kl kz



>
Шығыс Қазақстан Интернетте
Мәдениеті мен өнері
Туристерге
Тарих беттерінен
Маңызды оқиғалар
«Туған өлкем – тұнған тарих» дәрістер циклы
ШҚО ауылдарының тарихы
Өскемен жайлы не білесіз?
Өскемен қаласының тарихы
Өскемен қаласындағы көшелер тарихы
Ескерткіштер
Аудан паспорттары
Шығыс Қазақстан облысы
Шемонаиха ауданы
Өскемен қаласы
Риддер қаласы
Алтай ауданы
Глубокое ауданы
Зайсан ауданы
Катонқарағай ауданы
Күршім ауданы
Марқакөл ауданы
Самар ауданы
Тарбағатай ауданы
Үлкен Нарын ауданы
Ұлан ауданы
Семей қаласы
Курчатов қаласы
Аягөз ауданы
Абай ауданы
Бесқарағай ауданы
Бородулиха ауданы
Жарма ауданы
Көкпекті ауданы
Үржар ауданы
Уланский район
Урджарский район
Шемонаихинский район
Алтын Алтай фольклоры
Алтай аңыздары
Шығыс Қазақстанның музыкалық мұрасы
Шығыс Қазақстанның әдеби мұрасы
Өлке табиғаты
Табиғи қорықтар
Табиғи ресурстар
Шығыс Қазақстанның 25 ғажайып орны
Шығыстың шипажайлары
Барлық-Арасан шипажайы
«Баян» шипажайы
Рахман қайнары
Уба шипажайы
Киелі орындар
Абылайкит
Берел қорымы
Қоңыр әулие үңгірі
Шілікті алқабы
Ашутас
«Алаш арыстары» үйі (Семей қ.)
Семей полигоны құрбандарына арналған «Өлімнен де күшті» монументі (Семей қ.)
Ф.М. Достоевскийдің әдеби-мемориалды үйі (Семей қ.)
«Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені
Қозы Көрпеш пен Баян сұлу мазары
Мұзтау
Соғыстың цифрлық жылнамасы: Шығыс Қазақстанның 1941-1945 жылдардағы ҰОС Жеңісіне қосқан үлесі туралы
Кеңес Одағының батырлары
Даңқ орденінің толық иегерлері
Брест қамалын қорғауға қатысқандар
30 - Гвардиялық дивизия
Жасырын партизандар
Еңбек армиясына қатысқандар
Тылда да Жеңіс шыңдалды
Ақын және майдангер-жазушылар кітаптарының виртуалды көрмесі
Соғыс ардагерлерінің естеліктері
Өлкетану альманағы
Өлкетану альманағы 2024
Өлкетану альманағы 2023
Өлкетану альманағы 2022
Өлкетану альманағы 2021
Өлкетану альманағы 2020
Өлкетану альманағы 2019
Өлкетану альманағы 2018
Өлкетану альманағы 2017
Өлкетану альманағы 2016
Өлкетану журналы 2014
Өлкетану альманағы 2015
Өлкетану альманағы 2013
Әріптестеріміздің шығармашылығы
Геология
Өлке зерттеушілері
Тарих. Этнография. Мәдениет
Қаламгерлер жайында
Білім беру
Ономастика
Дін
ҰОС жылдарында (1941-1945) ЕҢБЕК АРМИЯСЫ қатарында болған шығысқазақстандықтар
Бейнетоптама
Шығыс Қазақстан әдебиеті
Шығыс Қазақстанның әдеби және есте қаларлық орындары
Фэнзин фантастикалық журналы
Виртуалды көрмелер
Қ. Мұхамедханов: библиографиялық көрсеткіш
Экран дикторы

linka

Kaisenov K«Украина» мейманханасының бесінші қабатындағы екі бөлмелі люкс-нөмірге орналасып, жол киімдерімізді ауыстырып, жуынып-шайынып алуға кіріскеніміз сол еді, екі бөлмеге ортақ дәліздегі сары тумбочкаға қойылған, аршыған жұмыртқадай аппақ сопақша телефон ішіне жел қарысқан балаша шырқырады. Қалааралық телефон ғана сөйтіп қағынушы еді, бұл, сірә, бұл бөлмеден кеше кетіп қалған кісіні бүгін іздеп жатқан шалғайдағы біреудің қоңырауы шығар-ау деп, тұтқасын көтердім. Арғы жақтағы біреу: «Вася! Вася!» деп аптығып, тіпті тұтқадан тырбаңдап шыққалы жатқандай боп елестеді көзіме.

– Васяңыз кетіп қалғалы неше күн болғанын бір құдай білсін, – дедім мен.

