұрмысының экономикасын, халықтың әл-ауқатын көтеруде А.Белкиннің қожалығы үлкен ықпал етті. Жаңа аурухана, мектеп бой көтерді. 2003 жылы мектепке жерлесіміз, жазушы, Социалистік Еңбек Ері Анатолий Ивановтың есімі берілді. Мектеп мұражайында село тарихы, оның еңбекерлері мен танымал тұлғалары туралы жәдігерлер мұқият сақталуда.
Анисимова, О. ...И назвали село Выдрихой // ЛЗ: Сегодня. - 2003. - 31 окт. - С. 6.