(05.05.1914 – 04.10.1996)
Ластаев Зияфат 1914 жылы 5 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Қабырға ауылында дүниеге келді. Әкесі Ластай Жамауұлы мөлшермен 1878 жылы, анасы Көрікті Төлепбердіқызы 1890 жылы туған, Көрікті 15 жасында ата-анасынан ерте айрылып, жетім өскен Ластайға тұрмысқа шығады. Сол кезде Қабырға ауылы үлкен ауыл саналатын. Тұрмыстары төмен, еңбекақылары тек тамаққа әзер жететін. Көрікті апамыз атына заты сай, үй шаруасында берекелі ұқыпты болыпты.
Ластай ата ағаштан түйін түйген шебер адам болыпты. Ауылдастырының тапсырысымен арба, шана жасап, етік тікті. Қолөнерінің арқасында күнкөрісін айырып отырған көрінеді. Ауылда Гусев деген помещиқтің тері илейтін зауытында Ластай ата жұмыс істеп тері илеудің қыр-сырын үйренеді.
1928 жылы Қабырғада ұжымдастыру науқаны басталып, Молотов атындағы колхозға бірігеді. Алғашқы күннен-ақ Ластай ата колхозға мүше болып, жаңа басталған жарқын өмірге өз қолөнерімен үлес қоса бастайды. Атамның тағы бір жақсы қасиеті-оқу-білімге құштарлығы еді. Араб тілін жақсы білетін. Ұлы Отан соғысы кезінде майданға азық-түлік жинауға қатысып, ауылдастарынан да көмегін аямаған. Аздаған емшілік қасиеті де бар еді. Соғыстан кейінгі жылдары Катонқарағайда дін мәселесін жақсы білетін санаулы сауатты азаматтардың бірі болды.
Совет өкіметі кезінде әр азаматтың білім алуға құқы болды. Атамыз өзі оқи алмаса да балаларының білім алуына жағдай жасады, оған үлкен ұлы Зияфат үлкен көмек көрсетті. Отбасындағы сегіз баланың – Ләззат, Зияфат, Сейтқамза, Ғайникамал, Сейтзада, Шәбәз, Сәкай, Шәкеннің бесеуі жоғары білім алды. Ошарлы балаға тамақ тауып беріп, жеткізу бір адамға оңай емес. Үлкен ұлы Зияфат еңбекке ерте араласып, әкесіне қолғабыс жасады, бауырларының аяғынан тік тұрып кетуіне үлкен көмек көрсетті.
Әкем өзінің ата-анасына аса құрметпен қарап қатты сыйлайтын. Үлкен сүйіспеншілікпен әкесін-Какам, анасын «Көке» дейтін. Ластай атамыз оған араб грамматикасын үйреткен, әкеміз құранды еркін оқи алатын. Еңбек ете жүріп, 7 класты жақсы бітіреді. Сол кезеңде 7 кластық білім деген өте жоғары болып саналатын.
Мектеп бітірісімен әкемізді Аршаты мектебіне мұғалімдікке жібереді. Мұғалім жетіспегендіктен жеті кластық білім алғандардың барлығы аудан мектептерінде мұғалім болды. Әкеміз оқуын жалғастырғысы келгенмен отбасы қиындығынан ауылда қалып қойды.
30-жылдардың нәубеті біздің әулетті де шарпып өтті. Әкемізге «үштіктің» көрсетуімен «халық жауы» деген жала жабылып, біраз әуре сарсаңға түсірді.
1940 жылдың басында еңбек армиясына шақырылды. Орал қаласында еңбекке араласады. Осы кезең - әкемнің өмірінің ең қиын кезеңі еді. Әкем еңбек армиясындағы кезеңде еске алуды ұнатпайтын, ол туралы әңгіме қозғауды жөн санамаушы еді. Біз әкемізден қай жерде соғысқаны туралы сұрағанымызда «мен басқа майданда болдым» деп жауап беретін де, «менің көргенімді сендер көрмеңдер, құдай басқа бермесін» - дейтін.
