kl kz



>
Шығыс Қазақстан Интернетте
Мәдениеті мен өнері
Туристерге
Тарих беттерінен
Маңызды оқиғалар
«Туған өлкем – тұнған тарих» дәрістер циклы
ШҚО ауылдарының тарихы
Өскемен жайлы не білесіз?
Өскемен қаласының тарихы
Өскемен қаласындағы көшелер тарихы
Ескерткіштер
Аудан паспорттары
Шығыс Қазақстан облысы
Шемонаиха ауданы
Өскемен қаласы
Риддер қаласы
Алтай ауданы
Глубокое ауданы
Зайсан ауданы
Катонқарағай ауданы
Күршім ауданы
Марқакөл ауданы
Самар ауданы
Тарбағатай ауданы
Үлкен Нарын ауданы
Ұлан ауданы
Семей қаласы
Курчатов қаласы
Аягөз ауданы
Абай ауданы
Бесқарағай ауданы
Бородулиха ауданы
Жарма ауданы
Көкпекті ауданы
Үржар ауданы
Уланский район
Урджарский район
Шемонаихинский район
Алтын Алтай фольклоры
Алтай аңыздары
Шығыс Қазақстанның музыкалық мұрасы
Шығыс Қазақстанның әдеби мұрасы
Өлке табиғаты
Табиғи қорықтар
Табиғи ресурстар
Шығыс Қазақстанның 25 ғажайып орны
Шығыстың шипажайлары
Барлық-Арасан шипажайы
«Баян» шипажайы
Рахман қайнары
Уба шипажайы
Киелі орындар
Абылайкит
Берел қорымы
Қоңыр әулие үңгірі
Шілікті алқабы
Ашутас
«Алаш арыстары» үйі (Семей қ.)
Семей полигоны құрбандарына арналған «Өлімнен де күшті» монументі (Семей қ.)
Ф.М. Достоевскийдің әдеби-мемориалды үйі (Семей қ.)
«Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені
Қозы Көрпеш пен Баян сұлу мазары
Мұзтау
Шығыс Қазақстан соғыс жылдарында
Соғыс балалары
Кеңес Одағының батырлары
Ардагерлер еске алады
Соғысқа қатысушылар
Партизандар қозғалысы
Тылдағы аналар
Тылдағы ерен еңбек
30 - Гвардиялық дивизия
Брест қамалын қорғауға қатысқан шығысқазақстандықтар
Еңбек армиясы
Өлкетану альманағы
Өлкетану альманағы 2024
Өлкетану альманағы 2023
Өлкетану альманағы 2022
Өлкетану альманағы 2021
Өлкетану альманағы 2020
Өлкетану альманағы 2019
Өлкетану альманағы 2018
Өлкетану альманағы 2017
Өлкетану альманағы 2016
Өлкетану журналы 2014
Өлкетану альманағы 2015
Өлкетану альманағы 2013
Әріптестеріміздің шығармашылығы
Геология
Өлке зерттеушілері
Тарих. Этнография. Мәдениет
Қаламгерлер жайында
Білім беру
Ономастика
Дін
ҰОС жылдарында (1941-1945) ЕҢБЕК АРМИЯСЫ қатарында болған шығысқазақстандықтар
Бейнетоптама
Шығыс Қазақстан әдебиеті
Шығыс Қазақстанның әдеби және есте қаларлық орындары
Фэнзин фантастикалық журналы
Виртуалды көрмелер
Қ. Мұхамедханов: библиографиялық көрсеткіш
Экран дикторы

linka

Көненің де келешекке беретін өз тағылымы, өз тәлімі бар. Қолға алсаң шешіле сыр шертетін деректердің тарихты тапжылтпай тануға, өмірді өз кейпінде ұғып-білуге қосар үлесі, тигізер септігі мол. Құнды дерек кімді де болса толғандырады, тебірендіреді, терең ойға батырып, рухани азық береді. Бұл құжаттардан өзге куәгер, анық айғақ ендігі жерде жоқ, оқиғаның тірі айғақтарының бәрі дүниеден өткен. Уақыт ұзаған сайын ел аузындағы аңыз-әңгімелер де азая бермек. Кәрі тарих қойнауында қатталған осынау құжаттардың шежірелік қасиеті арта бермек (С.Байжанов). Нақтылық, деректілік пен әділдіктің қайнар көзі - мұрағат қорларында. Тарих ешқандай бұрмалаушылық пен бүркемелеушілікті көтермейді, кешірмейді. Тарих беттерінен әлдеқандай зұлымдық пен озбырлықты жойып жіберу мүмкін болар, бірақ оның шындығын бұрмалауға мұрағат құжаттары тұрғанда ешкімнің күші келмейді.

Мұрағаттық деректердің кейде елене бермейтіні бар. Егер оған зейін салсақ тылсым тіршіліктің сан алуан хабаршысындай, көңілге тоқ сезімдер ұялататыны өз алдына, әсіресе, араға жылдар, тіпті ғасырлар салып оқыған тұста, өткен өмірдің кейбір қас-қағым сәттерін қайта көз алдыңа нақ бедерлі де құнды деректерді жайып салады. Ал кейде өзің білмейтін, бірақ та сен білмеккке ынтазар жандарға кезіккендей де күй кешетін кездер болады.

