(1928-2000)
Көккөл өзенінің жоғарғы ағысында Мұзтау шыңынан 15-20 шақырым, теңіз деңгейінен 3000 метр биктікте орналасқан тау үстінде 1938 жылы еліміздің қорғанысын нығайту үшін вольфрам, молибден өндіретін Көккөл кеніші ашылды. Бұл кез соғыс алдындағы саяси-қуғын сүргінмен қабаттасқан аласапыран уақыт еді. Мұнда шахтерлармен көп санаспайтын, жұмыс істесең жақсысың, жұмыс істей алмасаң құрисың. Соғыс алдында Көккөлде әкемнің 1916 туған ағасы Тұрымов Қисамбы жұмыс істеген. 1941 жылдың қараша айында Қисамбы соғысқа аттанып, оның орнына 13 жастағы Бойлаш Тұрымов жұмысқа шығады. Әкем сол кезді еске алуды ұнатпайтын. Бала кезімде оның маған түсініксіздеу әңгімелеріне аса құлақ қоймағам. Кейін өзім кенші болған соң кеніш тарихымен танысып, ескі шахталарға баратын болдым. Көкейімде сан сұрақ пайда болды. Өкініштісі сол, әкем келмеске кетіп қалған еді...
Әкемнің әңгімелерін есіме ала отырып, олардың, талай көшкінге тап болғанын, таудың тік қарлы соқпағымен су ағашты бөренелеп қалай тасығанын көз алдыма келтірдім. Желдеткіші жоқ тар забойда газ бен шаңға қақала отырып, газ жұтып, түтіндеген карбидтің жарығымен екі адам жұмыс істеген. Бірі бұрғылау штангасын ұстап, айналдырып тұрса, екіншісі әр жерінен ауыр кувалдымен соғып тұрған. Забойдың бөлігінде қалыпты жарылыс жасау үшін аз дегенде теңдігі 1 метр болатын 15 шпур қажет. Бұл дегеніңіз күні бойы бұрғыны тасқа жіберіп 15 метр жерге кіргізумен бірдей еді. Адам қолының қуатына шыдамай метал жарылып кететін. Арнайы жұмысшылар – буроностар ұстаханаға апарып қайтадан балқытып жөндеп әкелетін. Жарылыстан пайда болған тау жынысын сол забойда сорттайтын. Кенді қапқа салып, байыту комбинатына әкететін де, қалған жынысты қол арбамен сыртқа шығаратын. Еңбек армиясының осыншама ауыр жұмыстарын әкем 1941 жылдың қарашасынан 1954 жылдың тамызына дейін атқарды. 1949 жылы менің анам Жандыкенова Нұрзипамен бас қосты. Тұрмыстың ауырлығынан тұңғыштары бір жарым жасында шетінеп, төменгі лагерь кенішіне жерленді. Көккөл кеніші жабылған соң әкем Шындығатай кенішіне ауысып, онда тағы үш жыл жұмыс істеген. Зейнеткерлікке шыққанға дейін Катонқарағай ауданы Берел орман шаруашылығында орманшы болып істеді. Сегіз бала тәрбиелеп өсірді.
Көккөл шахтерлерінің лайықты бағасын ала алмаған ерлік істері тарих қойнауында қалды. Оларды ешкім елеп-ескерген де жоқ. Тек алыстағы тау арасында бұзылған шахталар, қаңыраған құрылғылар, қираған үйлер сол бір ауыр күндерді еске салғандай...