– Вася ма?! Ол жаңа ғана келді дейді! Тез шақырыңыз! Маған Вася керек! – дейді анау. Ер адам ғой, өктем сөйледі.

– Васяңыз жоқ, кеше кетіп қалған сияқты, – дедім.

– Ол сонда! Қайсенов! Қасым Қайсенов!

– Қайсенов бар... – Тілімді тістей қойдым. Қаскеңнің партизандық бүркеншек аты «Вася» болғанын ұмытпайтын жерде ұмыта қалғаным ұят болды-ақ!

– Оны телефонға шақырыңыз!

– Қазір... ә, ол кісі, кешіріңіз, ол ванна бөлмесінде жуынып жатыр еді...

– Жуынбай-ақ қойсын! Ол бәрібір ағармайды! «Жуынбай-ақ қойсын» деп айтты деңіз! Біз қазір келеміз! – Тұтқаның «бип-бип» дегені «кетті, кетті» секілденіп естілді маған. Киевтің телефондары ерекше шырылдайды екен, бипылдауы да біртүрлі.

Қаскең жуынып шықты. Қалың шашын түкті орамалмен орай сүрткілеп тұрып:

– Сәбеңше айтқанда, бала, дұрыс болды. Сәбит Мұқановтың не айтсаң да «дұрыс» деп тұжырып қоятын әдеті бар еді. Біздің Днепрдің суы сенің Ертісіңнің суынан осал емес, шырағым, – деп әзілдеді.

Мен оған бір кісінің телефон шалғанын мәлімдеп, сәлемін қаз-қалпында жеткіздім. Қаскең бөлменің шаңырағын шеңбірек атқызардай жойқын қарқылына басып алып:

– «Жуынбай-ақ қойсын, бәрібір ағармайды» деді ме? Ә, ол Алеша болды. Сол, сол, Алеша! Ол ылғи сөйдейтін баяғыда. Ал біздің келгенімізді ол қайдан білді, кімнен естіді? – деді де, сүртіне жүріп көше жақ терезеге барып төменге, жолға қарағандай әрекет жасады. Терезені ашпастан арғы жағына, оның өзінде де бесінші қабаттан сонау жердегі кісіні қарап көрмек болғанына таңданып мен тұрмын. Зәулім бесінші қабаттан қарағаныңда (мейманхананың әкімшілігі, оны-мұны қызмет орындары орналасқан 1-қабатының өзі жайшылықтағы үйдің үш қабатына теңдес, яғни біз сегізінші қабаттың шамасындамыз) жерде кетіп бара жатқан пенделердің қайсысын танып қарық боларсың! – Сол иттің тыңшылары көп шығар әлі де, апырым-ай, өзінің білмейтіні де, естімейтіні де жоқ, – деді де, Алешасына байланысты партизандық бір жәйттер есіне түскендей жымыңдап жүріп киіне бастады.

Арада жиырма минуттай уақыт өткен кезде дабырлап сөйлеп, дуылдап күліп төрт кісі опыр-топыр кіріп келді де, өздеріне қарсы ұмтыла берген Васяларын бассалып құшақтап, бесеуі балаша аймаласып, сүйісіп, мәз боп күлісіп, әзіл де айтып үлгірді:

– Бір қабат терің түскенше жуынғаның неткенің?

– Ұрланып келгенді қашан қоясың?!

– А, Алтайдың қара аюы, қолға түстің бе?!.

Әлде заманда сағыныштары сабаларына түсіп, бесеуі де жаяу жарыстан жеткендей ентігіп-алқынып тұрып, есен-саушылық сұрасты:

– Ася келді ме?

– Ұлдарыңды әкелдің бе?

– Әкең аман-есен бе?

– Мына жігіт кім болады? – деп біреуі маған бұрылып келіп қолын ұсынды. – Сәлеметсіз бе, бейтаныс жігіт. Біздің «концертіміз» сізге ұнады ма? – деді ол жылы жымиып. Басқаларымен де амандастым. Қаскең мені оларға таныстырды, бірақ оларды маған таныстырған жоқ, олардың да ешқайсысы мен пәленбаймын демеді. Е, партизандардың «тәртібі» солай шығар деп ойладым. Әйтсе де, келген төртеудің түр-түстерін шырамытқан жайым бар, себебі Қасекеңнің партизандық өмір кітаптарының қай-қайсысы да ондағы кейіпкерлердің фотосуреттерімен шықты ғой, Қаскеңнің кешегі қарулас дос-жолдастарымен сырттай таныспыз емес пе?! Алешасы – партизан жасағында хирург болған Алексей Васильевич Крячек. Кітаптағы бейнесінен көп өзгермеген. Ал мәз-мәйрам боп күле бергені болмаса, көп сөйлемеген қалқан құлақ жастауы Василий Павлович Яковенко, барлаушы болған, кітаптағы суретінен аумайды.

