27 ақпан күні Өнер мұражайында «Қас қағым сәт» атты фототілші Есімхан Орынбаевты еске алу кеші болды. Кеш өте тартымды өтті. Кешті ұйымдастырушы- өнер мұражайына, «Дидар» газетінің ұжымына, кәсіпкерлерге рахметіміз шексіз.
Өмірдің өзі - «қас қағым сәт». Осы қас –қағым сәтті мәңгілікке өрнектейтін фотографтар. Көз ілеспес шапшаңдықпен секунд ішінде тетікті басып үлгерсе ғана тамаша туынды шығарады. Бүгінгі көрмеде Есімхан түсіріп үлгерген тамаша фотосуреттердің куәгері болдық.
Есімхан Орынбаев, сөз жоқ, талантты фототілші, асыл жар, балаларына қамқор әке, немерелеріне қайырымды ата еді. Өкініші - арамыздан ерте кетіп қалды. Есімхан – облыс, республика көлемінде танымал фототілші болатын. Кітапханада өтетін барлық іс шаралардың бел ортасында Есімхан фотааппаратымен жүруші еді. Қай альбомды ашсаңда Есімхан Орынбаевтың суреттері.
Есімхан сұлу да таңғажайып өлке – Жетісудың тумасы еді. Өзгеге қиянаты жоқ, ашық-жарқын мінезімен кез-келген адамды баурап алатын. Топырақ Шығыстан бұйырды.
Орнында бар оңалар деген. Кешке асыл жары Оралды, қыздары, туыстары келді. Әріптесі, ақын Серік Құсанбаевтың арнауын тыңдағанда залда тебіренбеген адам қалмады. Қас қағым сәтте Есімхан өмірі көз алдымыздан өтіп, жастың да, кәрінің де көкірегіне сағыныш сазын ұялатты. Арманда кеткен асыл азаматтың екінші-мәңгілік ғұмыры басталды.
Өнер мұражай ұжымы Есімханның отбасына өзі түсірген тамаша фотоальбом мен үлкейтілген портретін сыйға тартты. Адамға тірі кезінде құрмет көрсетпей, өлген соң «әттегенайлап» еңбегін бағалап жатамыз. Өкініш сол...