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының №64 қорында Дала Генерал-губернаторлығы басқармасының құжаттары жинақталған. ХІХ ғасыр ортасынан басталатын осы генерал-губернаторлыққа жататын Қазақстанның шығыс өлкесін мекендеген халықтың айналысатын шаруашылықтарының салалары мен түрлерін қамтитын көптеген мағлұматтар сақталған. Осы қорда сонымен бірге Зайсан уезі қазақтарының саны, олардың салық жағдайы, шаруашылығы, мал-мүлік жайы туралы құнды анықтамалар мен осы бағыттағы хабарламалар топтастырылған.

Осы мұрағаттың 15 қорындағы №2050 ісінде 1875 жылы Зайсан приставына қарасты Қара Ертіс болыстығында 1028 түтін, Кендірлік болыстығында 1178 түтін, Маңырақ болыстығында 1144 түтін, Шілікті болыстығында 1891 түтін, Тарбағатай болыстығында 1700 түтін, Арғанты болыстығында 1438 түтін, Нарын болыстығында 1655 түтін, Қарабөген болыстығында 1885 түтін, Базар болыстығында 1981 түтін, Өкпекті болыстығында 1915 түтін, Боғас болыстығында 1973 түтін есепке алынғаны жазылған.

Бұрынғы Тоғас, Жұмық, Санияз, Керей, Төртуыл болыстарының қыстаулары жерлерінің кейбір бөліктерінен құралған Маңырақ болыстығында сайлау съезі 1875 жылы 21 ақпанда Зайсан шекара пунктінде 50 сайлаушының қатысуымен өткізіледі. Осы сайлауда Маңырақ болысының болысы болып, бұрынғы Санияз болыстығының болысы Мұса Шотанов, болыстың кандидаттығына Ақбас Маманов сайланады. Ауыл билеріне Темірлан Токтыкумынов, Сүйірбай Жанмұрзин, Байтык Бұқабаев, Бекте Дәулетбаев, Сығай Байғозин, Ұлтарақ Миндекулов лайық деп табылады. Съезде Маңырақ болысының шекарасы Зайсан көлінен Еспе өзенін өрлеп Маңырақ қыраттарынан жоғары Үйдене өзенінің және осы өзеннің жоғарғы жақтары болып белгіленеді.[1]

Бұл - Маңырақ болысының құрылғаны жөнінде бізге жеткен архив дерегі, ал 1917 жылы әлемді дүр сілкіндірген атышулы Қазан төңкерісінен бір ай ғана бұрын өткен болыс сайлауында Мәмбет Исаханов Маңырақ болыстығының болысы, болыс кандидаттығына Қимади Қараталов, ауыл билеріне-№1 ауылдан Қали Дюсупов, №2 ауылдан Адам Бокушев, №3 ауылдан Коки Чокубаев, №4 ауылдан Жұмақан Жақышев, №5 ауылдан Құмарбек Солтабаев, №6 ауылдан Құсайын Сузуков, №7 ауылдан Итбай Қазанғапов, №8 ауылдан Еспенбет Катиекин, №9 ауылдан Айтжан Садырбаев сайланады.[2] 1928 жылы Тарбағатай ауданы құрылғанша Маңырақ кедей болыстығы деп аталып, өз міндетін атқарды.

«Ертіс өзені мен Зайсан көлі қазақтары Семей өлкесі жәрмеңкелерінде көп мөлшерде балық сатумен де айналысты. ХІХ ғасырдың ортасында Ертіс өзені жоғары ағысы мен Нор-Зайсан көлі жыл сайын 10 мың пұтқа дейін балық өнімдерін саудаға шығарып келді»,-деп жазды Н.Г. Апполова. [3]

1877 жылы Сібір казак әскерінің старшыны Усов өз естелігінде Зайсан көлінің орналасуын, оған қандай өзендер құятынын жаза келіп былай дейді: «Зайсан көлінің суы тұщы, жұмсақ және таза. Нұр - Зайсанда қызыл балық, бекіре, стерляд, ақ балық, таймень, ускуч, ақ қайран, алабұға, қара балық, табан, шортан және ит балық көптеп кездеседі». Егер оның сөзіне назар аударсақ, аталған балықтардың ішінде сазан, карп, көксеркелер жоқ, яғни бұл балықтардың түрі кейініректе әкелінген.

1877 жылы Петербургте П.П.Семенов (болашақ Тянь-Шанский) мен Г.Н.Потанин редакциялауымен шыққан «Азия жері туралы» деген кітаптың ІV томында сол кездегі Зайсан көліндегі балық аулау кәсіпшілігі жайында былай деп жазылған: «Балықтың ең көп ауланатын жері Ертістің сағасынан 20 шақырымдай төмендегі Молалы, Қаратас деген жерлер. Мұнда топ - топ кіші балық үйірлері мен ақ қайран көп кездеседі. Нельма тек осы Зайсан мен Қара Ертісте ғана бар. Балық аулаумен Көкпекті және Бұқтырма уездерінің қазақтары, Өскемен маңындағы Глубокое, Прапорщиково және басқа селолардың шаруалары мен тұрғылықты қазақтар айналысады. Орыстардан 200-300 адам, қазақтардан 2000-ға жуық. 1852-1861 жылдар аралығында көлден жыл сайын 1300 пұт ақ балық ауланады. ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарында Зайсан балық кәсіпшілігінен түскен пайда 2500 сомға жетті».

1893 жылдан бастап Зайсан көлі жағасында Тополев-Мыс, қазақша айтқанда, Тұғыл айлағының негізі қаланды. ХІХ ғасырдың соңына қарай екі баржалы «Святой ключ» пароходы жүзді. 1902 жылы «Жоғарғы Ертіс пароход серіктестігі» ұйымдастырылып, Ертіс бойымен «Моңғол», «Алтай», «Прокопий Плещев» сияқты кішігірім пароходтар жолаушыларға қызмет етті.[4]

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатында сақталған мына бір құжат назар аударарлық. Оқып көрелік.