– Әйда, кеттік, киініңдер, біздің үйге барамыз! Вася, кеттік! – деді Алексей Васильевич.

– Кеттігің не? Қазір үстел жасаймыз, сендерге қазақтың колбасасын ала келдім, «Жеңіс» деген коньягымызды ішесіңдер, «Жеңіс» деген – «Победа» деген сөз! – деді Қаскең.

– Жо-жоқ, Вася, оларыңды қоя тұр, ертеңге қалдыр, бәріміз түгел жиналған соң болсын...

– Әй, ертең де...

– Вася, қымбаттым, осы сен қашанға дейін командир боласың! Біз де командир болып бір көрейікші, құдай ақына! – деді Алексей Васильевич. Бәрі дуылдасып күліп, «айда, кеттік!» десіп, бөлмеден ошарылып шыға берді. Қосақ арасында мен де кеттім, қалуыма рұқсат болмады.

Олар Алексей Васильевичтің жеке меншік «Волга» автомашинасымен келген екен, төртеудің орнына енді алтаумыз сығылысып мінгенде байғұсың мықшиып-ақ қалған шығар.

– Үйге жеткенше, әйтеуір, артқы екі доңғалағы бүктетіліп қалмаса екен! – деді иесі от алдыра беріп. Мотордан бұрын күлкі «от алды» тағы.

– Алеша, әлгі фрицтерден қашқандығыңдай аянба, бауырым, әйтпесе ГАИ-дағы құдаларың ұстап алар да, «әй, бар-жоғы алтау-ақсыңдар ма?» деп құдағиларыңа алып барар! – деді Яковенко. Қарқылдаған күлкіден машина қақырап кетердей болды.

Алексей Васильевичтің үйі.

Жеке меншік машина бәсекелі байлықтың басы болып бара жатқан бүгінгі берекелі шақта машиналы үйде адамның жанынан басқаның бәрі бар деген ұғым қалыптасқан ғой. Кейбір ретте ол рас та шығар, бірақ Алексей Васильевичтің үш бөлмелі үйінің көркі мен сәні суреттер мен кітаптар екен! Көрмеге қойғандай жалтырап көзге ұрып тұрған қисапсыз ыдыс-аяқ та, әлем-жәлем кілем де жоқ. Қарапайым ғана тұрмыс.

– Кемпірім деревняға, балаларға барып келуге кеткен еді, немерелері жібермей жатқан сияқты, ах, күшіктер-ай! – деп үй иесі немерелерін көріп тұрған жанша жылы жымиып қойды. – Коля, не ғып тұрсың, шақыр бәрін штабқа! – деді сонсоң жолдастарының біріне.

«Штабқа» жиналғандар ортаңғы кең бөлмеге лық тола жайғасты. Түйістіріп қойылған ұзын екі үстелде дәм мол.

– Бүгін горилка ғана ішеміз, ә? – деп қауға сақал қарт білектей мұртын бір сипап, ақ арақ бөтелкесіне қол созды. – Есіңде ме, Вася, Оборово селосында Костя Спижевой, Гриша Алексеенко үшеуің горилкаға тойып алып... – қарт сөзін аяқтай алмады, ду күлген көпшілікке қосыла ол да ішек-сілесі қата күлді.

Менің есіме Қаскеңнің «Жау тылында» кітабында әңгімеленетін «Қауіпті тапсырма» деген оқиға түсті.

– Шіркін, жастық шақ сондай тентектігімен де қымбат-ау, а?! Сол кездерде ажалмен қанша рет бетпе-бет келіп жүрсек те, қайсыбір сәтте ажал құрығырыңды алжыған кемпір ғұрлы елемеуші де едік, – деді қара бұйра шашты, шикіл сары өңді, толықша денелі әйел ойлана сөйлеп, алдындағы тәрелкенің жиегін сұқ саусағымен баяу сипай отырып. – Содан бері де талай уақыт өтті-кетті. Жыл көбейіп, біз азайып...

– Сарыуайым, сарыуайым, бізден аулақ жүргейсің сен! – Әйелдің оң жағында отырған қоңырқай өңді жігіт ағасы көршісінің сөзін әдейі бөліп, сөйлеп кетті. – Азаймау қолдан келмеген соң, азайып бара жатқанымызға өкінбеуге тырысайық, Катюша! Бір есептен, азайған сайын қадірің артатын да болады.

– Уа, данышпан-ай!

– Тым ерте қымбаттап қайтесің сен?!

– Коля-Миколаның қалжыңы мен шынын әлі де ажырата алмай жүр екенсіңдер ғой, – деп Қаскең жымиды.

