«Абайтанудың асқан білгірі»: Белгілі абайтанушы, ғалым текстолог, профессор Қайым Мұхамедхановтың 100 жылдығына арналған. Абайтануға өз үлесін қосқан ол М. Әуезовтан кейінгі екінші адам. Ұстазы М. Әуезовтың үлгісімен Абайды, оның ақындық айналасын зерттеуді өмірінің мақсатына айналдырды. Қ. Мұхамедханов Абай шығармалары текстологиясын терең зерттеген ғалым. 1959 жылы оның «Абай шығармаларының текстологиясы» атты еңбегі жарық көрді.
Қиын-қыстау заманда Абай мектебін ашуға ат салысты. Абайдың және оның шәкірттерінің белгісіз шығармаларын жариялады.
Ақын мұражайының іргетасын құруға тікелей қатысты. Мұражайда 1940 жылдан 1951 жылға дейін қызмет етті. Негізгі қордың көп жәдігерлерінің арасында Абайдың көзі тірі кезіндегі ұлдарымен түскен фотосуреті бар. Ол Қ. Мұхамедхановтың арқасында қорға түсті. 1947 жылы Қ. Мұхамедханов Абай мұражайының директоры болып тағайындалды. Абайдың академиялық екі томдық шығармаларын, «Абай» энциклопедиясын дайындауға тікелей қатысты, «Абай» журналының қайта жандануына ұйытқы болды. Барлық абайтанушылар Қайым Мұхамедхановтың еңбектерінен сусындап, сөзіне құлақ салып, оны «абайтанудың асқан білгірі» деп атаған. Бұл басылымда Қайым Мұхамедхановтың өмірі және ғылыми жолы қарастырылған. Ғалымның өз қолымен жазған өмірбаяны, мақалалары жарияланған. Шәкірттері А. Еспенбетов, Т. Жұртбай, Т. Ибрагимов, Б. Ердембековтың Қайым Мұхамедханов туралы мақалалары, Жұмағали Саин, Несіпбек Айтұлы, Мерғали Ибраевтың арнау-өлеңдері берілген.
Кітаптың электрондық нұсқасын «Біздің Абай» электрондық кітапханасынан оқи аласыздар.