«Об учреждений в Зайсанском уезде возможности под названием

Тополев-Мыс должности конно-полицейского стражника»

Господину Степному генерал губернатору

21 июня 1895 г.

№4245, г. Семипалатинск

В Зайсанском уезде на озере Нор-Зайсан, преймущественно при устье реки Иртыша и на Тополевом-Мысу постоянно проживают с семьями несколько русских разного звания, так равно и временно прибывающие рыбопромышленники, которых в этих местах бывает очень много. Между ними возникают нередко тяжьба, ссоры и т.п., а также по отношению к ним много поступает к Зайсанскому уездному начальнику переписок из разных учреждений и большего частью о взыскании по разным предметом, а так равно не мою дел касающися этих жителей состоит в производстве и у Мирового судьи.

Все исполнения по поступающим переписком и вручение повесток от Мирового судьи, Уездным начальником за ним местного полицейского надзора в вышепоясненных местностях, возлагалось на управителя Манракской волости, в районе которой находятся сказанные местности-вследствие чего управителю с писарем, оставляя дело по волости приходится почти еженедеьно ездит туда даже и для вручения вызванных повесток.

Кроме того во время летних кочевок, когда управитель находится в Тарбагатае и вручение повесток замедляется. Ввиду проведенного Зайсанский уездный начальник, пологая на тех, местах имеет постоянно одного конного стражника для полцейского надзора, для исполнения незначительных переписок, и вручения вызывных повесток с назначением стражнику этому содержания по 17 руб. в месяц, вошел ко мне с ходатайственным рапортом от 20 мая с.г. за №3226 об утверждении в обясненной выше местности одного конного стражника с отношением потребного на сей предмет расхода на войсковой капитал Сибирского казачьего войска ввиду того, что войска имеет доход от рыбопромышленников за право ловли рыбы.

Высокопревосходительства, покорнейше прося на содержании конно-полицейского стражника, в сумме 240 руб. в год, отнести на войсковой капитал Сибирского казачьего войска и о последующем по сему почтить меня предложением.

Генерал-майор (подпись)

Жазылған рапорттан жергілікті тұрғындар мен балық аулаушы казактардың арасында ұрыс-жанжалдың жиі болып тұратындығын аңғару аса қиын емес. Жергілікті мәселені Зайсан уезінің бастығы Маңырақ болысының құзырындағы іс екенін біле тұра, жоғарыдан көмек сұрап, орыстарды қызғыштай қорғап отырған губернатордың пиғылын айқын байқауға болады. Ал осы хатқа жазылған жауап балық аулаумен шұғылданатын казактардың Тополев-Мыста уақытша ғана болатындығын нақтылай түседі.

Господину Военному губернатору

Семипалатнинский области

от 19 октября 1895 г.

№4853, г. Омск

Принимая во вниманию что вручение повесток лицам проживающим в названной местности объявление или распоряжении и проч. относится к обязности местных волостных правлений, а также имея ввиду, что рыбопромышленники казаки проживают на «Тополевом-мысу» лишь временно.

Не признаю ходатайства конного стражника.[5]

Генерал от Кавалерии  Барон Таубе (подпись)

1900 жылы Зайсан уезінің топографы Арцимович жасаған картасында қазіргі Тарбағатай ауданының көлемінде екі елдімекен анық көрсетілген. Біреуі Тополев-Мыс дәрігерлік, азық-түлік пункті, екіншісі Қандысу өзенінің оң жағасында, қазіргі Маңырақ ауылының батыс шетіне орналасқан «Мүлік қажы» мешіті. Бұл мешіт 1890 жылдан жұмыс істегендігі және қасында он шақты үй болғандығы жазылған.

Императорлық Ресей географиялық Батыс Сібір бөлімі Семей бөлімшесінің 1912 жылғы санында Семей әйелдер гимназиясының тәрбиеленушісі И.Мордвинаның 1909 жылғы Алтай сапарынан шолу жарияланып, онда ХХ ғасыр басындағы Зайсан уезі Тополев-Мыс қонысы туралы нақты мәліметтер беріледі. Ондағы «...15 маусым күні таңғы сағат 3-те «Русь» кемесі бізді Зайсан көлі арқылы Тополев-Мыс қонысына алып кетті.

...Күндізгі сағат 4-те жағалауға созыла орналасқан Тополев-Мыс көрінді. Онда жұмысшылар қонысы орналасқан. Әзірге кеме тынық жағалауға тоқтағанша қонысты, оның айналасына қарап шығуға болады. Көзге барлығы оғаш көрінеді. Сырты балшықпен сыланып, қамыстан жасалған лашықтар, қалдықтармен ластанған көл суы, шіріген балық иісі, ешқандай шөп, өскен ағаш көрінбейді, маңайдың барлығы тақыр дала.

Мүйіс жіңішкере келе көлге сұғына еніп жатыр. Көл маңайындағы адамдардың сүреңсіз, жұпыны өмірі көзге түседі. Сирек келіп тоқтайтын кеме мен сәтті балық аулауға ғана олардың өмірін жандандыра түсетін сияқты.

