Қабдыраш Мусин 1919 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданының Өрел ауылында ауқатты отбасында дүниеге келді.
Әкесі Мұса қара қылды қақ жарған әділ би, анасы әділ, турашыл мінезімен көпке сыйлы болды. Ауыл үй арасындағы уақ –түйек даулы мәселелерді шешу үшін ауылдастары анасына келіп жүгінетін. Отбасында бес ұл, бір қыз дүниеге келді. Қабдраш отбасындағы екінші бала еді.
Заман қиындап 1930-1933 жылдардығы аштық кезінде үлкендерден қалыспай жұмыс істеді. Отбасын асырап отырған қолдағы бар малды қарау Қабдраштың үлесінде еді.
Тұрмыстары ауқатты болғандықтан Мұсаның отбасы саяси қуғын - сүргінге ұшырап, малдары тәркіленді. Мұса атылып кетті, балаларын құтқарып қашпақшы болған анасы ешқайда кете алмады. Тағдырдың жазғанына көніп, Қабдраш анасы екеуі бауырларын асырау үшін небір қиындықты бастарынан өткізді.
Ұлы Отан соғысы басталғанда Қабдыраш 23 жаста болатын. 1942 жылдың жазында армия қатарына шақырылып, майдан даласына бет алды. Алайда олар майдан шебіне жете алған жоқ. Оларды тиеген эшалон Еңбек армиясында жұмыс істету үшін Қарағанды қаласындағы шахтаға тастап кетеді. Қабдыраш шахтада, зауытта жұмысшы болып істейді.
Шахта жұмысшыларының тұрмыстық –материалдық жағдайлары өте төмен болды. Олар Арқаның аязында тоңып, аш-жалаңаш жүрсе де Отанға қажет көмір, газ, қорғасын өндіру жолында жан аямады. Ауыр жұмыс пен жоқшылық Қабдыраш Мусиннің денсаулығына әсер етпей қойған жоқ. Әскери госпитальда алты ай жатып емделіп, еңбекке жарамсыз болып елге қайтады.
Соғыс уақыты, жұмыс күші жетіспей жатқан кезде Қабдраш үйде тыныш жата алмай Көккөль руднигіне (Катонқарағай ауданы) жұмысқа шығады. Көккөл кеніші вольфрам концентратын өндірген. Өндірілген өнім соғыс мақсатына, танктердің бронін бекітуге пайдаланылған . Көккөл кеніші туралы «...Көккөл әлгі адамдардың өміріндегі ең азапты, бейнетті жылдары болған екен ғой… Бейнетті болғаны соншалық, Көккөлді артық рет еске алудың өзі жандарын жаралағандай. Зіл батпан сол азапты арқалап өткен ағаларымыз түгелге дерлік өмірден озып кетті. Өкініштісі – бәрі де ерте кетті. Көбісі қырық пен елудің ішінде, ұзағаны алпысқа жете жығылды. Көккөлден соң өмір бойы көксау боп қалған менің Уатай атамның өзі әйтеуір өзін-өзі күткенінің арқасында (екі жыл ғана шахтер болған, қалған уақытта ұсталық жасапты) алпысты еңсеріп барып көз жұмды ғой. Бәрінің дерті біреу еді – ол “селикоз” болатын.»- деп еске алады жазушы жерлесіміз Әлібек Асқаров. Сол 60 жастан аспағандардың бірі - Қабдыраш Мусин еді.
Қабдыраш 28 жасында Баянбаева Кәмашқа үйленіп, бес бала тәрбиелеп, барлығына жоғары білім берді. Денсаулығының жоқтығына қарамастан бала –шағасын асырау үшін еңбектен бас тартқан емес. Алайда еңбек армиясындағы ауыр жұмыс Қ.Мусиннің денсаулығына әсер етпей қойған жоқ. 1979 жылдың 9 желтоқсанында 60 жасқа да жетпей өмірден өтті.
Бүгінде балалары әкелерінің қажырлы еңбегін, берген тәрбиесін құрметпен еске алып, жетістіктері мен бақуатты тұрмыстарын көре алмай кеткеніне өкініш білдіреді.