Клементина Райш 1920 жылы Поволжьеде неміс отбасында дүниеге келді. Оның Ефросинья, Альбина деген апайлары, Виктор деген ағасы болды. Балаларын қамқорлыққа алып, өмірдегі қиыншылықтан қорғай білген аналары Елизавета Яковлевна 1941 жылы ел басына күн туған кезеңде отбасын депортациядан құтқара алмады.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған соң батыстағы неміс отбасылырын дереу шығысқа қоныстандыру қолға алынды. Қоныс аудару өте қиын жағдайда өтті. Барлық неміс отбасыларына тез жиналып, ең қажет заттарын алып, бір тәулік ішінде дайын болу тапсырылды. Азын аулақ ірі қарасын өріске айдап салып, тауықтарына соңғы рет жем шашып шығысқа бет алды.
- Біз ұзақ уақыт Каспий теңізінде баржамен жүздік, – деп еске алады Клементина Николевна - қолымда Поволжьеде туған кішкентай ұлым бар, Бізді Шығыс Қазақстан облысына бөлді. Бірден колхоз жұмысына - қызылша мен көкөнестер жинауға жіберді. Жұмыс өте ауыр еді, бірақ Клементина одан да қиын сынақ күтіп тұрғанын сезген жоқ. Депортацияға ұшыраған неміс отбасылары үшін арнайы ереже бойынша үш жасқа дейінгі жас баласы бар әйелдер отбасында басқа балаға қарай алатын адам болса баласын соған тастап еңбек армиясына баруға міндетті болды. Егер күйеуі орыс ұлтынан болса, еңбек армиясына алынбайтын еді. Клементина 1941 жылы жас баласын шешесіне тастап, Свердловск облысына еңбек армиясын жіберілді. Сол кеткеннен Свердловск облысы Карпинск шахтасында адам төзгісіз жағдайында көмір қазды. Отбасынан күшпен ажыраған Клементина үшін ең ауыры - екі жасар ұлымен айрылысу еді.
- Біз көмір қаздық, оны тасып әкету үшін темір жол рельстерін төседік, ішер асымыз, киер киіміміз болмаса да жеңіс үшін күн-түн демей еңбек еттік. 1945 жылы соғыс біткен соң жұмысымыз сәл жеңілдегендей болды. Сол кеткеннен 1956 жылы ғана еңбек армиясынан босады. Александр Райшқа тұрмысқа шығып, үш бала дүниеге келді. 1957 жылы күйеуі қайтыс болған соң, үш баласымен Өскемендегі туыстарына келуге мәжбүр болды. К.Н. Райш өмірдің небір қиыншылықтарын көрсе де сынып кетпеді, адамгершілігін жоғалтпады. Клементинаны таныстары адамгершілігі жоғары, еңбексүйгіш, мейірімді жан деп біледі. Ұзақ жасаудың сыры да осында болса керек....
Биылғы жылдың қыркүйек айында қандай қиындық болса да мойымаған, кектенбеген осы бір қарапайым неміс әйелінің туғанан 100 жыл толмақ.