18 қаңтар күні А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада жерлестеріміз - жазушы Мүсілім Құмарбеков пен ақын Ғалым Байбатыровты еске алу кеші өтті. Кездесуге журналистер, қос қаламгердің әріптестері, ағайын –туыстары жиналды. Кітапханашы Кемешева Меруерт «Шығыстың шырайын келтірген әз -ағалар» атты кітап көрмесіндегі қос қаламгердің шығармашылығына шолу жасады.
Қонақтар М. Құмарбеков пен Ғ. Байбатыров жайлы әдемі естеліктерімен бөлісті. Шығыс Қазақстан Жазушылар Одағы филиалының директоры жазушы Ә. Қаңтарбаев,облыстық «Дидар» газетінің бас редакторы У. Тоқпатаев, қоғам қайраткері Т. Түсіпов, журналист А. Қасымов әріптестерінің шығармашылығына, адами қасиеттері мен кісілік келбеті жайлы әңгімеледі.
Ғ. Байбатыровтың сөзіне жазылған «Аяулы ана», «Зайсаным» әндерін облыстық театрдың әртісі Майра Қаламқызы шырқап, көрермендер қошаметіне ие болды.
Жоғарғы сынып оқушылары М. Құмарбековтың оқшау ойларына тоқталып, бүгінгі жастардың рухани байлығын сөз етті. Кеш барысында жүргізушінің қойған сұрақтарына жауап берген, ақынның өлеңдерін жатқа айтқан Жамбыл мектеп –интернатының оқушылары сыйлыққа кітап алды.
Жазушы М. Құмарбековтың келіні Ләйлә Мамырбекқызы кітапханаға жазушының бірнеше кітаптарын сыйға тартты. Немересі Нұрым Сырымұлы атасы туралы жылы лебізін білдірді. Адам ұрпағымен мың жасайды деген осы шығар. Артына қалдырған мол әдеби мұрасы, қалың елі –оқырманы тұрғанда жазушы ағаларымыздің есімі ұмытылмақ емес.
Олардың есімін есте қалдыру, тұрған үйлеріне ескерткіш –тақта орнату туралы да ұсыныстар айтылды. «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі алсын қайдан кемеңгерді» - деп Ілияс ақын жырлағандай, ерлерімізді ұмытпай, олардың өнегелі өмірін жас ұрпаққа жеткізе білу – біздің қасиетті борышымыз.
Елбасының жарлығымен 2019 жыл жастар жылы деп белгіленді. Жазушы ағаларымыздың шығармалары жастарды патриотизмге тәрбиелеп, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыруға ықпал етері даусыз. Тартымды, жылы шырайда өткен кеш қонақтардың көңілінен шығап, жүректеріне жылылық ұялатып, рухани байлық сыйлады.