2003 жылдың 22 мамырында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Ирак халқына елді қалпына келтіруге көмектесуге шақырған резолюция қабылдаған болатын. Соған байланысты және бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелеріне сәйкес, Қазақстан ел Парламентінің қаулысымен Ирактағы тұрақтандыру күштерінің құрамында бітімгершілік қызметке қатысу үшін "Қазбат" бітімгершілік батальонының инженерлік-саперлік бөлімшесі аттандырылды.
Халықаралық міндеттемелерді орындауда, әскери-саяси ұстанымдарды, мүдделерді және жалпы алғанда, әлемдік аренада еліміздің абыройын ілгерілетуде бітімгершілік қызметтің мемлекет үшін маңызы орасан зор болды.
Миссияның басталысымен ҚР Қарулы Күштерінің өкілдері 4 миллионнан астам жарылғыш затты жойды, 6718 текше метр ауызсуды тазартты. Қазақстан Қарулы Күштерінің нұсқаушылары 2005 жылдан, тәжірибе алмасу шеңберінде Ирак Әскери академиясының 572 курсантын сапер ісі мамандығына оқытты. Бұған қоса, Қазақстанның әскери дәрігерлері Американың "Дельта" базасының медицина тобына жұмылдырылып тұрды, онда жергілікті халық пен коалицияның лаңкестік әрекеттерден зардап шеккен 5000-нан астам өкіліне медициналық көмек көрсетілді.
Осындай әлемдік маңызы зор миссияны атқарушылардың қатарында, жерлесіміз Қайрат Құдабаев та бар еді. Өкінішке орай, әскери борышын орындау барысында 2005 жылдың 9- қаңтарында жас жауынгер Қайрат Иракта Эс-Сувайра қаласы, Васит провинциясында кезекті тапсырманы орындау кезінде украиндық бітімгершілермен бірлесіп жоюға арналған заттарды түсіріп жатқанда жарылыс болып қаза табады.