1940 жылдың 16 шілдесі.Осы күні өміріміздегі ең әдемі әрі қауіпті Осинов асуының құрлысы аяқталған еді. Таулар арасымен ирелеңдеген бұл жолмен жүрген әрбір адам, бір жағынан, биіктік пен шұғыл бұрылыстардан қорқақтап, екінші жағынан, айналадағы әсемдікке тамсанумен болады.
Атап өтерлігі, өткен ғасыр басында облысымызда көлік жолдары тым аз болатын. Жүктердің көп бөлігі Ертіс өзені арқылы баржалармен тасымалданып жүрді. Өндірістің дамуы автомобиль жолдарына деген сұранысты арттырды. Сол себепті 30-шы жылдардан бері Шығыс өңірінде ауқымды жол құрылысы жұмыстары басталып кетті.
Бұл жобаға ел билігі «Восточное кольцо», яғни «Шығыс айналма жолы» деген атау бергенді. Осы ауқымды жоба аясында төселген күре жолдардың бірі-облыс орталығынан Бұқтырма кентіне, одан әрі кенді Алтай қаласына қатынайтын трасса.
Жол құрлысының жобасы атқарушы органдар тарапынан әзірленді. Онда бәрі де ескерілді, тек қазынадан қаржыландыру ғана болған жоқ. Бұған жауап ретінде 1940 жылдың 29 қаңтарында жергілікті тұрғындар «Қызыл партизан» ауылшаруашылық серіктестігінде үлкен жиналыс өткізіп, өз күштерімен жол салуға шешім қабылдады. Бұл үндеу жалпы маңайдағы колхоздарға таратылды.
Сол жылдың жазына қарай құрылысқа Шығыс Қазақстанның түкпір түкпірінен мыңдаған адам жиналды. Олар күн сайын жоспарды екі жүз, үш жүз пайызға асыра орындап отырған. Арнайы техника болған емес. Тіпті қарапайым күрек қайлалардың өзі тапшы болғанын қайтесіз. Әйтеуір, күректер Төменгі Тагильден, балта-қайла секілді құралдар Алматы облысынан жеткізілді. Құрылысқа бүкіл Кеңестер Одағының үздік инженерлері жетекшілік етті.
Жұмыс тым қиын болды. Жартастарды динамипен, көп жағдайда қайламен қопарып, тастарды арбаларға салып тасуға тура келді. Еңбеккерлер іске таңғы сағат төрттен тұрып кірісетін. Оның үстіне құрылыс барысы қаһарлы НКВД жендеттерінің толық бақылауымен жүргізілді. 72 күн ішінде 1940 жылдың 16 шілдесіне қарай жол құрылысы аяқталды.
Ел арасында нақ осы жолдың құрылысы кезінде тас астында қалып, қаза тапқан қыз туралы аңыз да бар. Құрылыс кезінде жарылыс бригадасының құрамында ленинградтық Аустра Бирзе атты қыз жұмыс істеп жүреді. Өз ісіне жауапты, тындырымды болады. Кезекті жарылыстардың бірінде үлкен тас қопарылып түсіп, қыз соның астында қалады. Жұмысшылар қанша талпынғанмен тасты көтере алмайды. Сөйтіп, қыздың сүйегі сол үлкен тастың астында мәңгіге қалады. Кейін жұмысшылар бригадасының жетекшісі жол шетіндегі әлгі жартастың төбесіне ішіне қайласы мен күрегі бар жұлдыз салыпты.
Десек те, мұрағат құжаттарынан бұл дерек еш расталмаған. Жарылыс кезінде жұмысшылар қауіпті аумақтан шығарылып отырған екен.
Асу жолы көлік қозғалысы үшін өте қауіпті саналады, әсіресе қыс кезіндегі көк тайғақтан келер қатер мол. Сексен жыл ішінде бұл аумақта көптеген жол көлік апаттары орын алып, қаншама жолаушының өмірін қиды.
Сол себепті соңғы жылдары көлік жүргізушілеріне жеңіл болу үшін мұндағы шұғыл бұрылыстарға сфералық айналар орнатылды. Олар бұрылыстың артында көліктің бар-жоғын көруге мүмкіндік береді. Әрине, аталмыш айналар қауіпсіздікті біраз болсын арттырды.
Қауіп -қатерден толық арылу үшін бүгінгі таңда асуды жанай өтетін айналма күре жол құрылысы жүріп жатыр. Ол біткен соң бұл жол тек туристік нысан ретінде қолданылатын болады.
Қазірдің өзінде серпантин арқылы өту үшін арнайы Шығысқа ат басын бұратын туристер баршылық, себебі Осинов -еліміздегі ең ұзын, ең тар, ең тік әрі әдемі асу.
Ержан Әбіш. Дидар газеті 10 желтоқсан, 2020 жыл.