Кеменің тоқтағанына жарты сағат өтпей жатып, бізді Тополев-Мыстан Зайсанға жеткізетін екі үлкен арба дайын болды. Зайсанға дейін дала арқылы түні бойы жүрдік. Зайсанға таңертеңгі 7-де жеттік. Өзінің сыртқы көрінісі, егілген ағаштарымен бұл қалашық көшелері, әр үй жанындағы сылдырлап аққан арық суларымен маған көңілді әсер қалдырды» [6] деген естелігі Тополев-Мыс ауылында тұратын жергілікті халықтың тұрмысын, табиғат жағдайынан хабардар етеді.

ХХ ғасырдың басында Қазақстанның шығыс аймағына жасалған Ресейдің әскери әкімшілігінің экспедициясының қатарына 1912 жылдың жазында Бас штабтың капитаны Щепихиннің Батыс Қытайдың Тарбағатай округіне жасаған сапары жатады. Капитан Щепихиннің сапарының негізгі мақсаты - Ресей империясының ХХ ғасыр басына дейінгі мемлекеттік шекаралары белгіленіп болмаған Қытаймен екі арадағы аудандардың табиғи ерекшеліктерін, жол қатынастарын, жергілікті халық тұрмысын т.б. анықтау болды. Соның ішіндегі негізгі мақсат та Қытаймен шекаралас Зайсан көлі, Қара Ертіс, Тарбағатай тауы аймағын әскери мақсатта зерттеп, оның анықтамалығын жасау болғандығы белгілі.

Осы талап тұрғысынан алып қарағанда сапар екі бөліктен тұрды:

1.Бақты бекінісінен Күзуін асуына дейінгі аймақтағы Қытай шекаралық аудандарына орналасқан халықтың санын анықтау, тұрмысымен танысу, жер атауларын айқындау.

2.Күзуін асуынан Тополев-Мысқа дейінгі Ресейлік территориядағы өңірлердегі елді мекендерге, олардың табиғи ерекшеліктеріне, тұрғындардың шаруашылығына шолу жасау болды. [7]

Капитан Щепихин өз сапары туралы былай деп жазады: «Округ штабының шешімі бойынша менің сапарымның негізгі мақсаты-Шәуешек қаласы мен Күзуін асуы аралығындағы Емел жазығы арқылы өтетін жолмен, Тарбағатай тауы арқылы сапар бойы суретке түсіре және мәліметтер жинай отыра бұл өңірдің өтушілік мүмкіндігі мен тұрғындары туралы анықтамалар жинау болды. Осы мақсатты іске асыру үшін анықталатын мекендер мен аймақтар белгіленіп берілді».

Щепихин іс-жоспарына орай, алдымен Қытай территориясындағы жергілікті қазақтар шаруашылығына, елді мекендерге сипаттама жасады. Осы шолудағы «ІV. Күзуін асуынан Тополев-Мысқа дейінгі аралықтың сипаттамасы» атты тарауда Тарбағатай таулары мен Зайсан көлі аңғарындағы елді мекендер мен жер жағдайына, жол қатынасына талдау жасалынған. Онда жазылғандай: «Күзуін асуынан Тополев-Мысқа дейінгі аралық үш жол қатынасы арқылы жалғастырылады.

1.Зайсан қаласынан болыстық қоныстар арқылы... оның аралығы 150 шақырым (верст) мөлшерінде.

2.Сарөлең қонысы және Тайжүзген бекеті арқылы, қашықтығы 112 шақырым.

3.Сарыөлең қонысынан Еспе бекеті арқылы, қашықтығы 137 шақырым.

...Сағындық бастауынан шығатын жол бірнеше кішкене өзендер және Еспе өзені-көптеген бұрылыстар арқылы соңында Тайжүзген өзеніне келіп қосылады.

Шілікті жазығы арқылы жол Қандысу өзені жағалауымен тау аңғарына кірер жерде негізделгеніне екі-үш жыл болған Сарыөлең қонысы орналасқан.

Тайжүзген өзені аңғарында мал азығына шөп пен су жетерлік, маңайда мал отарлары мен ауылдар көптеп көрінеді. ... Тайжүзген бекетінен аталған қатынас жолы Маңырақ таулары қойнауы арқылы Зайсан көлі жағалауындағы жазыққа шығады. Осы бекет арқылы көрсетілген жолды Семей-Зайсан пошта жолы кесіп өтеді...

Тополев-Мыс қонысында өнеркәсіп иелерінің, қолөнершілердің, саудагерлердің, айлақта қызмет етушілердің саманнан салынған отыздан артық үйлері бар. Мүйістің өзінде айлақтық құрылыстардан басқа (кеңселер, қызметкерлердің пәтерлері, мұнай құятын ыдыстар т.б.) Тополев-Мыс қонысымен бірге өсе түскен жұмысшылар мекені орналасқан.

Менің Тополев-Мыс қонысында болған кезімде жұмысшылар мекенінің болашағы шешілу үстінде болатын. Семей губернаторы мүйістің барлық аймағын жөндеп, қоныс аударып келушілерге беруге шешім қабылдады. Балықшыларда 10 аршындық аздаған ғана жерлер ғана қалды. Балықшылар егер осы жерлерде қалғысы келсе, болашақта губернатордың құрметіне «Тройницкий» деп аталатын қоныс аумағында қалуларына рұқсат берілді.

