Шығыста әлі сыры ашылмаған киелі жерлер көп. Оқырмандар назарына құпиясы көп Көккөл кеніші туралы Сәбит Тұрымовтың
түсірген бірнеше фотосуретін ұсынып отырмыз. Жас ұрпақ тарихты білуі керек. Тарихты білмей алға жылжу мүмкін емес.
Көккөл жайында көп әңгіме естуші едік. Үлкендер жағы ондайда қысыр әңгіме, қалжың мен күлкіні тыя қойып, өзгеше салмақтана қалысатын.
Көккөлдің атын естісе, біздің ағайындардың көңілдеріне алаң бітіп, тура жауаптан жалтара беретіні қайран қалдырушы еді.
Содан ба, Көккөл бейнесі біздің санамызда сағымдай бұлдыр болды. Ертек пен аңыздың арасындағы қиялы дүниедей жұмбақ күйде қалғанды.
Кейін бағамдадық, кейін түсіндік, кеш ұқтық....
Сөйтсек, Көккөл әлгі адамдардың өміріндегі ең азапты жылдары, ең бейнетті белесі болған екен-ау....
Бейнетті болғаны соншалық, Көккөлді артық рет еске алудың өзі олардың жандарын жаралап, жүректеріне салмақ салады екен.
Зіл батпан сол азапты арқалап өткен ағаларымыздан бүгінде ешкім қалған жоқ, бәрі де о дүниелік болды, түгелдей өмірден өтіп кетті.
Қазір Көккөл туралы әңгімені айтар ағайын жоқтың қасы аймақ бойынша қарайып бірер кісі ғана тірі жүр.
1938 жылдан Көккөлде қолмен кең қазу жұмыстары жүргізіліп, жұмысшы поселкесінің құрлысы салына бастайды. Қазба байлық табылған «Жоғарғы лагерь» деп атап кеткен кезең үстіне кеншілер мен жұмысшылар тұратын барақтар, кеңсе, клуб, әр түрлі жарылғыш заттар қоймасы, ұста дүкен, кен байыту фабрикасы ірге қөтереді. Осы таудың етегінде, Көккөл су құламасынан біршама жоғарырақта, орман алаңқайында кеншілердің тағы бір поселкесі бой түзейді. Ол «Төменгі лагерь» деп аталды.
Кеніш 1955 жылға дейін жұмыс істеді. Салқын климаттың арқасында Көккөл кенішінің «Жоғарғы лагері» әлі күнге дейін өзгеріссіз, баяғы қалпында жақсы сақталған.
Ә. Асқаров. Алтай: алтын бесік ата жұрт : тарихи танымдық тұрғыдағы
саяхат сафари жазбаларынан.-Астана. - Б.17-19.