Мен – Алтайда туған албөрі,
Қасат қар асап, шөл басқан.
Аласарғанда ала таң белі,
Табанымнан тарам-тарам жол қашқан.
Қанша жортсам да табанқанымды,
Көбік қар жуған көпіртіп.
Тәңір сездіріп алаңдауымды,
Қанды қақпаннан секіртіп.
Жапалақ қарда жамылып түнді,
Несібемді түзден айырдым.
Тау бөктерледім, тағылық қылдым,
Бабалық жолым – байырғым.
Сіңіріп бойға бұла түнімді,
Сүрлеуімді ескі айқындар.
Ақ боран ап қашып сұрапыл үнімді,
Аспан қожасы – Ай тыңдар.
Тағы қып жаратқан Тағдыр–анамды,
Сыйлармын бойда жан барда.
Аласапыран қарлы боранды,
Бөлтіріктерім, арманда!
Бөрі болмайсың, армандамасаң,
Бұйрығы солай Тәңірдің.
Қасқыр боп туып, қарға аунамасам
Суып кеткені қанымның!
Жаңасібір әуежайы
14.10.2019
Сағ:21.21
Арғымақ күннің жалында өртендім…
Бұлағай шағында бұла дарынның,
Жүрек – жүгенсіз, құлын – асау ең.
Уа, пір баба, пірәдарыңмын,
Құдайдың сүйген құлына сәлем!
Құлдық ұрармын құбыла жаққа,
Құдай құрметтер бағымды ертең күн.
Ұлтымның түспес деп ғұмыры азапқа,
Арғымақ күннің жалында өртендім.
Топалаң той емес тобыр аңдыған,
Саяқтың мекені – Саятқорадай
Ой шумақтадым да Оғыландыдан,
Арманымды ысырдым аяққа орамай.
Салқын ақылды кеш ұққасын ба,
Осы бір мекенге қобалжып келем.
Шопан атаның мешіттасында,
Бір сөз бар еді, «о, ғаржық» деген.
«О, ғаржық» сонда оғыздан бе едің,
Тіркессің мүмкін, түркіден?!
Жеті жұрт кешкен теңіз дәуренін,
Ескерттің бәлкім, ілкіден?!
Тарихтың байқап аяқалысын,
Түбектің тінтіп табанын.
Маңғыстау, сенен мая дауысын,
Жүрекпен тыңдап барамын.
Құлшардың күйі құлақта тұнып,
Құла бір түзде томсардым.
Қарауыл қарап, құла атқа мініп,
Құбақан қырдан енші алдым.
Абыл күй – абыз, даламдағы – аңыз,
Сағаңда қандай сиқыр бар?!
Беу, ағайын-жұрт, алаңдамаңыз,
Құдірет жетер күй тыңдар!
Жеткенде жылжып күннің жұмасы,
Тілекті Тәңір иеме жетектеп.
Бәлкім, бұл күйлер – пірдің дұғасы?!
Бетімді сипадым, я, Бекет деп!
Еділде туған бір әуен
(баллада)
«Арғы жағы Еділдің бергі жағы»
Қазақ халық әнінен.
Елеңдеп осы әуенге ел құлағы,
Санамда әлі күнге жаңғырады.
Еңіреп қазақ, ноғай, татар, маңғыт,
Запыран, шер-күйігін зар қылады.
Сыбырлап сыр айтамын жанашырға,
Тарих солай дейді, нанасың ба?!
Еділде еншісі бар ел болармын,
Үкілі жеңгем қалса жағасында.
Қырымда Меңлі Герей үзеңгісін
шірейді, ширықтырып түмен күшін.
Үлкен Орда тағында Шейх Ахмет,
Сыпырса томағасын түлер құсың.
Манаурап таң атқанда мақпал қырдан,
Атағы қайталаудан жақ талдырған.
Кешегі Ұлық ұлыс мұрагері,
Дон менен Днепрге ат шалдырған.
Осынау мәңгі ертегім – сәнді өлкенің,
Тудырған небір ғажап ән көркемін.
Шейх Ахмет жанталасқан жаралы арлан,
Бағына жете алмай тұр хан Беркенің.
Көкқаршыға секілді шайқаған көк,
Шыңғыс қаған арманы – айтар ән боп.
«Қырым, Бұлғар, Мәскеудің арасында,
Алтын Орда айбатын қайтарам» – деп.
Бастағы бағаламай бақ-ырысты,
Ынтымақты ыдыратты жалын ішкі.
