Абай ауданының тумасы, профессор, әдебиеттанушы, жазушы Рымғали Нұрғалиевтің туғанына 80 жыл (1940)
Ғалым Рымғали Нұрғали – ұлттық әдебиеттанудың сапалық тұрғыдан биік деңгейге көтерілуіне зор үлес қосқан тұлға. Көрнекті әдебиеттанушы ғалым, жазушы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының толық мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Рымғали Нұрғали. Оның «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» атты зерттеуі әдебиеттің жүз жылдық келбетін тұтас күйінде зерделететін елеулі еңбек.
Рымғали Нұрғали 1940 жылы 1 маусымда Семей өңіріндегі Абыралы ауданының Қайнар ауылында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген соң ол еңбек жолын “Лениншіл жас” газетінде бастап, кейін Қазақстан Жазушылар одағында қызмет істеді. Одан соң Қазақ мемлекеттік университетінің доценті, профессоры, филология факультетінің деканы болды. 1986-1996 жылдарда Қазақ совет энциклопедиясының бас редакциясына басшылық етті. Өмірінің соңғы күндеріне дейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі болып қызмет істеді.
Р.Нұрғали қазақ театры мен драматургиясының тарихы, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов және басқа қазақ әдебиеті классиктерінің шығармашылығы туралы іргелі монографиялық еңбектер жазды.