Бұл сұрақтың жауабы кітапхана қызметін және кітаптың қазіргі сандық технологиялар дәуіріндегі рөлін бағалауды қажет етеді. «Қолдаймын» және «Қарсымын» пікірталастарында бәрі біржақты емес, алайда барлық қатысушы тараптардың белсенді ұстанымы мен нақты істері жағдайдың өзгеруіне әсер етеді. Мәселен, 21 қыркүйек – Халықаралық бейбітшілік күні, Өскемен қаласында облыстың мәдени өміріндегі ерекше жарқын оқиғалардың бірі болып, Open Air форматында алғашқы «Shygys Book Fest-2024» кітап фестивалі өтті. Шығыс Қазақстан облыстық кітапханалары ұйымдастырған фестиваль ашық аспан астындағы зияткерлік демалыс мерекесіне айналды. «Бұл жаңа форматтағы алғашқы кітап фестивалі. Біз әрине, толқыдық, барынша дайындалдық: фестиваль өтетін орынды, балалардың, жастардың, ересектердің әртүрлі талғамдары мен қызығушылықтарын ескере отырып, қандай локация құрамыз, не ұйымдастыру керектігін мұқият ойластырдық. Біздің үмітіміз ақталды – фестиваль үлкен жетістікте өтті. Бұған шуақты ауа-райы да, фестивал ұйымдастырылған орын – қала тұрғындарының сүйікті Арбат алаңы да ықпал етті. Біз құрастырған қызықты бағдарлама қатысушылардың түрлі талғамына орай бай болып, озық және жаңадан бастаған кітапқұмарларды біріктірді», – дейді А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының директоры Назым Тлеубекова.
Расында да, Кітап фестивалі ұсынған қызметтердің барлығы жаңалыққа толы болды: дәстүрлі әдебиет көрмелерін кітап инсталляциялары мен жерлес жазушылардың жеке заттары безендірді. Импровизацияланған сахналар мен орындарда авторлармен, оның ішінде басқа қалаларда тұратын қаламгерлермен бетпе-бет кездесулер өтті. Зерттеуші, әдебиеттанушы, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағы мен Еуразия Жазушылар одағының мүшесі, Шыңғыс хан Халықаралық Академиясы мен Қазақстан Республикасы Тарих және қоғамдық ғылымдар Академиясының академигі Жәди Шәкенұлының қатысуы маңызды болды. Оның тарихи фактілерге негізделген шығармалары ойлы, тәжірибелі оқырманға да, жастар арасында да танымал. Шара барысында құрметті қонағымыз фестиваль қатысушыларына өзінің бірнеше кітабын таныстырып, қуанышқа бөледі. Ал фантастика әуесқойлары постапокалиптика жанрының авторы, «Stalker» сериясымен кітаптары жарық көрген Тим Волковпен (А. В. Пестряков) қызықты әңгіме өрбітті. Жазушы қонақтар мен жергілікті авторлар, баспалар мен кітап сату ұйымдары өздерінің қызығушылықтарын жүзеге асырды – фестиваль мен авторлық кездесулер толқынында қатысушылар сүйікті жазушыларының кітаптарын сатып алып, қолтаңба сессияларына қатысып, естелік фотосуреттерге түсті.
Фестиваль бүгінгі кітапхана – тек кітаптар ғана емес екенін көрсетті. Алайда, қазіргі кітапхананың қаншалықты өзгергенін бәрі біле бермейді. Бұл фестивальдің «Кітап бәйтерегі» стикер-беттерінде, жергілікті блогерлердің берген сұхбатынан, Instagram-аккаунттарындағы бейнелердегі қатысушылардың пікірлерінен аңғарылады. Балғын оқырман Аружан былай дейді: «Мен бірнеше мастер-класстарға қатыстым, «Қара және оқы» бейневикторинасында өзімді сынап көрдім, оқу жылдамдығымды тексердім... қаншама фотосурет пен бейнематериалдар түсірдім! Тағы да көргім келеді, мұнда өте қызықты!». Фестивальге келушілердің көбі осындай пікірде болды. Кітапханалар цифрлық ғасыр ұрпағының жүректерінде жұмбақ билікке ие заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін ең алдымен оқуға деген қызығушылықты, әсіресе балалар мен жастар арасында, дамытуға бағыттайды. Мысалы, QR кодтар галереясын аралай отырып, Шығыс Қазақстан қаламгерлері шығармаларының толықмәтіндерін жүктеуге болады. Ал егер мобильді қосымшаны қолданумен құрастырылған квест-ойынына қатыссаңыз, Сіз белгілі бір шығарманы және автордың өмірбаяны бойынша біліміңізді тексеру/дамытумен бірге сканерлеу, аудио және бейне жазу, геолокация координаттар бойынша іздеу және т. б. смартфонды пайдалану дағдыларын да нығайта аласыз. Сондай-ақ, ерекше тартымды жаңалық болған – «Жандандыратын» QR кодтары бар «ШҚО аңыз-әпсаналары» интерактивті көрмесі. Оның тартымды күшін жасанды интеллект көмегімен жасалған «жанды» түрлі-түсті бейнелер көрсетті.