Бұл мәселе одан ары қалай шешімін табады, Тополев-Мыс қонысының келешегі қандай болатындығын анықтау қиын, себебі Қара Ертіс арқылы тұрақты кеме қатынасын орнатқанан кейін Тополев-Мыстың жүк тасудағы соңғы тоқтау орны ретіндегі маңызы едәуір азаяды»..[8]

Ресейдің әскери әкімшілігінің аталған экспедициясының мақсаты да көрсетілген өңірді жан-жақты зерттей отырып, Ресеймен шекаралас осы аймақтарға әскери бекіністер, шекара жүйелерін салу, өңірді орыстармен қоныстандыру болғандығы анық.

1917 жылға дейін Приозерное, Зайсан, Алтай бекіністері нығайтылды. Бозша, Сарыөлең өңірлері орыс казактары шаруаларымен қоныстандырылды. Нәтижесінде ХХ ғасырдың бірінші онжылдығында Қазақстанның шығысының жоғарыда айтылған жерлері Ресей империясының құрамына толық өтіп, көп ұлтты аймаққа айналдырылды. Оны әскери игеру, басқа ұлт өкілдерімен қоныстандыру ісі Кеңестік дәуірде одан ары жалғастырылды.

Жалпы тарихтан байқап отырсаңыз, сонау І Петр патшадан бастап Зайсан көлін орыс мемлекеті назардан тыс қалдырмай үнемі қадағалап отырған. Орыс географиялық қоғамының Батыс - Сібір бөлімінің 1922 жылы Омск қаласында басылып шыққан «Сібір табиғаты» деген журналының №2 нөмірінің 68-87 беттерінде профессор С.Д.Лавровтың «Зайсан көлі және оның маңайындағы жазық дала» деген көлемді мақаласын жарық көрген. Онда профессор С.Лавров: «1919 жылдың көктемінде Сібір қазақ басшылығы Омбы қаласындағы Ауыл шаруашылығы институтына Зайсан көліндегі балық өндірісінің күрт төмендеп кету себебін анықтау мақсатында экспедиция құру қажеттігін сұрап тапсырыс берді»,-дейді. Профессор С.Лавров құрамында ауыл шаруашылығын институтының екі студенті А.М.Ганаго мен А.Н.Харин және Петроградтағы орман шаруашылығы институтының студенті В.Берниковтерден жасақталған экспедициямен Ертіс өзені арқылы Зайсан көліне жетеді. Олардың мақсаты - балық өндірісін бақылаумен қоса ғылымдық, зоологиялық ізденістер жасау еді.

С.Лавров әрі қарай былай деп еске алады: «Міне, алдымыздан шалқыған Зайсан көлі. Оның үнемі шулап тұруына байланысты қытайлар «Қоңыраулы көл» деп атаған. Бес сағаттай жүзгенен кейін біз Қара-Суат мүйісіне тоқтадық. Қараңғыдан салынған жатаған үйлердің сұлбасы көрінді. Шағын үйдің терезесінен жанған шамның жарығы түсіп тұр. Бұл Тополев-Мыс пристаны. Біздің жаз бойғы экспедициямыз тоқтайтын штаб пәтеріміз. Бізді пристанда орыстар, қырғыздар (қазақтар), сарттар қарсы алды. Жағаға жібермес бұрын басынан аяғына дейін қаруланған түрлері қорқынышты азияттар тінту жүргізді. Олар бұрынғы «аннековшылар» екен. Менің каютамды да тінтті. Бірақ тиіскен жоқ. Тополев-Мыс бір ғана көшеден тұратын шағын елді мекен. Таңертең Орта Азияға тән көріністің куәсі болдық. Бірінің артынан бірі ақырын мамырлаған түйе керуендері тізбектеліп өтіп жатты. Олардың барлығы көрші Қытай елінен шығып мақта, мата, өрік - мейіз сияқты қажетті заттарды тиеген. Керуеннің ең алдында, есектің үстінде керуен басы отырады». .[9]

Әрі қарай профессор С.Лавров Зайсан көлінде мекендейтін құстар, әр түрлі жәндіктер, өсімдіктер туралы айта келіп, көлде шортан мен алабұғаның көптігіне таңданысын білдіріп, ол балықтар жыртқыш болғандықтан басқа балықтарды құртып, өздерінің өніп-өсуіне жағдай жасайды деген қорытындыға келеді. Профессор С.Лавров жаз бойы Тополев-Мыста тұрып, ғылыми тұрғыдан көптеген жаңалықтар табады, бірақ жазбаларының барлығын жоғалтып алғанын қынжыла еске алады, ойында қалғандар бойынша осы мақаласын жазыпты.

1919 жылы профессор С.Лавровтың келген кезінде қысқа ғана бір көше ғана болса, сонда Тополев-Мыс (Ескі Тұғыл)-Новостройка-Приозерный-Тұғыл қонысының іргесі қашан қаланған деген сауал туындайды. Оны нақтылауға апаратын бір жол-архив деректері. Ол ыждаһатты ізденісті, білім мен біліктілікті қажет етеді.

1911 жылы Санкт-Петербург қаласында шыққан «Описание Семипалатинского перселенческого района. Справочная книжка казаков и переселенцев» деген кітапша мәліметі бойынша 1900 жылдан бастап Зайсан уезінің құзырында Маңырақ, Шілікті, болыстарының қарауындағы өңірлерге Ресейдің Томь, Кубань, Таврия губернияларынан қоныс аударушылар (қара шекпенділер) келе бастады. Аталмыш кітапшаның «Карта заселения русскими переселенцами Семипалатинской области. Составлена в декабре 1910 года» деген картасында төрт елді мекен Тополев - Мыс (қазіргі Тұғыл), Покровка (қазіргі Маңырақ), Дюкаревка (қазіргі Бозша), Рюриковка (қазіргі Сарыөлең) ауылдары ең алғашқы отырықшы ауылдар ретінде көрсетілген.