Мәңгі Темір жайқалтқан Ұлық Ұлыс,
Мәймөңке күйге түскен жалынышты.
Жошы хан жоралғы еткен күнді аңсауы,
Құрбандық құлақкесті құл мансабы.
Мың бес жүз екінші жыл көктем шыға,
Шайқалып хан тағының тұрған шағы.
Қаншама қоңсыласы Қырымға өтті,
Шейх Ахмет шаруасы қырын кетті.
Бөлініп басқақтар мен беклербегі,
Жарасын ішіндегі іріңдетті.
Елге ел қосылғанда құтқа айналар,
Елден ел бөлінгенде жұтқа айналар.
Қарашасы қағанын тастап көшсе,
Шырқырап шыбын жаны шықпай қалар.
Аттылы дос бола алмай арбалыға,
Көз жетіп дүниенің жалғанына.
Бағы орталап, бақанның басы айырылды,
Өткенде бір ханымы жау жағына.
О баста медет сұрап көк Тәңірден,
Көкбөрілік киемен топқа кірген.
Орданың ошағында от өлеусіреп,
Жығасы қисайғандай жетті әмірмен.
Күмілжіп көк жүзінде дамылдап Ай,
Көрмеді хан жарлығын Тәңір қолай.
Литва князі де кесірленді,
Үлкен Орда елшісін қабылдамай.
– Иілмес басты бүгін имендірдің,
Найзасының шашағы күйген дүрмін!
Көсеуін ербеңдеткен түрі жаман,
Кешегі босағамды сүйген құлдың, –
– деп күйіп, Шейх Ахмет шерден шөгіп,
Жүгінді таққа жақын төрді еңсеріп.
Сейт Ахмет бауырдан да қайыр болмай,
Келмеді көмекке ешбір қол мен шерік.
Әркімге жаман көпек етті де айтақ,
Тырнағы батқан көзден кекті байқап.
Лықсыған дарияның толқынындай,
Қырымның қалың қолы кетті жайпап.
Күткенмен отты қару, күш-көмекті,
Қасқырға қан жарасын тістелетті.
Мәскеудің он мың қолы келмесе де,
Мерейін Меңлі Герей үстем етті.
Елестеп көзге Ұлы тау сілемі,
Тағдырдың тырп еткізбей тар шідері.
Мәскеуге Меңлі Герей сүйінші айтқан,
Оқиға он бесінші маусым еді.
Қалды ма тіршіліктің енді мәні,
Ақырып арыстандай ер құлады.
Жалғаннан шаһид кешкен Шейх Ахмет,
Ұлық Ұлыс – Орданың соңғы ханы.
Туған жер, топырағың гүл тұмарлы,
Тірліктің жалғасады ғұрпы мәңгі.
Самара мен Еділдің жағасында,
Самаладай самсаған жұрты қалды.
Сол жұрттан бір ән шықты зары күшті,
Қамырықты ой, сарыны сағынышты.
Қысқа өмір түйініндей сыңсиды әуен,
Құс көңіл шартарапқа алып ұшты.
Жақсы әуен жалау болар жанға жауыр,
Арыстан айға шапса – арманы ауыр.
Толғайды сол бір әуен қысқа-нұсқа,
«Болмайды таста тамыр, ханда бауыр»!
Айырылып атамекен жерден алшақ,
Малынып елмен бірге терге моншақ.
Бәлкім бір қайыны салған әуен шығар,
Қырымға өтіп кеткен жеңгені аңсап?!
Кежімді әбзел ерттеп керкекілге,
Сарыжайлау салтанатын зерлі етуге.
Қазанын қайнататын берекенің,
Үкілі жеңгелер ғой жер бетінде!
Дүние баянсызын ер аңғарған,
Бүр жарып, бір жайқалу – томарға арман.
«Арғы жағы Еділдің, бергі жағы»,
Мұңлы бір сарын екен содан қалған.
…Қаймықпай ханның басын хан аларда,
Өлекшін өмір сыйлар абаданға.
Арманға бірге жеткен тағдыр қайсы,
Жалғанда ерін сатқан жар оңар ма?!
Адай жылқылы Бұғабай
Ресейдегі 80-90 шақырымдық ат бәйгелерінде қатарынан бес-алты рет озып келген Адай жылқысын көрмекке құмартып, сонау Түбектің табанында жатқан қияндағы Қызанға жол тарттым. Сарғат қыстағындағы атсейіс Бұғабаймен дидарғайып әңгіме.
Жылқысын жазы-қыс баққан,
Бәйгеге тізгін ұстатқан.
