Ұлы Абайдың жиені [Электрондық ресурс] : жинақ / ред. С. Төлеуов. - Семей : Интеллект, 2015. - 194 б. : фот.
Кітаптың басты кейіпкері - Абайдың жиені, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер, Семей қаласы мен Абай ауданының Құрметті азаматы Балтабек Ерсәлімов.
Ерсәлімов Балтабек - филолог-этнограф, Абай шығармаларын насихаттау ісіне белсене араласып келеді. Семейдегі Абай қорын ұйымдастырып, ашушылардың бірі. 1990 жылдан бері оның директоры. 1992 жылы «Абай» журналының қайта шыға бастауына айтарлықтай үлес қосты.
1993 жылы баспадан жарық көрген «Абайдың ақын шәкірттері» деген жинақтың жауапты шығарушысы.
Балтекеңді бүкіл Семей өңірінде көп адам атын айтудан бұрын «Абайдың жиені» дейді. Ол Абайдың інісі Ысқақтың баласы Ахметбектің қызы Қапизадан туған. Жинаққа Балтабек Ерсәлімов туралы туыстарының, замандастары мен достарының естелік очерктері мен арнау-өлеңдері топтастырылған.
Семейлік жазушы Ғазиз Сапаев «Бала бейне – Балташ» повесін, журналист-ғалым Асан Омаров «Бүгінгінің Кәкітайы», досы Мамадияр Жақып «Асылдың сынығы : дос туралы сыр» атты очерктерінде Балтабек Ерсәлімовтың өмірі мен қызметі жайында сыр шертеді.
Тұманбай Молдағалиев «Балташым – Абай жиені», Марфуға Айтқожина «Жұрттың бәрі жиен емес Абайға», Тыныштықбек Әбдікәкімов «Осындай нұр бар ішімде», Серік Тұрғынбекұлы «Абайдың жиені немесе Балташ туралы баллада» және басқалар Балтекеңе өлеңдерін арнаған.
Сонымен бірге, жинақта Б. Ерсәлімовтың отбасымен, туыстарымен, Қазақстан және Ресейдің әйгілі ақын-жазушыларымен, әртістерімен, қоғам қайраткерлерімен әр жылдарда түскен фотосуреттері берілген.