Өлкетану электрондық кітапханасы Лилия Зайдензалдың «И твоя семья принадлежит истории: из истории жизни немцев Новошульбинского района» атты кітабымен толықты. Автор өз ниетімен үлкен зерттеу жұмысын жүргізіп, еріксіз жер аударылғандардың қатарына қосылған өз отбасы және ауылдастары туралы көптеген материалдар жинады.
Олар Шығыс Қазақстанға 1941 жылы күзде Азербайжан, Украина, Ресейдің Сталинград және Саратов облыстарының ауылдарынан жер аударылғандар. Арнайы жер аударылғандар эшелондармен әкелініп Шемонаиха қаласы мен Предгорное ауылына, Семей облысының Новошульба ауданының барлық ауылдарына қоныстандырылған (қазір Бородулиха ауданы, Шығыс Қазақстан облысы).
Зайдензал, Лилия.
И твоя семья принадлежит истории: из истории жизни немцев Новошульбинского района: посвящается моим землякам / Л. Зайдензал. - [Б. м.], [2016]. - 363 с.
Кітапта деректі материалдар өте көп, Коренюгин, Астахово, Зиньковский неміс хуторларында тұратын адамдардың тізімі, фотосуреттері берілген. Репрессия және Қазақстанға депортациялау кезеңі кеңінен суреттелген. Шульба өлкесінің, оның ішінде Красноярская, Жерновка, Бородулиха, Уба-Форпост ауылдары тарихының мұрағат құжаттары берілген. Сонымен бірге Новошульба ауданының репрессияға ұшыраған адамдарының тізімі жарияланған.
Өлкетану кітапханасына қойылған Людмила Бургардттың «Из истории немецких поселений в Восточном Казахстане (начало XX века - 1941г.)», «Немцы в Восточном Казахстане в 1941-1956 гг.: депортация и жизнь в условиях режима спецпоселения» еңбектерінде көтерілген тақырыпты Лилия Зайдензал жалғастырады.