– Есіңде ме, Вася, көк орманда екеуміз фрицтердің қоршауында қалып, ол жексұрындар дәл екі жүз партизанды қоршағандай-ақ орманды өлермендене атқылады емес пе? – Үй иесі дөңгелек көзі күлімдей сөзге араласты. – Фрицтер біздің екеу-ақ екенімізді шынында білмеді, көз байлана бастағанда орманға өңмеңдеуден тиылып, алыстан атқылап-атқылап қойып, тездетіп шегінуге кірісті, орманнан жарықта олжа таба алмағаннан кейін өздері бассауғалауды ойлады. Олар атқылауды тоқтата берсе болды, – Вася бәлемдерді қазақша-украинша тұздықтап сыфбап айқай салады да, гранатаны оңды-солды лақтырады. Фрицтер тағы оқ жаудырып шала бүлінеді, біз енді бар даусымызбен қарқылдап кеп күлеміз. Васяның күлкісін өздерің білесіңдер, Запорожьенің айғырынша арқырағанда орман іші жаңғырып кетеді де, кемінде елу-алпыс кісі күлгендей болады. Ақыры немістер біздің қай тұста, неше кісі екенімізді біле алмай, түнгі орманға кіруден және қорқып, не керек, ақымақ боп кетіп тынды, ал біз содан Панитов орманына өтіп, отрядқа барып қосылдық. Вася, сен сол сапарымызды неге жазбағансың, ешбір әңгімеңде жоқ қой?

– Крячек екеуміз пәленбай фрицті алдап соғып, әрі пан комендантты тұмсығынан сүйкедік, отыз шақты полицайдан құтылып кеттік десем, оған кім сенеді? – деді Қаскең.

– Сенбегендер сенбей-ақ қойсын, шындықты бәрібір айту керек!

– Жоқ, достарым, мен өзіміз істедік екен деп өзгелер сенбейтін оқиғалардың ешқайсысын жазған жоқпын және жазбаймын да!

– Сол дұрыс! – Мүйіз көзілдірікті, қоңқақ мұрын сида кісі Қаскеңе қарап бас изей сөйледі. Әу баста тартпақ болған, бірақ «шылым шегуге тиым салынсын!» деп «қаулы қабылданған» соң тұтатпай, алдына тастаған сигаретін сұқ саусағымен әрірек жылжытып қойды. – Отряд боп басымыз құралғанша жалғыз жүріп те, екеу-үшеу жүріп те фрицтердің зәре-құтыл алған талайың отырсыңдар осында. Жүз жасағыр жеке батырларым-ау, бәріңнің барлық еңбектеріңді жазып бітіру мүмкін бе? Вася дұрыс айтады, қаншама шындық болса да, пендешілік көңіл сене қоймайтын жәйттерді жаза беру қиын. Соғысты көрмегендер, партизан жорығынан хабарсыздар: «Е, мынау біраз өтірікті сықпыртыпты!» деп күлер де.

– Ә, қойшы!

– Есіңде ме, Вася, жау тылына үшінші рет тасталғанымызда төртеумізді жел төрт жаққа әкетіп, белгіленген жерде үшеуміз жетінші күні әрең табыстық та, Гена хабар-ошарсыз кетті ғой... Сол жолдасымыздан күні бүгінге дейін ешқандай дерек жоқ, біз де іздестірдік, туыстары да жазбаған жер қалдырмады, – не өлінің, не тірінің есебінде болмай шықты.

– Білем ғой, – деді Қаскең күрсініп. – Ол соғыста ұшты-күйді жоқ болғандар аз дейсің бе. Басып алған жерлерінде фашистер не істемеді. Атып-асқаны былай тұрсын, біздің адамдарды ондап, жүздеп мектепке, не шіркеуге қамап, бала-шаға деместен тірідей өртеп кеткендерін осы отырған өздеріміз талай көрдік қой?! Біз азат еткен селолар мен деревнялардың, хуторлардың кәрі-жасы фашистерден көрген қорлықтарын айтқанда біз де қанжыламаушы ма едік?! Ал солай өртелгендердің кімдер екендерін анықтай алып па едік?..

Кешегі партизан жігіттер мен қыздар, бүгінгі ақ шашты ағалар мен апалар енді біразға дейін үнсіз отырысты. Көздерін төмен салып, көңілдері құлазып отыр. Ол анық. Қаншама серіктерінен, дос-жолдастарынан, туған-туысқандарынан, таныстарынан айрылды бұлар? Ғасырымыздың тарихына қанды ізін тастаған гитлершіл малғұндар жасаған сойқандық, айуандық, жауыздық немен, қалай өлшенбек?!

– Есіңде ме, Вася... – Басына қызғылт капрон орамал тартқан арық әйел сынық үнмен сөз бастап, жаңағы орнай қалған ауыр тыныштықтың пердесін сәл ысырғандай болды...