1904 жылы 6 маусымда қабылданған «Село тұрғындары мен мещан егіншілерді өз еркімен көшіру туралы уақытша ережеде» егіншілікпен айналысатын және «үкімет қажет деп тапқан» аудандарға барғысы келетін жері тапшы губерниялардан шыққан қоныс аударушыларды бұдан былай үкімет орындарының қолдау көрсететіндігі айтылды. Бұл категорияға жататын қоныс аударушылар үкімет тарапынан түрлі артықшылықтар мен материалдық көмек алуға құқылы болды. Қоныс аудару процесі кезінде Тополев-Мыс селосына Ресейден орыстардың көптеп қоныстана бастағанын байқаймыз.

Семей облыстық басқармасының 1916 жылдың 24 сәуірінде «О введеніи въ поселокъ Тополев-Мысъ Зайсанского уъезда безсословнаго поселковаго управленія» деп аталатын №183 санды істі қарауға губернатор О.О.Чернцов, вице губернатор Г.А.Савримович, округтік соттың прокуроры И.Н.Козак, сот мүшесі Д.Т.Сайлотов, қоныстандыру ісінің меңгерушісі А.В.Клочков, 1-2-ші бөлімшелердің кеңесшілері А.Ф.Красковский, И.А.Книзе, мемлекеттік мүлік басқармасының өкілі, орман ревизоры И.М.Евсеенко, қазыналық палата өкілі инспектор П.Е.Гузнищевтердің қатысуы бұл мәселенің аса өзекті болғандығын көрсетеді. Жиынға қатысқандардың пікірлерін тыңдай келе:

«Как видно изъ дълъ Областного Правленія, поселокъ Тополевъ Мысъ расположенъ на казенно-оборочной статъ, образованной въ 1913 г. въ 5025,73 десят. Населениіе поселка состоитъ изъ 87 домохозяевъ, изъ коихъ 66 занимаются рыболовствомъ, 10 торговлей, остальные 11 занимаются сапожнымъ ремесломъ, кузнечнымъ, извозомъ и отхожими промыслами.

...Принимая во вниманіе настоятельную необходимость введенія безсословнаго поселковаго управленія въ цъеляхъ достиженія лучшаго благоустройства поселка, такъ и въ цъеляхъ исправной дъеятельности сельскаго управленія, общее Пристутствіе определяетъ ввести в селеніи Тополевъ Мысъ Зайсанскаго уъезда поселковое управленіе, о чемъ представить из утвержденіе Главнаго Начальника Края» деп генерал - губернатор қол қойған .[10] .

Зайсан приставы құрылғаннан бастап өлкені әскери-саяси тұрғыдан игеріп, енді шаруашылық жолмен басқарып және шекара аймағын нығайту үшін Ресейдің ішкі өлкесі Бийск шебінен казак-орыстар көшіріліп әкелінгендердің ішінде кейін Зайсан көлінде балық кәсібінің алпауыты атанған ағайынды Викуловтар Тұғыл айлағына 1887 жылы келіп қоныстанған екен. Сауда-саттықпен айналысқан Сайфулла Фатфуллин, Александр Станиславович Иваровский, Григорий Васильевич Нарховтар да белді, беделді адамдар санатында болған. Олар да 1900 жылға дейін Тополев-Мыс ауылына келіп қоныстанып, балықтың арқасында қоң жинап, уезд бастықтарына сөздерін өткізе алатын ауқатты адамдар қатарында саналған.

Викуловтардың тұсында Зайсан көлінің жағалауындағы балықшылардың еңбектері өтеусіз кетті. Олар көл бетінің бейнетін шекті, бірақ зейнетін көре алмады. Тіпті, балық өндірісінің «қожасы» өзінің қоластындағыларға «рахмет» деуді де ескермеді. Жомарт Зайсаннан жылына мыңдаған сомның өнімін алып отырған Викуловтар балықшының білімі мен денсаулығы үшін бір тиын жұмсап көрген жоқ. Қазан төңкерісіне дейін Тополев-Мыс селосында не дәрігер, не мұғалім болмады.

Тарихтан белгілі Қазан төңкерісі алақандай Тополев-Мыс ауылын айналып өтпеді. Ауылда 1920 жылдардың басында большевиктер ячейкасы құрылып, ақ бандаларға қарсы күрес жүргізген. Ячейканың қатарында оншақты ғана мүшесі бар еді. Сөйтсе де балықшылар селосы Тарбағатай өңіріндегі ең алғаш коммунистер топтасқан жер деп есептелінді.

...1917-1920 жылдардағы халқымызға келесі қырғын мен алапатты әкелген азаматтық қарулы қарама-қарсылық кезеңдерінде Зайсан уезі Тарбағатай аймағының елді мекендері саяси және қарулы қақтығыстың орталығына айналды. Ақтармен қызылдар арасындағы алма-кезек қарулы қырғын әсіресе осы өңірдің Тополев-Мыс, Маңырақ, Жетіарал өңірлерінде өрбіді, халық күйзеліске ұшырады. Бұл туралы мұрағат құжаты: «1919 жылдың 28 желтоқсан күні кешкі сағат сегізде Глухенко бастаған партизан отряды Тополев-Мысқа шабуыл бастады. Үш жақтан болған шабуылдың нәтижесінде 29 желтоқсан күні түнгі сағат екіден жиырма минут өткенде ақтардың тірек пункті Тополев-Мыс қонысы құлады... Келесі күні мұнда төңкерістік үкімет орнатылып, кедейлер мен батрактардан әскери жасақ ұйымдастырылды» деген анықтама береді.

