БӨКЕЙ ОРАЛХАН
1943-1993
Бөкей Оралхан – жазушы, драматург. Катонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. 1969 жылы ҚазМУ-ды тәмамдаған. 1965-1968 жж. корректор, аудармашы, Үлкен Нарын аудандық «Еңбек туы» газеті редакторының орынбасары қызметтерін атқарған. Кейін «Коммунистическое знамя» (қазіргі «Дидар») газетінде, сосын 1968-1974 жж.
«Ленинская молодежь» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде әдеби қызметші, 1974-1983 жж. «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі, 1991-1993 жж. «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары қызметтерін атқарған.
«Қамшыгер», «Үркер», «Қайдасың, қасқа құлыным?», «Мұзтау», «Ән салады шағылдар», «Үркер ауып барады» повестері мен әңгімелер жинағы, «Өз отыңды өшірме», «Атау кере» романдары, «Құлыным менің» пьесалар жинағы, «Өнерге өлердей-ақ ғашық едім» очерктер жинағы жарыққа шыққан. «Құлыным менің», «Текетірес», «Қар қызы» пьесалары қазақ және одақтас республикалар театрларының сахналарында қойылды. Бөкеевтің шығармалары бойынша «Кісікиік», «Сайтан көпір» көркем фильмдері түсіріліп, «Кербұғы» әңгімесі бойынша балет-спектакль қойылған.
О. Бөкей – Қазақстан комсомолы сыйлығының, Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
1994 жылы Металлург кентіндегі көшелердің біріне О. Бөкейдің есімі берілді.
____________________________________________
Мұрағат мәліметтері
Өскемен әкімшілігі Басшысының Металлург кентіндегі көшелер мен тұйық көшелерге атау беру туралы өкімі (ф.296, оп.1, д.118, лл.28-29)