Сол бір жорық жылдары мен жолдарындағы күйініш-сүйініш те, қауіп-қатер де, тәуекел де, өкініш те, шүкіршілік те – бәрі де Васяның есінде.

Жау тылына алғаш аттанарында генерал Строкачтың: «Партизан жолдастар, достар! Сендер жау тылына бара жатырсыңдар, сапарларың сәтті болсын, саптарың сиремесін! Жау қолына қапылыста түсіп қалған, алайда басқыншыларға өшпенділігін ортайтпаған адамдарымызға Партия мен Үкіметіміздің, Отанымыздың ыстық сәлемін жеткізіңдер! Фашистерге ту сыртынан соққы беріңдер! Біз жеңеміз!» – дегені әлі есінде.

Днепрдің жағасында жолығып: «Екі ұлым да Қызыл армияның қатарында. Келіндерім мен немерелерімді фрицтер атып тастады!» – деп сақалын жас жуған Микола атайдың тәлтіректеген кейпі әлі көз алдында.

Он бір жастағы Мишасын фашистердің айуандықпен тілгілеп өлтіргенін айтып күңіренген Иван Гаманға жұбату айтып тұрып, өзінің де егіліп жылағаны есінде.

Қарулас достарының қаншасы Ұлы Жеңіс күнін, өздері жақындатқан Жеңіс мерекесін көре алмай қыршын кетті...

Бәрі де Васяның есінде.

Партизандардың қолына түсіп қалғанда тесік таба алмай жанталасқан полицайлар мен коменданттар да есінде! Туған елін, туған жерін, туған-туысқандарын сатып, фашистердің табанын жалап құл болған, ал партизандардың алдында: «атпаңдаршы, кешіріңдерші!» деп зар илеп, жыланқұртша жер бауырлап жалынып-жалбарынған жексұрындар да есінде!

– Есіңде ме, Вася...

Қанқұйлы басқыншы жауға қарсы күресте мақсат-мүддесі, парыз-міндеті бір болған Батыр достары Иван Кузьмич Примак, Емельян Демьянович Ломако, «А, казахский народ, как дела?» деп қарсы алатын қаһарман Сидор Артемьевич Ковпак, әрқашан балаша арсалаңдап жүретін Аркашка Гаспарян – жүздеген, мыңдаған жорықтастары түп-түгел есінде.

...Партизан достардың құшағы таң қылаң бере ғана жазылды. Құмарлары қанғанша естелік әңгіме шертісіп, жорық жырлары мен Жеңіс әндерін шырқасты. Бірде көңілдері көл болып шалқыды, бірде кірпіктерінен ірі тамшылар үзіліп-үзіліп түсті... Адамға ғана тән алау сезімді күй кешісті.

Мейманханаға жақындай бергенімізде Алексей Васильевич машинасының екпінін сәл баяулатты да:

– Есіңде ме, Вася, сендер Ходорово селосында орналасқан жау комендатурасын талқандап қайтқандарыңда сендермен бірге отрядқа келгендердің арасында жұдырықтай ғана бір шал болған еді ғой, кейінде оны «Алып атай» деп әзілдеп атап жүрдік қой? – деді. – Байғұстың бала-шағасын фрицтер қырып тастаған екен. Соғыстан кейін бір жесір келіншекке үйленіп, Киевке көшіп келіпті. Сол «Алып атаймен» былтыр мына мейманханада ойда жоқта кездесіп қалғаным! Шұрқырасып табысып, біраз шүйіркелестік. Сөйтсек, оның кемпірі осы мейманханада қойма кілтшісі екен, төсек-орын, ыдыс-аяқ жағына иелік етеді. Ол сені сырттай, әрине, жақсы біледі, кітаптарыңдағы суреттеріңнен таниды. Сенің келіп түскеніңді бізге сол хабарлады емес пе?!

– Ай, Алеша, сен бейбіт уақытта да тыңшы-байланысшы ұстайды екенсің ғой! – деді Қаскең.

– Е, сенің қол астыңда болдық қой! – деді Алексей Васильевич.

Қарқылдаған күлкі Киевтің таңғы ауасын «тас-талқан» етті...

Бұл 1977-жылдың күзінде, қыркүйек пен қазанның өліарасында болған еді. Қаскеңді оның кешегі қарулас досы, Кеңес Одағының Батыры атағын екі мәрте алған авиация генералы В.Лавриненков қонаққа шақырып, мен еріп барғанмын. Мақсатым – қаһарман ағаның партизандық өмірінен хикая (повесть) жазу болды. Бірақ, өкінішке қарай, ойым іске аспады. Оның себебі – өзім көріп-білмеген, басымнан кешпеген оқиғаны жазу менің қолым еместігіне көзім әбден жеткені. Оның алдында немере ағайым (ұлы атамыз бір) Кеңес Одағының Батыры Ізғұтты Айтықов жайында кітап жазуға құлшынып, оның әскери өміріне қатысты ақпардың бәрін жинап алсам да, өзімді қанша қинасам да, ештеңе шығара алмағанмын.