Тұғылдың тумалары Хасен Интин, К.А.Казанцев, Е.Е.Смолянин партизандар отряды құрамында болып, астыртын жұмыстар жүргізген. Ел сеніміне ие болған Хасен Интин көп ұзамай КирЦИК-тің құрамына сайланады. 1928 жылы 6 мамырда толтырылған №40 хаттамада Қазақ Орталық Атқару комитетінің VІ шақырылған президиум мәжілісіне Қазақ Орталық Атқару комитетінің Президиумы мүшелері Ерназаров, Колесников, Нұрмақов, Голощекин, Аралбаев, Бекімбетов, Рузиев, Құлымбетов, Кравченко, Интин, Құрманғалиев, Пустовойтов, Арықова, Жангелдин қатысқан. Осы бір деректің өзі Хасен Интиннің Тұғылдан шыққан мемлекет және қоғам қайраткер болғандығын айғақтайды.

Нор-Зайсан болыстығы бұрынғы Маңырақ, Шорға, Тополев-Мыс болыстықтарының негізінде құрылып, құрамына 6 ауылдық кеңес пен 2 селолық кеңестің Кеңсай, Кеңөткел, Желбұлақ, Жетірал, Қарасу, Тополев-Мыс, Қарабұлақ, Шеңгелді ауылдары құрамына біріктіріліп, әкімшілік орталығы болып Тополев-Мыс селосы бекітіледі.

Нор-Зайсан болыстық комитетінің хатшысы Ершов Нор-Зайсан болысының орталығы Тополев-Мыс селосында өткен партия комитетінің жиналысында 1925 жылдың 5 қазанынан 1926 жылдың 30 шілдесіне дейін атқарылған жұмыс жайлы есепті баяндамасында болыста тұратын 14740 адамның 90 пайызы жергілікті қазақ, 10 пайызы орыс ұлтының өкілдері екенін атап өтеді. Отырықшы 2339 қазақ шаруашылығында (12058 адам), көшпенді 283 қазақ шаруашылығында (1308 адам), орыстардың 286 шаруашылығында (1396 адам) есепке алынған. Болыс территориясы 6436 шаршы верст аумақты қамтып, онда 21726 қой, 3474 жылқы, 1992 түйе, 5068 ешкі, 8600 ірі қара малы болған. Болыс тұрғындары мал, егін шаруашылығымен және балық аулаумен айналысқан. 328 темір плуг, 1776 соқа, 340 арба, 27 косилка, 1 молотилка, 8 сеялканы пайдаланған.

Болыстықта 12 кеңестік, 4 кооператив, 2 кәсіподақ ұйымы, 8 мәдени-ағартушылық ошағы, 2 өнеркәсіптік, 1 транспорт мекемелері 3 орыс, 5 қазақ мектептері жұмыс істеді. [11]Нор-Зайсан болыстық комитетіндегі Сарышығанақ пен Тополев-Мыс партия ячейкалары өз жұмысын 1925 жылдың қараша айында бастап, есебіне ячейкадағы 12 адамның 7-уі партия мүшесі, 5-уі партия мүшелігіне кандидат екендігін тіркеп, олардың 2-і қазақ, 2-і татар, 7-і орыс, 1-уі эстон ұлтының өкілдері екендігін көрсеткен.[12]

Тополев-Мыс селолық Кеңесі болып құрылғанда Тайжүзген, Қарасуат, Тұйық, Қарақас, Бесшана, Байтоғас елді мекендері қарады. Коллективтендіруге дейін Тополев-Мыс селолық Кеңесінің территориясында бес колхоз, яғни «Шолпан», «Ударник», «Абай», «Объединенный труд», «Стракши» колхоздары болды. Аталмыш колхоздар негізінен балық аулаумен айналысты. [13]

1930 жылдардың басында Зайсан көлінің аймағында «Казгосрыбтрестке» «Объединенный труд», «Ударник», «Мөнекей», «Путеводитель», «Қарағанды». «Жаңа тұрмыс», «Тихий Иртыш», «Молотов» колхоздары қараған. Китапов Иманша «Объединенный путь», Шкенев Андрей Иванович «Ударник», Жамбаев Трайс «Молотов», Жүсіпов Нүкен «Мөнекей», Мұхаметқалым Егінбаев «Путеводитель», Игісінов Оқас «Қарағанды», Әлекеев Мұхамади Исаев атындағы колхоздардың төрағалары болып қызмет атқарды.

1940 жылы колхоздарды ірілендіру болғанда «Стракши» колхозы «Ударник» колхозына қосылса, «Абай», «Шолпан», «Объединенный труд», «Микоян» колхоздары бірігіп, бір ғана «Объединенный труд» колхозы болып аталды.

Зайсан балық комбинаты балық колхоздарының негізінде құрылған аудандағы ең бірінші өндіріс орны. Алғаш ірге көтергенде еншісіне бір тіркемелі кеме, бір баржа тиген екен. Бұл өз тұсында мол техника болатын. Комбинат құрылған алғашқы жылы 12 мың центнер балық аулап өткізген. Ол балықшылардың үлкен табысты жеңісі болып, комбинат тарихының жаңа бетін ашты.