Лениннің томдығын,
Тамызық қылған қыстақтан.
Жылқышы шығып тісқаққан,
Әңгіме бастап іш тартқан.
Бозаң қырларды боздатты,
Бозторғай үркіп ұшқаттан.
Атамекені – бақ, бейіш,
Көңілінде жоқ жат кейіс.
Алшаңдап басар жөні бар,
Арғымақ баптар атсейіс.
Бәйгелі мезет – сыйлы сәт,
Көңілі көркем күйлі, шат.
Жылқышы ерге жараспас,
Әңгіме сиырқұймышақ!
«Жылқының сорын есекпен
аталастығы қорлайды.
Есектің бағын жылқымен
аталастығы қорғайды».
Азамат атанәсілді,
Бұғабай солай ашынды:
Ақтай алмайсың ешқашан,
Жылқыға жиен қашырды!
Саумалдай бойға тарайтын,
Жүректе сыры бар айқын.
Сорлыға жаны ашиды,
Соғым деп қана қарайтын.
Арғымақ аттай тыныстап,
Көсілді-ай, көкем дұрыстап.
Жылқы баласын қорлайтын,
Жылпосбайларға жыны ұстап!
Шетелден жүрген алғызып,
Сүйегі шата, қан бұзық.
Допинг, дәрі екпей-ақ,
Аталар көрген сан қызық!
Тарс айырылған талағы,
Ақалтеке мен арабы.
Аноооу, Шерқаладан жіберсең,
Қызанға жетпей қалады.
Ағылшын – келбет, келісті-ақ,
Орыста да көп желісті ат.
Аңызақ теңіз бойында,
Жаратып көрдім көп ұстап.
Ағылшын, орыс, арабы,
Шоқтай жанғанмен жанары, –
Шаңдақпен шапса егерде,
Тұмауратып қалады.
Жансерік болған шалдарға,
Таңды ұрып шабар таңдарға.
Жусанға ғана жусайтын,
Жабыдан артық мал бар ма?!
Жалына бабам артқан қол,
Өршеленетін шапқанда өр.
Көзімнің қуанышы ғой,
Көкмойнақтарым – қақпанбел.
Адырдан адыр орғыған,
Арғы атасы – керқұлан.
Аптабына күйдірем,
Аязына тоңдырам.
Ашамайсыз ұл мінгізем,
Тізгінін желге түргізем.
Ауыздықпен су ішкізем,
Екі езуін де тілгізем.
Тақымға басқан құрықты ер,
Қансорпа қылып мініп көр.
Күй талғамайтын ешқашан,
Осындай күйсіз күліктер.
Арманмен талай бақ құшпақ,
Ағылшын көрдім атты ұстап.
Жыра сап семіз шабады,
Жарату келмес қақпыштап.
Жел, күн тигізбей аяп қап,
Қатты мінбейсің таяқтап.
Топтан тез шығып қалады,
Топқазы, тобанаяқтап.
Өрісте үйірге ермейді,
Көбеңсіп мінсең терлейді.
Жұқалтаң келер терісі,
Суыққа шыдас бермейді.
Ойнақтап қанбас ойыны,
Ақырда ғана тойымы.
Қазмойын көрінгенімен,
Жерге еркін жетпес мойыны.
Жүрегің жаман шайлығар,
Тағы бір мұндай жайы бар:
Жылқыға тән жоқ қасиет,
Өз байталдарын қайырар!
Өзгеге сатпай көз құртын,
Сондықтан менің өз жылқым, –
Намысты қолдан берген жоқ,
Ресейде шауып кез дүркін!
Түбекті қыстап, жайлаған,
Қауымдап бие байлағам.
Сарыжайлауымның сәні осы,
Таңшымшықтары сайраған.
Азамат ерге бағы бар,
Бұйырған күні табылар.
Тесік өкпе, тар мықын,
Төменұршық жануар.
Арманды тіктеп ақсаған,
Ақандай сілтеп асқақ ән.
Төбеден Құдай ұрғаны,
Төбел тумаса қасқадан!
Айтқанда сырды жасырмай,
Бөтенкөздерге бас ұрмай,
Қаракөк, үзбей тұқымын,
Қылқұйрық құнын қашырмай.
Босағаға біткен нәр құтым,
Көкмойнақтан әлі бар тұқым.
Шашасына шаң тигізбес,
Шалдардан қалған сарқытым.
Шалқұйрықтарым, шаң қаппа,
Бас идім баба әруаққа.