Қаскеңмен ұзақ жолға шыққаным бір бұл емес. Танып-білгеніме, міне, елу жыл десем, бұл мерзімде қуанышына ортақтасып, ренішісін де бөлісіп дегендей, әрқашан төңірегіндемін. Даңқты аға: «Әй, золотой!» деп, немесе «Әй, дорогой!» деп аңқылдап жүреді. Кесек тұлғасына кішік мінезі жарасады. Рас, кейде жоқтан өзгеге бұрқ-сарқ болып қалатыны да бар. Онысы да өзіне жарасатын тәрізді, меніңше. Батырдың ашуы да өзгеше болуға тиіс шығар деп ойлап отырамын ондайда. Бірақ ұсақ-түйекке емес, ашуланбауына болмайтын жәйтке ғана ренжімес пе деп те ойлаймын.

1975-жылдың наурыз айы ортасынан ауа бере, бір күні Қаскеңнің үйіне бардым. Жеңістің 30 жылдығына арнап ол кісі туралы "Қазақ әдебиетіне" мақала жазбақшы едім. Есен-саулық сұрап, енді шүйіркелесе бергенімізде телефоны шылдырлай жөнелді. Трубкасын көтерген Қаскең: – Алло!.. Да, да!.. Қасым Қайсенов слушает!... Здравия желаю, товарищ генерал-майор!.. Вас так же!.. С кем?.. Маршал Гречко? Андрей Антонович?.. Хорошо, хорошо!.. – деп, үні ашылып, бізге жағалай қарап қойды. Жүзінде толқу, қобалжу нышаны пайда бола қалған. – Да, я – Касым Кайсенов, товарищ Маршал Советского Союза!.. Здравствуйте, Андрей Антонович!.. Спасибо, спасибо!.. Я тоже поздравляю Вас наступающим Днем победы, желаю крепкого здоровья!.. Я?.. А операция «Белая Таня?».. Пришлось... было... А что там особенного, товарищ Маршал?.. «Спасибо!.. Хорошо... обязательно, Андрей Антонович!.. До свидания!..

Қаскең трубканы орнына жайлап қойып, бізге қарап балаша күлімсіреді. Үй іші дуылдап кетті. Бәріміз де елең етісіп, демімізді ішімізден ала тыңдап қалғанбыз-ды. Енді:

– Маршал Гречко ма?

– Министрдің өзі ме?

– Ғажап болды ғой!

– Адресті, телефонды қайдан біледі?

– Шынында да керемет болды-ау! – десіп, қуана дабырластық. Қаскеңнің жұбайы – Асыл апамыздың да, Қаскеңнің әкесі – сексен бес жастағы Қайса ақсақалдың да көздеріне меруерт тамшы іркіле қалғанын байқадым (менің де көңілім көкке көтеріліп кетіп, сол кеште «Маршал Гречко телефон соқты» деген мақала жаздым).

«Белая Таня» операциясын жүзеге асырудағыдай тапқырлық, тәуекелі мол ерлік Қаскеңнің партизандық төрт жыл өмірінде көп болған. Оны жазушы Қасым Қайсеновтің қаламынан шыққан кітаптарды оқыған жұрт жақсы біледі. Ол ерліктер: жаңағы Маршал А.Гречконың «Карпаттан асу», жоғарыда айтылған генерал В.Лавриненковтың «Аспанға қайтып оралу», әскери тарихшы Г.Уткиннің «Шығыс жотасына шабуыл», басқа да мәскеулік, украиндық, ленинградтық қаламгерлердің, тарихшылардың еңбектерінде, қазақстандық Әзілхан Нұршайықов, Сағи Жиенбаев, Тұманбай Молдағалиев, Сабырхан Асанов, Михаил Чистяков, Әубәкір Нілібаев, Тоқтарбек Қызықбаев және басқа көптеген ақын-жазушылардың хикаялары мен дастандарында, әңгімелерінде, өлеңдерінде суреттеледі.