Еңбек кітапшасындағы жазбаларды қарап отырсам 1942 жылы Белка кенішіне слесарь болып қабылданып, 1945 жылға дейін істепті. 1945 жылдың ақпан айында 1 қалалық партия конференциясының қаулысына сәйкес Богослов алюминий зауытына слесарь болып ауысып, онда 1946 жылға дейін жұмыс істеді. Әкеміздің там-тұмдап айтқан әңгімесінен ұққаным олар адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп, еңбек еткен екен. Қысы–жазы жалаң аяқ, жылы киім кие алмай жұмыс істеген. Үстіндегі киімдері алба-жұлба, себебі конвойлар жиі-жиі ит айтақтап талатып қояды екен. Иттер киімдерін жыртып, қан шыққанша талайтын кездер болыпты. Берген тамақтары да мардымсыз, ағаш ұнтағы мен ұн араласқан брикеттер. Зауытта өндірістік жарақат алып аяғы сынып қалады. Ауыр жұмысқа шыдамай, бір топ жерлестерімен еңбек армиясынан қашып шығады. Елге қайтар жол да жеңіл болған жоқ. Ақша жоқ, киім жыртық. Жүк поезына тығылып, кез келген арбаға отырып, жарты жолды жаяулатып әйтеуір ел шетіне жетеді. Жолда аштан өлмес үшін қар тазалап, ағаш кесіп, шатыр жөндеп әртүрлі жалдамалы жұмыстар істеген. Ақысына бір таба нан, қайнаған су алған. Үйге 1946 жылы келіп, отбасын құрып, әртүрлі жұмыстар атқарды. Еңбек армиясында алған жарақатынан ауыр жұмысқа жарамай жол жөндеу мекемесінде жөндеуші, Жаңа Үлгі ауылында дүкенде сатушы, Бошай Кітапбаев бастық болған Ленин колхозында колхозшы болып еңбек етті..
Жары Күлбағи Ризықанқызымен бірге жеті бала тәрбиелеп өсірді. Өкінішке орай анамыз 40 жасында өмірден ерте кетті. 55 жасында өңшең ұсақ баламен (ең кішісі 5 жаста) жалғыз қалған әкеміз қалған өмірін бала тәрбиесіне арнады. Балаларына жақсы тәрбие, жоғары білім берді.
1986 жылы Катонқарағай ауылының жергілікті қауымдастық мүшелері әкемізге ауылға молда бол деп қолқа салды. Облыстық мешіттен арнайы курс бітіріп, қажетті құжаттарын даярлап, тәжірибеден өткен соң ауыл мешітіне қызметке кіріседі. Тоқсаныншы жылдардың басында әкесінен қалған құранға ие болып, «Қасиетті Құран үйге оралды» - деген екен.
Әкеміз өмірдегі парызын толығымен орындады: өмірге ұрпақ әкелді, ағаш отырғызды, өз қолымен үй тұрғызды. Өзіне ғана емес, бүкіл ауылға, көршілерге үй салуға көмектесті, веранда, терезе жақтауларына әдемілеп ою салды. Еңбекқорлығымен, қарапайымдылығымен, өмірлік ұстанымының басқалардан ерекшеленген әкеміз осы қасиеттерді балаларына сіңірді. Бастаған ісіңді аяғына дейін жеткізу, жақсы-жаман болсын әрқашан тек шындықты айту, кез келген істі абыроймен орындау қағидалары әкелік жолында қызыл жіптермен әдіптелген еді. Екі ұлының өліміне қатты қайғырған әкеміз мүжіліп кеткен жоқ, «өмір жалғасып жатыр, өмір сүру керек» - деп бізді қайраттандыратын. Шынында өмір жалғасты, 80 жасқа жеткенше балаларымен бірге шөп шапты, мал ұстады, бақша екті. Біздің әкеміз - жоғарғы рух пен қажырлылықтың, табандылық пен төзімділіктің үлгісі. «Зияфаттың тағдыры өте ауыр болды. Рухы күшті болғандықтан ғана өлмей қалды» - деген еді Социалистік Еңбек Ері, ұзақ жылдар Ленин колхозын басқарған әкеміздің замандасы Бошай Кітапбаев.
Өмірдің, еңбек армиясының бар ауыртпалығын көрген, тағдырдың небір сынағынан өткен әкеміз сынып кеткен жоқ, жан дүниесі өзгермей, өмірінің соңына дейін азаматтық ұстанымын өзгертпеді. Жарасымды әзіл қалжыңды серік етіп, адамдармен араласып, оларды құрметтей білді. Газет-журналдарды оқуды жаны сүйетін. Мерзімді басылымдарға жазылу басталғанда айлық еңбекақысын түгелдей беріп, газет-журналдар алдыратын. Сонан кейін естіген білгенін замандастарына айтып, саясатқа пікір таластыратын. Әкеміз еш уақытта жалғыз қалып көрген жоқ. Ауыр кезеңдерде иығынан сүйеп, көмегін аямайтын ағайын-туыс, іні қарындастары үнемі қасынан табылатын.
Қызы Жанат Зияфатқызы
Ластаева (Қалиева)