Шанағаты өзені атауының шығу тарихына байланысты мынадай бір аңыз бар. Баяғыда бір шаруа қыстың жайма-шуақ күнінде шанамен шөп әкеле жатады. Қызылсуы жайылып жатқан осы өзеннен өте бергенде, аты тарта алмай тарғаяқтап, тарбаңдап қалады. Қанша әуреленгенімен шана шөпті өзен арнасынан алып шығуға аттың шамасы жетпейді. Амалы таусылған шаруа атты шешіп, жайдақ мінеді де, көмек сұрап іргедегі ауылға кетеді. Ол жақтан қосымша тағы бір атты жетектеп, қайтып келсе – шана белуардан мұзға қатып қалыпты. Сол шананы шаруа мұз еріп көктем шыққанда ғана босатып алған деседі. Содан бері бұл өзен «Шана қатқан» деп, жылдар өте қазақ тілінің үнем заңдылығымен ықшамдалып, «Шанағаты» аталып кетсе керек. Өзеннің атымен қасындағы ауыл да осылай аталыпты.