Талай-талай сапарлас, дәмдес болған: Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев, Тайыр Жароков, Хамит Ерғалиев, Әди Шәріпов және басқа аға-інілері Қаскеңді жоғары бағалағаны аян. Жұмағали Саин екеуінің достығы ерекше қымбат еді. Жұмекең екі-үш күн көрмесе: «Әй, партизан, мен сені сағынып қалдым ғой!» деп құшақтап, бетінен сүйгенде Қаскең арқаланып, еркелеп қалатын еді. Кіршіксіз достық сезімдері Жұмекең көз жұмғанға дейін сақталды. Бірде Жұмекеңмен әңгімелесіп отырып: «Аға, сізге бір сұрағым бар еді, рұқсат па?» деп едім, ол «айта бер» дегендей ишаратпен иегін ұмсынтты. «Қаскеңді Украинадан сіз алып келіпсіз. Бұрын білмеген, көрмеген, адресі де белгісіз адамды қалай тауып алдыңыз? Ал сіз болмағанда Қаскеңнің сонда қалып қоюы мүмкін бе еді?» дедім. Жұмекеңнің сүйкімді кішкене көздері күлімдеп, өзі миығынан жымиды да: «Украин партизандарының орталық штабына барып, партизан қазақ Қасым Қайсеновті іздеп келгенімді айтып едім, ондағылар: «Қайсенов пе?.. Біздің Вася ғой!» деп дуылдасып, біреуі жүгіріп кетті де, ұзын қара жігітті ертіп келді. Партизан киімімен, қару-жарағын асынып келіп тұр! Таныстық, сөйлестік. «Документтеріңді жиып-теріп ал, елге қайтамыз. Мен де осында соғысқанмын, соның бір документтерін іздеп келіп едім, оны реттеп алдым, енді екеуміз бүрсүгүні қайтамыз» десем, Қасымым сондағы бір бетон комбинатына ма, құрылыс комбинатына ма қызметке баруға жолдама алып, ертең кеткелі жүр екен. Партизан дегенің қызық болады. Әйтеуір, алып қайттым ғой», деп ақырын ғана мырс-мырс күлді.

Қаскеңнің мінезінде аңғалдық та бар. Украин достары, сірә, «Вася, соғыс аяқталды, үйіңе қайтуға асықпа. Анау қирап, шашылып қалған комбинатты түзеу сенің ғана қолыңнан келеді, бар да басқар, қимылда!» деген болар да, Қаскең папахасын оқшырайтып, келісе кеткен болар. Шынында, Жұмекең жолықпағанда Украинада біраз жыл бөгеліп қалуы мүмкін бе еді, кім білсін...

«Игіліктің ерте-кеші жоқ» дегендей, Жеңістің елу жылдығында «Қазақстанның Халық қаһарманы» деген атақ берілді Қаскеңе. Баршамызға ортақ сол қуаныштың кешінде Президент Н.Ә.Назарбаевқа алғысын айта отырып: «Атақ үшін, награда үшін соғыспап едік... жол Бауыржан мен Рақымжандікі еді...» деп мұңайғанына куәмін. Шыны сол. Қорғаныс министрлігіміз жақында (1997-жылғы көкек айының басында) Қаскеңе «полковник» әскери атағын берді. Үйіне барып құттықтадық, денсаулығы мықты болуын, отбасы аман болуын тілестік. 1998-жылы, көкек айының 23-і күні Қаскеңнің жасы СЕКСЕНГЕ толады! Ол – Қазақстанның, Украинаның, баршамыздың мерейтойымыз!

                                               * * *

Халқы 2007-жылдың 3-қаңтарында 89 жастағы Қаскеңді жер бесігіне салуға әкетіп бара жатқан сағатта осы жәйттер жадымда түгел дерлік жаңғырды. Қазақстанның сан түкпіріне бірге барған кездерімізде қаламдас аға-іні жарасымдылығымыз шексіз болса да, шекісіп қалудан «құралақан» жүрмеген сәттеріміз де бар екен. Қаскеңнің мәйіті мәңгі-бақилық мекеніне тапсырылар минөтте іштей күбірлеп: «Аға! Сіз де пенде болдыңыз, біз де пендешілікпен өтерміз. Мына фәни дүниеде қалып бара жатқан қаламдас інілеріңізден қайсыбіріміз сізге артық-ауыс сөз айтып, кедір-бұдыр мінез көрсеткен болсақ, қайсыбірімізге Сіз де артық-ауыс сөз айтып, кедір- бұдыр мінез көрсеткен болсаңыз, соның бәрі де кешу-шешу болсын!» дедім, шындыққа жүгініп.

Қасым ағаның қазасы – қазаққа ғана емес, украин халқына да, неміс фашистерінің концлагерінен Қаскең азат еткен (партизан жазушымыздың «Белая Таня» хикаясы естеріңізде шығар) мыңдаған чех, поляк және басқа ұлттардың ұрпақтарына да ауыр қаза. Олардың үкіметтері соғыстан кейінгі жылдары "Қазақстанның Батыр Партизанын» жауынгерлік ордендерімен марапаттаған болатын.