Бұғабай айтқан сыр осы,
Саркідір қыстақ Сарғатта!
*. *. *
«Маңғыстаудың Қараойы-ай,
Кімге етермін аманат?!»
(«Көкмойнақтың үйірі» жырынан)
«Кең Маңғыстау, кең ием»,
Шалқыған теңіз – шалқарсың.
Маната менен Қаратау,
«Қара орманыңа қалқансың».
Кәлимаң кәміл жүректе,
Далиған көңіл дархансың.
Мейірімің аптаптай,
Қаһарлансаң – қаңтарсың.
Сегіз арыс адайдан,
Дұшпанға көзі қарайған,
Шеттеріңнен тарпаңсың!
Күйіне жаның тербелген,
Айбарланып келгенмен,
Әруақтардың алдында
Атыңның басын тартарсың?!
Жырауың мұртын майлатқан,
Шырайын жұрттың жайнатқан,
Шұрайлы мекен, шуақ таң,
Асқаралы биіктен,
Арқар ойнар тұрақтан.
Айрақтының басынан
Анадайдан мұнартқан.
Шымыраудың суындай,
Тіс сындырар бұлақтан.
Шариғаттан жүрекке,
Шалдарым жаққан шырақтан.
Керегежал сусыма,
Құмдарыңа құмартқан.
Абызым Әбіш жырлардай
Кесірткетұмсық қыраттан.
Көкмойнағың көрінер,
Түйемойнақ асудан,
Құланойнақ суаттан.
Тұлпар шығып шолақтан,
Сұңқар шығып шұнақтан.
Тыңдаушысын қуантқан
Айналайын, Маңғыстау,
Саған да біткен бір нәсіп
Бауыр да бүтін, бас аман,
Бұйыртқан жалғыз жасаған
Қашаған – өлең, жыр – Ақтан!
Абылдың жыры – әлхамың,
Қашаған жырау – қалқаның.
Тәңірдің сөзін сөйлеген
Тағдырдың тауыспай талқанын.
Тыңдаушы шөлі қанардай,
Ардың егесі Аралбай –
Қазына жырдан алардай
Қарашасы ақыл, хан тәлім.
Сәттіғұл ақын сөйлесе,
Алатау бұлғар қалпағын.
Шалдарым мінген күреңдей
Алты айшылық жол – алты адым!
Шалдарым, шабыт шалқарым –
Бітпейтін жырдың сарыны,
Бүлкілдеп тұрған қантамыр!
Бекет атаның қасында
Отпан тауыңның басында,
Сексеуіл көзі шоқтанар,
Бөрілер ғана топтанар.
Найзағай намыс ерлерің
Дұшпанға кеткен кекті алар.
Ал, ездік кетсін өзімен
Қарғаның көзі боқ табар.
Астамсынған пендені,
Тәңірдің өзі ноқталар!
Әруақты ерлерді ұмытсаң,
Ақырет күнде сот болар.
Болашақтың аузымен
Ақынның ары жоқталар.
Тарихыңды ұқпас тасырлар
Түйеге мініп жоқ қарар.
Домаланған қаңбақ күн,
Қара жерде қазық бар
шалынған күні тоқталар.
Адам түгілі мал соймас
Жайшылықтағы қанжардың
Қан жүзі қара тоттанар!
Неше бір дүрлер сенде өтті,
Азуын айға білетіп,
Айқасуменен күні өтіп.
Бескүндігіңе бар ма өкпең,
Бесігіңде бес түлетіп.
Сапарда жүрген шағыңда
Арудың жанын жүдетіп,
Тәңірден ақ жол тілетіп.
Желкілдеп келген байрақпен,
Жігерін жаудың құм етіп.
Өткеніңе солай тамсанып
Өткеліңе қызыр түнетіп.
Сарғайып тұрар бір ақын,
Сағана тамға жыр оқып.
Маңғыстау, Түбек – маң дала,
Маңыстап жатқан нұр аймақ.
Сағындырарсың жыл, айлап.
Түпқараған қара шаңырақ,
Түп атаң айтқан жыр әйбат.
Жылғаңда толы шежіре
Жыңғылды мекен – құройнақ!
Келімсектер кетсін жөнімен
Тұнығыңды жатқан лайлап.
Ерлерің аман тұрғанда
Азу тісіңде Ай жарқыл,
Күрек тісіңде күн ойнап!
Бізге де бір күн кез келер,
Дариядай толқып сөйлейтін,
Дарытқан күні Құдай бақ!
Дәулеткерей КӘПҰЛЫ