(1920-2016)
1941 жылдың күзі суық әрі ерекше жауынды болды. Күз ызғарына Ресей немістерін – тұрғылықты жерінен күшпен басқа жаққа қоныстандыру нәубеті қосылды.
Осындай бір күздің сұрықсыз күнінде Солтүстік Осетиядағы Давсун селосының төрағасы халықты жинап алып, малды өріске шығарып, иттерді босатып, үйдің есігін ашық қалдырып, ең қажетті заттармен 24 сағат ішінде жолға дайын болуды тапсырды. Село тұрғындарын ат арбаға тиеп алып, теміржол станциясына жеткізді. Осы жолаушылардың ішінде менің шешемнің сіңлісі 1920 жылы туған нағашы апам Кунянская Регина Иогановна да бар еді. Регинаның аяғы ауыр болатын. Жол алыс, күздің қара суығында құйып тұрған жаңбырдың астында ашық арба үстінде босаныпты. Қатты суықтан шетінеп кеткен сәбиді тоқтаған жерде темір жол бойына жерлеп, әрі қарай поезға отырып, Шығысқа бет алады. Ұзақ жолдан Қазақстанға келіп табан тіреген Регинаны тағы бір ауыр сынақ күтіп тұр еді.
Неміс ұлтының барлық ер азаматтары мен баласы жоқ әйелдерін еңбек армиясына алды. Еңбек армиясы деген аты ғана, шынында тікенек темірдің аржағында жұмыс істеуге мәжбүрледі. Регина Қарағанды қаласындағы Карлаг лагеріне келіп түсіп, 47-шахтада көмірді тасып шығарушы болды. Жер астында өте терең шахтада уақытпен санаспай, демалыс дегенді білмей, ашқұрсақ жүріп жұмыс істеуге мәжбүр болды.
Фашистік Германияға еш қатысы жоқ болса да «фашист» деген қорлау сөздерді естіп, көзжасын көлдей төге жүріп, күйзеліс пен ашаршылыққа шыдап, еңбек етті. Бірде шахта құлап терең забойда тас қараңғыға бірнеше күн қамалып қалды. Су жоқ, ауа да аз. Аяғына тас кіріп, ісіп кетсе де амал жоқ тас қараңғы шахтада отыруға тура келді. Көрер жарығы бар екен, әйтеуір шахтадан шығарып алады. Бірнеше шахтер сол күйі жер астында қалып қойды.
Уақыт келгенде немістерден шектеуді, тағы басқа кемсітушіліктерді алып, кінәсіз айыптағандарын мойындады. Регина алған жарақаты мен денсаулығының нашарлағанына қарамастан шахтадағы жұмысын жалғастыра берді. 25 жыл адал еңбек еткені үшін шахта басшылары оның еңбегін бағалап, бірнеше мақтау грамоталарымен, медалдармен, сыйақылармен марапаттады. Тіптен Мәскеу қаласында өткен шахтерлер сьезіне де қатысты.
Еңбек армиясынан кейін туған Бесқарағай ауданына келіп өмір сүрді. Еңбек армиясындағы ауыр күндер өз дегенін істеді, бала көтермеді. Күйеуі еңбек армиясы қатарында ағаш кесіп жүріп ажал құшты. Кеңес Одағы құлаған соң Регина Иогановна Германияға қоныс аударып, еңбек армиясына қатысушы ретінде қомақты жәрдемақы алды. Сондағы пансионаттардың бірінде 96 жасқа келіп қайтыс болды.