Көріп отырғанымыздай, цифрлық технологиялардың өзі кітап пен оқуға қарсы тұрмайды, оларды біріктірудің түрлі мүмкіндіктері бар. Мұны ұғынған кітапханалар ортақ мақсат – қазіргі адамның үйлесімді дамуына қол жеткізу үшін барынша ізденіп, қолданады. Бүгінгі таңда тартымды экономикалық тренд болып табылатын креативті индустриялар да дәстүрлі мен сандық технологияларды үйлестіру негізінде жүзеге асады. Бұл процеске кітапханалар да қатыса алады – фестиваль барысында мүдделі адамдар үшін мобилография, бейне монтаждау, компьютерлік модельдеу және 3D басып шығару бойынша ІТ-тренингтерге, нейрондық желілер мен жасанды интеллектті пайдалану бойынша сабақтарға шақырумен түрлі мобильді қосымшаларды пайдалану бойынша қажетті кеңестер берілді. Фестивальдің жас қатысушылары да назардан тыс қалмады. Олар «Стикермейкер» шеберлік сыныбында WhatsApp қосымшасында стикерлер жасауды үйренді. Арнайы құлаққаптардағы иммерсивті экскурсиялар әдеттегідей ерекше назарда болды – аудиовизуалды үңілу арқылы серуеншілер фестиваль өтетін жердің, оған іргелес көшелердің, саябақтар мен ғимараттардың тарихымен танысты. Бұл өлкетану білімін дәріптеуде және туған жерлерге зерттеушілік қызығушылықты тәрбиелеудегі Облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының креативті жаңашылдығы.
Барлық кітапханаларда шығармашылық өнертабысы мен өзіндік ойлауы бар қызметкерлер табылады, олар тұрғындарға заманауи креативті экономикаға белсенді қатысуға көмектесе алады. Сурет салатын, жазуды ұнататын немесе басқа шығармашылық қызығушылықтары бар адам технологияның жанкүйерімен бірігіп, ерекше өнім жасай алады, мысалы «сөйлейтін» фотосурет, жанды суреттердегі кітап, интерактивті ойын құралы және т.б. Бірақ мұны кітапханаларға сенім артып, олардың инновациялық жобаларын іске қосу үшін қажетті қаржылық және материалдық қолдаусыз жүзеге асыру қиын.
Фестиваль кітапхананың үлкен әлеуетін, оның ішінде шығармашылық салалардың қызықты субъектісі ретінде көрсетудің бір түрі болды. Мысалы, кітапханалық кәдесый өнімдері: 3D принтерде жасалған телефондарға арналған салпыншақтар мен тіреуіштер, көзілдіріктер, шоперлер, сублимациялық басып шығарылған кітап кейіпкерлерінің суреттері бар футболкалар, түпнұсқа магниттер және әдеби тақырыптағы ашық хаттар. Бұл тек кітапханаларда бар шағын технологиялармен ғана, егер техникалық және технологиялық мүмкіндіктерді арттырсақ, қаншама қызықты нәрсені жүзеге асыруға болады?!
Кітап фестивалінің ең бақытты қатысушылары – балалар болған сияқты. Әрине, басқаша қалай?! Балалар айналасына ашық жүрекпен қарайды, біз олардан әлемді бар күйінде қабылдауға және одан өз қуанышымызды табуға үйренуіміз керек. Сондықтан, барлық кітапханашылар балалар кітабының сапасына алаңдайды, тіпті оларды жасауға балалардың өздерін тартады – фестивальде «Ёжиство-Художество» шығармашылық мектебінің жас жазушылары мен суретшілерінің кітаптары ұсынылды, басқа балалардың суреттері жоғарыда аталған «ШҚО аңыз-әпсаналары» жобасын безендірді.
Фестиваль әр балаға ойын викторинасында немесе оқу жылдамдығында жарысып, қызықты квесттер мен шығармашылық шеберлік сабақтарына қатысып, өзгелерді біліп, өздерін көрсетуге мүмкіндік берді. «Соңғы жылдардағы технологиялық жетістік балалардың оқуында да көрініс тапқаны сөзсіз. Соңғы жылдары сыныптастарыңның алдында дауыстап оқып, бөгеліп қалып, сөздерді шатастырып, күлкіге қалу тәрізді психологиялық қорқыныштар пайда болды. Мұның бәрі әлеуметтік желілерде бірден таралуы мүмкін. Міне, бұл кезде біздің кітапханаға жүгінуге болады: біз кітап оқумен бірге пайдалы технологияларды игеруге көмектесеміз, мұның барлығы білім алу процесін қызықты әрі танымды етеді», – дейді Шығыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры Назгүл Кенжебекова.