Зайсан көліне 1940 жылдардың бас кезінде Балқаш көлінен әкелініп, суға жіберілген сазан балығы тез жерсініп, Балқаш сазанына қарағанда ірілік, етінің сапалылығын көрсетті. 1950 жылдан бастап сазан балығын аулауға рұқсат етілді, алайда арада көп уақыт өтпей көлде жаңадан өсіп келе жатқан сазан балығын мөлшерден артық аулауға жол берілді. Қазақ КСР Балық өнеркәсібі министрлігінің өндіріс-техникалық бөлімі «1953 жылы сазан балығын аулау 980 центнер болып белгіленсе, ауланғаны 2400 центнер болды. Ал 1954 жылы 11 айда 1100 центнердің орнына 6 мың центнер сазан ауланды. Бұған тиым салу керек» деп Тарбағатай, Күршім аудандарының партия-совет органдарына тиісті көңіл бөлу қажеттігін ескерте отырып, оның есесіне көлде жиі кездесетін шортан, алабұға сияқты ет сапасы нашар, басқа балықтардың өсуіне зиян келтіретін жыртқыш балықтарды көбірек аулап, сазан, язь, карась сияқты балықтардың өсуіне толық жағдай жасау міндетін алдыға қойды. Бірақ соған қарамастан жылдар өте келе, Зайсан көлінен бекіре мен линь тұқымдас балық түрлері мүлдем құрып кетті.

...Біздің бүгінгі жасалып жатқан тарихымыз-ертеңгі қоғамның кескін-келбеті, өткен заманның кесіп-пішілген, өлшемі болып табылады. Бүгінгі тарихты санамызға тереңірек сіңіру үшін де кешегі күнді жадымызда жаңғыртуға тиіспіз. (Тұрсын Жұртбай). Әркім тарихшы болуға міндетті емес. Бірақ әркім өзінің туған жерінің тарихын білуі керек.

Зайсан көлінің жағасында көлдің ішіне сұғына кірген мүйісті жер ежелден Тұғыл деп аталған. Патшалық Ресейдің отарлауынан кейін атауы өзгеріп, «Тополев-Мыс» деп жазылып келді. Тұғыл ол-«Түгіл» сөзінің дыбыстық өзгеріске ұшырауынан туындаған. «Түгіл» сөзі көне түрік сөздерінде «түйін», «түйілді» деген мағына береді.7 Яғни көлге ішкерлей кірген мүйістің түйілген жері мағынасын меңзейді. Бұрыңғы Ескі Тұғылда туып-өскен тұрғындар Тұғыл жеріндегі ескі мүйістің ішке кіріңкі жері болғанын біледі. Кеме тоқтауға қолайлы жерде орналасқандықтан, су жолы арқылы қатынайтын Ресей мен Қытайдың сауда кемелері аялдайтын ірі кемер айлақтың бірі болған.

Тұғыл ауылына қатысты мұрағат құжаттарынан бүгінгі күнге дейін беймәлім болып келген тарихтың біраз парақтарын ақтарғанда, кеше мен бүгінді байланыстыруды мақсат тұттық. Тұғыл қонысының өркендеп дамуы, саяси-экономикалық-әлеуметтік ахуалы, жеке тұлғалардың қоғамдағы орнын толықтырып жазу келешектің еншісінде демекпін.

Зарыққан ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Қазақ журналистикасының қайраткері.

Алматы облысы,

Қапшағай қаласы

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

1. ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты. 15 қор, 1-тізбе, №2050-іс, 6-18 п.п.

2. ҚР ОММ 15 қор, 1-тізбе, №1610-іс, 9-10 п.п.

3. А.Апполова. Хозяйственное освоение Прииртышья в конце ХVІІІ-первой половине ХІХ в.-М., 1976.-стр.354.

4. Ғ. Байбатыров. Зайсан. 127-128 пп.

5. ҚР ОММ 64-қор, 1-тізбе, №717-іс.

6. Записки Семипалатинского подотдела ЗСОИРГО, вып.6, Семипалатинск, 1912 г.

7. Ғ. Қарасаев. Вестник ВКГТУ, 2008, №1, 140-145 п.п.

8. Отчет о поездке в Тарбагатайский округ Западного Китая летом 1912 года капитана Генерального штаба Шепихина /Под редакцией начальника штаба Омского военного округа генерал-лейтенанта Ходоровича/ - Омск, 1913, 35 – 39 пп.

9. Ғ. Байбатыров. Шығармалары. Астана-2014, 31-35 пп.).

10. ҚРОММ, 15 қор, 1-тізбе, №1575 іс.

11. Шығыс Қазақстан облыстық мұрағаты. 3285 қор, 1-тізбе, №14-іс, 10-18 пп.

12. Шығыс Қазақстан облыстық мұрағаты. 388 қор, 1-тізбе, №82-іс, 45 п.

13. Зайсан аудандық мұрағаты 12 қор, 2 п.

14. М.Қашқари. Түрік тілінің сөздігі (Диуани лұғат-ит-түрік: үш томдық шығармаларыы жинағы.-Алматы: ХАНТ, 1997.-528 п.).

М.О. Әуезовтың өмірі мен шығармашылығына байланысты викторина біліміңді тексер

Викторина!

pllinkz

А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы

шығыс қазақстан әдеби картасы

Шығыс Қазақстан танымал есімдер

addressbook001

addressbook002

© А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан Облыстық Кітапханасы | Восточно-Казахстанская областная библиотека имени А.С. Пушкина. 1998-2024
Besucherzahler
счетчик посещений