22 қараша күні А. С. Пушкин атындағы кітапхана қорына Құмаш Нұрғалиев атындағы мектептің директоры болған Нұрғалиев Талант Құмашұлы «Еңбегі-ерен, тарихы-тағылым» атты гимназияның ғасырдан астам тарихынан сыр шертетін естелік эсселер жинағының үш данасын, мектеп гимназияны әр жылдары бітіріп кеткен әртүрлі буын өкілдерінің жыр-жауһарларынан тұратын «Тау тұлға» атты өлеңдер жинағының үш данасын сыйға тартты.
1914 жылы негізі қаланып, 1992 жылы гимназия статусын иеленген Құмаш Нұрғалиев атындағы гимназия-ұзақ жылдар бойы жас шәкірттерді өмірге баулып, қияға қанат қақтырған білікті білім ордасы. КСРО халық мұғалімі Құмаш Нұрғалиев пен оның ізбасары Талант Құмашұлы үздіксіз алпыс жыл басқарған білім шаңырағының жастарды тәрбиелеуде сіңірген еңбегі-ерен, тарихы-толы тағылым. Мектептің 100 жылдан астам тарихына қатысты деректерді жинақтаған шежіре-жинақ жас ұрпаққа өткеннен өнеге алып, болашаққа батыл қадам басуға ықпал етеді.
Өмірден озғанына 26 жыл болса да, Құмаш Нұрғалиұлының есімі қазақстандық патриотизмнің және ең жоғары адами құндылықтың нышаны ретінде мектеп бітірген әрбір оқушының жүрегінде.
Өмір сұлулығы - Отан үшін күрес болса, Құмаш Нұрғалиұлы сүрген тамаша өмірдің асқақ көрінісін осы өлең жырлардан көруге болады.
Танымал есімдер - https://esimder.pushkinlibrary.kz/kz/pedagogikz/1204-.html
Құрметті оқырман, келіңіздер, кітаппен таныс болыңыздар!