Қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, ақын-демократ Абай Құнанбаевтың туғанына 170 жыл толуына орай А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы «Біздің Абай» электрондық кітапханасы жобасын жүзеге асыруда.
Осы мақсатта Өскемен қаласындағы №16 мектеп ұжымында «Біздің Абай» электрондық кітапханасының тұсаукесері өтті. Ұстаздар қауымы Абайдың раритеттен бастап заманауи басылымдарға дейінгі мұрасымен толықтырылып жатқан электронды кітапханамен таныса отырып, ақын есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында жасалып жатқан жұмыстарға, фотосуреттерге, деректі фильмдерге назар аударып, толық мәтінді қалай пайдалануға болатынын үйренді.
Ақынның 1909 жылы жарық көрген тұңғыш жинағы, араб тілінде және азербайджан, неміс, грузин, қытай, ағылшын, белорус, башкир, француз, латыш тілдеріндегі шыққан кітаптардың түп нұсқасы оқырмандардың қызығушылығын туғызды. Электронды кітапханамен қалай жұмыс істеуге болатынын кітапханашы З.М. Слямова түсіндіріп өтті. Ұжым басшысы міндетін атқарушы О. Закариянов оқушылар үшін электронды кітапхананың тәрбиелік мәніне назар аударып, кітапхана ұжымына алғыс айтты. Мектеп оқушылары мен кітапхана арасындағы қарым –қатынас жалғасатынына сенім білдірді.