22 қыркүйек 2017 жылы А. С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасына жазушы Тұрысбек Сәукетаев «Айқараңғысы», «Көлеңкелер патшалығы», «Мен-жындымын» атты кітаптарын сыйға тартты.
Қаламгер 1950 жылы 14 қарашада Алтай өлкесінде туған. 1968 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім орта мектебін бітіріп, 1970 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) журналистика факультетіне түсіп, осы университетті аяқтаған. Сәукетаев Тұрысбектің "Ұстаз" деп аталатын алғашкы өлеңі 1965 жылы Күршім ауданы "Коммунистік еңбек" газетінде жарияланған. Ол «Қилы тағдыр» атты романдар циклін жазған. Ал, «Айқараңғысы» романы – сол топтаманың беташары. Роман әйгілі желтоқсан көтерілісіне арналған. Сабира сияқты желтоқсан ерлерінің жан-дүниесіндегі санқилы сапырылысқан сезім-күйлер мейлінше шынайы бейнеленген. Кітапты оқып шығу Сіздің еншіңізде.
«Мен – жындымын» траги-комедиялық сарында жазылған. Шығарма 2016 жылы «Алтын қалам» конкурсында «Үздік роман» номинациясы бойынша
бас жүлдені иеленді. Кітаптажазушы өзі өмір сүріп жатқан қоғамды, адамдарды сынайды. Қазіргі ақын-жазушылардың билікке жағымпаздығын аяусыз әшкерелейді. Шынайы жазушыны мына қоғам қалай “жындыға” айналдырғанын сипаттайды. Т.Сәукетаев қазіргі әдебиеттің жай-күйіне алаңдайды, кітабында сол мұң, ашыну сезіледі. Ақырында булығып тіке айта алмаған заман шындығын “жындының” аузына салып береді. Роман жеңіл оқылады, оқырманына ой салады. Қысқасы, өздеріңіз өмір сүріп жатқан қоғамға басқа бір қырынан қарағыларыңыз келсе, кітапты оқыңыз.
«Көлеңкелер патшалығы» кітабына енген повестері мен әңгімелері қазақ елінің соңғы жарты ғасырдағы басынан өткерген қилы заман, қиын кезеңдерін суреттейді атап айтқанда, ашаршылық, сталиндік репрессия, атом бомбасының зардаптары – шығарманың негізгі желісі. Жазушы замандастарымыздың қайғысы мен қуанышын, арман мен үмітін тартымды, қызғылықты бейнелейді.
Байланысшы: Уалханова Р. Н.
Тел. 26-13-33, ішкі 123