Даңқты партизан-жазушы Қаскең есен-сау болса, 2008-жылы 90 жасын тойлар еді...

Қаскең Бауыржан Момышұлын пір тұтатын. Қашан, қайда болсын жұртшылықпен жүздескен жиындарда партизандық жорықтарынан әңгіме шертіп отырып, сөз ретіне қарай: «Нағыз батыр деп Баукеңді айтыңдар!» деп қоятын. Жазушылар одағында, немесе басқа жерде Баукеңді көре қалысымен: «Батыл шалға тезірек сәлем берейін, әйтпесе таяқ жеп қалам!» деп аяғын жебей басатын. Ал Рақымжан Қошқарбаевты ерекше еркелететін. Рақаң ақжарқын жан еді ғой, Қаскеңнің іші-бауырына кіріп, анекдот араластыра әңгіме ағылтып, күлкіден езу жиғызбайтын. «Міне, көріп отырсың ғой, бұл Мырқымбайдың істейтіні осы, қайдағы-жайдағыға күлдіріп, әңкі-тәңкімді шығарады» деп «шағынатын». Маңызды бір шаруа айта барып, соны айтуына Рақаң бой бермегенде жорта ашуланып: «Әй, Мырқымбай! Болды енді! Адамша сөйлесейік те!» дейді. «Қойдым, аға-еке, қойдым!» деп батыр інісі екі қолын бірдей көтере қояды.

Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов ағаларына сан рет атқосшы болған Қаскең оларға еркелене еркін сөйлеп, әзілдесетін де. Ғабең бастаған бір топ ақын-жазушы бір жылы жазда Өскеменге келіп, бір апта болды. Мен ол тұста Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінің редакциясында бөлім меңгерушісімін. Жұртшылықпен кездесу өткізуден қолдары босап, еркіндік алған күні түс ауа Ертіске шомылуға барды. Біз – еріп қызмет көрсетіп жүрген қолбаламыз. Басқалар шешініп тастап, өзенге күмп-күмп түсе кетіп, малтып жөнелді. Ғабең асығар емес. Қаскең ағасының баяу қимылына қызыққан кейіппен сәл оқшау тұр. Ғабең соңғы киімін – шолақ дамбалын шешіп, қойтастың үстіндегі киімдеріне қосып, маң-маң баса суға беттеді. Сол кезде Қаскең:

– Ғабе! – деп қалды. Ғабең кідіріп, маңқия бұрылыңқырап:

– И-и-ә-ә, не айтасың? – дегенде інісінің:

– Түрсиіңізді көп шешпейді екенсіз ғой, көтеніңіз аппақ, – дегені. Мен сасып қалдым. Атақты Ғабит Мүсіреповке олай деуді кім күткен! Қазір ренжіп, ұрсып тастар деп ойладым. Ал Ғабең мырс-мырс күлді де:

–тӨй, шатпа-а-ақ... – деді.

Қаскеңнің суға түсіп малтығанын көрген емеспін. Жағадан ұзамай жуынып тұрғаны. Сол жолы да сөйтті. Өзі сәл ұзап, ақырын ғана малтып оралған Ғабең дауысын соза маңғазданып сөйлейтін әдетімен:

– Әй, партизан, сен «Днепрден күндіз де, түнде де талай өттім, жаудың снаряды келіп тиіп, қайығымыз біт-шыт болып, талай жолдастарымнан айырылдым» дейсің. Ал мен сенің суға жүзгеніңді көрген жоқпын. Сырда да, Есілде де болдық. Енді Ертісіңде тұрғаның мынау, кір шая келген келіншекше, – деп еді, Қаскең:

– Ғабе, мен малти білмеймін, оллаһи! – деді.

– Қайықтан айырылғанда Днепрден қалай аман шықтың?

– Қашан болсын жолдастарыма сенемін де, өзенге киімшең күйімде, қару-жарағымды құшақтай қойып кеп кетемін, жолдастарым қолтығымнан демеп алып шығады.

– Шынында туа партизан екенсің, – деді Ғабең, оған жылы жымия қарап.

...Бақилық Қасым аға хақында айтылар естелігімізде шек болмайтын шығар...

Ғаббас Қабышұлы, Қазақстанның Құрметті жазушысы,

Халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының иегері 

М.О. Әуезовтың өмірі мен шығармашылығына байланысты викторина біліміңді тексер

Викторина!

pllinkz

А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы

шығыс қазақстан әдеби картасы

Шығыс Қазақстан танымал есімдер

addressbook001

addressbook002

© А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан Облыстық Кітапханасы | Восточно-Казахстанская областная библиотека имени А.С. Пушкина. 1998-2024
Besucherzahler
счетчик посещений