Семейден Абай ауылына бара қалсаңыз, жолшыбай Күшікбай асуын басып өтесіз. Бұл асудан қыс кезінде өту қиын-ақ. Асуда қар жауып, боран соғып тұрса, жерілікті халық «Күшікбай батыр ашуланып жатыр» деседі.
Елдің айтуынша ертеректе осы маңда мекендеген Күшікбай атты батыр болыпты. Ол сондай ержүрек, қайратты да қаһарлы екен. Айналадағы жау батырдың сесінен қорқып жолай алмапты.
Күндердің бір күнінде Күшікбай ауырып, төсек тартып жатып қалыпты. Батырдың аурулы екенін естіген жау осыны пайдаланып, оның ауылын шаппақ болып жорыққа шығады. Батырдан басқа қарсылық көрсете алатын адам жоқ екенін білетін дұшпан оп-оңай басып аламыз деп ойлайды. Жаудың келіп қалғанын естіген батыр аурудан тұра алмай, іштей ыза- кегі қайнап, шарасыздықтан жата береді. Күшікбайдың әлсіздігін, бұрынғыдай күшінің жоқтығын байқаған дұшпан әбден басынып, ауылдың тап ортасын шаңдатып, азан-қазан қылады. Мұндай қорлыққа шыдамаған батыр жалаңаш денесіне тонын жамыла салып, атқа қонады. Күшікбайдың атқа отырғанын көрген жау қатты сасып, қаша жөнеледі. Сөйтіп жауын бірнеше қырдан асырып тастайды. Шайқастан соң қайтып келе жатқанда батырдың ауруы меңдеп, бір төбеге келіп жантая кетеді. Сол бетінде ұйықтап қалған екен, содан қайтып тұрмапты деседі.
Бұл төбешік қазір «Күшікбай асуы» атанып кеткен. Боран борап, жел тұрған күндерде Күшікбай батырдың жауға деген тарқамаған ашу, ызасы ғой деп жатады.
Әдебиеттер тізімі:
Имашұлы М. Күшікбай батыр // Семей таңы. - 2003. - 20-26 маусым.- Б.14
Байқадиұлы С. Күшікбай батыр ұлықталмақ // Ертіс өңірі. - 2010. - 6 қазан.- Б.3.
Нұғманбекова , Раушан. Күшікбай батырға ескерткіш орнатты : [Семейден Қарауылға шыға берістегі Күшікбай кезеңіне батырға арналған монумент қойылды.] // Дидар. - 2012. - 30 тамыз.- Б.2.