Көру қабілеті жоқ адам әлемді қалай «көреді»? Оның өмірінде кітап пен оқу бар ма? Кітап фестивалі инклюзивті саладағы кітапхананың өзгеруін де көрсетті. Сонымен, Зағип және нашар көретін азаматтардың облыстық арнайы кітапханасының мүмкіндіктері көпшілікке аян болды. Жалпы зағип жандарға арналған Брайль шрифтімен шығарылған аудиокітаптар мен әдебиеттердің тапшылығына жауап ретінде, көру қабілеті нашар адамдарға арналған үлкен қаріппен басылымдардың жетіспеушілігіне байланысты, арнайы кітапхана оларды өздері жасай бастады. Фестивальде арнайы кітапханашылар тифлотехника бойынша жұмыстарын көрсетіп, өз басылымдарын ұсынып, көрмеге келушілерді өздерінің ерекше әлемімен таныстырды. Мысалы, ниет білдірушілер жұмбақ сандықтан заттарды сипап-сезу әдісімен анықтауға тырысты, магниттік әріптерден сөздер жинады, арнайы бейімделген дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ, тіпті үстел теннисін қадағалап, арнайы адамдардың әлемімен танысудағы әсерлерімен бөлісті. Фестивальге арнайы концерттік бағдарлама дайындаған ерекше әртістерге де қошемет көп болды. Сүйікті шығарманы немесе «Еркін микрофонда» жеке шығармасын оқығысы келетіндердің арасында мүмкіндігі шектеулі авторлар мен оқырмандар да белсенді болды. «Ерекше адамдардың мүмкіндіктері шектеулі емес. Ерекше адамдар әлемі де өте бай және алуан түрлі екенін айтқымыз келеді», – дейді Зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған Шығыс Қазақстан облыстық арнайы кітапханасының директоры Бекайым Уябаева.
Кітапханалар жауапты серіктес бола алады. «Shygys Book Fest-2024» кітап фестивалі кітапханалар мен жазушыларды ғана емес, сонымен қатар тәуелсіз кітап клубтарын, баспаларды, мұражайларды, филармонияны, театрды, кітап сату ұйымдарын..... біріктірді. Сондай-ақ, оны өткізуге оқырмандар, шебер қолөнершілер, косплей («костюм ойыны») жанкүйерлері де белсенді ат салысты. «Креативті Арт», «5 чувств», «Сиқырлы бояулар», «Бумфети»... балалар шығармашылық студиялары да кішкентай қатысушыларды қуанту үшін белсенді жұмыс істеді. Балалар үлкен ынтамен слаймдар жасап, тоқыма тоқып, өрумен шұғылданып, Kids FM Балалар мектебі Радиосының тындалым іріктеуіне қатысты, MARIYA_ZUMBA®️EVENT-пен бірге би биледі.
Фестивальде оқуға құмар жастар ұйымдары да керемет тартымдылық орнын құрды. Кеңінен танымал, әсіресе студенттік ортада барынша мәлім «Шабыт» жастар театры мен «QADAM» поэзия студиясы арнайы шығармаларын оқып, әдеби өнерлерін көрсетті. «Әлем қиылысы» фантастика әуесқойлары клубының және Өскемен Косплей қауымдастығының бірлескен шығармашылығы жарқын шоуға айналды, олардың танымал вебтундардағы кейіпкерлері (корей комикстер) жастардың, комикстердің, аниме мен манганың жанкүйерлерінің көңілінен шықты.
Әрине, кез-келген жобаның жетістігі – кәсіби ынтымақтастық. Шығыс Қазақстан облыстық көпшілік, балалар-жасөспірімдер және арнайы кітапханалар, О. Бөкей атындағы орталық қалалық кітапхана жалпы мақсат- міндеттермен біріктірілген бір команда болып жұмыс істеді.
Әрине, егер ғимараттарды жаңартып, заманауи технологиялармен байытып, қажетті қаржыландыруды арттырса, кітапханалар жаңа уақыттағы қиындықтарға жауап беретін оқуға және жұмыс істеуге тартымды жағдай жасап, бірнеше есе үлкен және ауқымды шараларды да атқара алады. «Көппен көтерген жүк жеңіл» дегендей, кітапхана серіктестерінің қатарында бизнес өкілдері, депутаттық корпус, билік құрылымдары болса және олар тек бастамаларды талап етіп қана қоймай, жұмыла кіріссе – бірлесіп атқарған іс ұтымды болары сөзсіз.
Саналы қоғамда цифрлық технологиялар кітаппен қатар жүріп, оқу процесіне көмектеседі, өйткені жақсы кітап, баспа немесе электронды болсын, жан-тәнімізбен өсуге, сұлулықты түсінуге және эмпатияны нығайтуға, бір-бірімізге жанашырлық пен қолдау көрсетуге ықпал етеді. Мұндай адамдардың қоғамында қауіпсіздік пен сенімді болашақ атмосферасы қалыптасады, бұған әрқайсымыз – қарапайым тұрғындар мен элита, биліктегі әрі бай адамдар, балалар мен ата-аналар, қарттар мен жастар ұмтыламыз. Біздің өмірімізде ұзақ уақыт бойы ақылды кітаптар, әлемді нәзік сезінетін авторлар және сөз бен бизнеске құмар оқырмандар болатынына сенгіміз келеді және осыған үлкен үміт артамыз...
Бибігүл Шағиева, Меруерт Жайлибаева,
А .С. Пушкин атындағы ШҚО кітапханасы