Бағалай білген, саралап, сараптай білген жанға Абай әлемі - ұшы-қиыры жоқ шексіздік, түпсіз тереңдік немесе ғажапқа толы ғарьштық кеңістік іспетті. Абайдың шығармаларын, оның өмірбаянын бір емес, әлденеше қайталап, басына жастап жатып оқыған аса бір кітапқұмар адамдарды былай қойып, «Абайды, оның өскен-өнген ортасын, жүріп өткен соқтықпалы, соқпақсыз өмір жолын, айналасы теп-тегіс жұмыр өлеңдерін, сондай-ақ, ақынға тікелей қатысты басқа да дүниелерді тұтас таныдым, толық зерттеп болдым» деген оқымысты, я болмаса ғалым адам бар дегенге илану қиын болар.
Сырт пошымы мен пішіні өзге кітаптардан еш айырмасы жоқ «Абай әлемі» деп аталатын, кішкентай ғана көгілдір кітапшаның үстелімнің үстінде жатқанына бір апта боп қалды. Авторы - Зайсан өңірінің дуалы ауыз ақсақалдарының бірегейі, сол елдің үлкен-кішісінің құрметіне бөленген, 20 шақты кітап жазған қаламгер Қалибек Алтыбаев (суретте) ақсақал.
Редакцияға бір келгенінде: - Бауырым, мынау ағаңның ұзақ жылғы еңбегінің бір парасы еді. Уақытың болса қарап, қажет деп тапсаң, пікіріңді білдірерсің, - деген елеусіздеу ғана. Әлгі кітапты қолыма бір емес, бірнеше рет алдым да. Әр алған сайын кемі бір-екі сағаттай шұқшиып көрдім. Бірақ бірден «бұл кітап алай екен, бұлай екен» деп пікір білдіре алмадым. Өйткені, бұл кітап - олай деп жуық арада жүрдім-бардым әрі асығыс-үсігіс атүсті баға бере салатын көп кітаптың бірі болмай шықты. Бұл кітаптың өзге кітап біткеннен артықшылығы мен ерекшелігі және ең маңыздысы күрделілігі де бастан аяқ сөзжұмбақ жасырылуында.
Сөзжұмбақ болғанда да, ойдағы-қырдағы өзен-көлдер немесе үлкенді-кішілі мемлекеттер, олардың ақшаларының атауы, әлемге әйгілі спортшы немесе әртістер мен әнші-бишінің есімдері жасырылған, сіздермен біздер газет біткеннің бетінен күнде көріп жүрген көбедей көп сөзжұмбақ емес.
Бұл кітаптың құндылығы - сөзжұмбақтардың бірінші бетінен бастап, соңғы бетіне дейін тұнып тұрған, тамыры ажырамастай боп тұтасып жатқан Абай әлеміне арналуында. Бір қайран қаларлығы, осы бір кішкентай ғана көк кітапшаның өн бойынан М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы кез келген кейіпкердің есімі мен жер-су аттарын, қоңсылас қыстаулар мен жаз жайлауларының атауларын, ел ішіндегі беделді ру атаулары “мен романдағы тараулардың атауларына дейін, одан қала берді Абайдың айналасындағы туыс-туған адамдардың, сол кездегі көрші-қолаң, дос-дұшпандардың есімдерін, ол аз болса өлеңдерінің жеке-жеке атауларын айтпағанда, тұтас бір өлең жолдарын, тіпті әйгілі қырық бес қара сөзінің ішіндегі небір керемет пәлсапаларын табуға болады. Тоқ етерін айтар болсақ, бұл кітапты - Абай әлемінің энциклопедиясы деуге болады.
Осы кітаптың 270 бетін ала орналасқан 150 сөзжұмбақты толығымен шешіп шығу, әй, адам баласының қолынан келе қояр ма екен? Ол үшін шапқан аттай зымыраған уақытты айтпағанда, қасыңда бір-екі көмекшімен қатар бір қолыңда осы сөзжұмбақ кітабы болса, алдыңда «Абай жолы» эпопеясының толық нұсқасы және Абайдың бүкіл өлеңдері мен қара сөздерінің жинағы жатуы керек болар. Онсыз кітаптағы сөзжұмбаққа мүлтіксіз әрі мүдірмей дұрыс жауап беру мүмкін емес.
Міне, Абай бізге осынысымен түпсіз терең. Осынысымен ұшы-қиырсыз шексіз әрі ғарыштай ғажайып кеңістік. Осындай адам ойының алыбына арнап бұрын-соңды еш баспадан жарық көрмеген айрықша күрделі еңбек жазған Қ.Алтыбаевтың өзі кәсіпқой әрі әсіре сөзжұмбақшы екендігінде дау жоқ. Сонымен қатар автордың осы кітапты құрастыру барысында Абай әлеміне бір емес, бірнеше мәрте саяхат шеккені, алған мағлұматтарын саралап, санасына әбден тоқығаны да менмұндалап көрініп тұр. Сосын, кітап авторының адамзат баласының ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, зеректігі мен аса тапқырлығын қажет ететін, білген сайын білмекке деген құмарлығын арттырып, ғылымын, білімін кемелдендіре түсетін сөзжұмбақ түрлерін жілік-жілікке бөліп тұрып терең әрі ғылыми тұрғыда мұқият зерттеген адам екендігін жазбай тануға болады. Осы тұрғыдан алғанда Қалибек ақсақалдың бұл кітабы аса құнды әрі өте күрделі еңбек.
Тек зайсандықтар немесе шығысқазақстандықтар үшін ғана емес, бүкіл қазақ баласы үшін сүйінші сұрарлық бір жағымды жаңалық жетті құлағымызға. Қалибек ағаның осынау аса күрделі еңбегі үш тілде, яғни қазақша, орысша және ағылшын тіліне аударылып «Гиннестің рекордтар кітабына» ұсынылған көрінеді. Кітаптың рекордтар қатарынан орын алар-алмасын (ылайым алсын деп тілейік) уақыт көрсетер.
Ал әзірге бұл кітап Абай бабамыздың өз тілімен айтар болсақ, білгенге маржан болып тұр екен. Жер бетіндегі мыңдаған ұлт пен ұлыстың арасында қазақ дейтін халықтың ғана маңдайына біткен кемеңгерін, оның өресі биік өлеңдері мен мағынасы терең ойларын; қасиетті елі мен жерін, дәстүрі мен ғұрып-салтын тағы да басқа құндылықтарын әлемнің өзге халқы осы кітап арқылы танып-біліп, таңырқасып жатса несі мін, несі айып? Бұған тек ел боп, жұрт боп қуануымыз керек.
Бизнесте бақтары жанып, пешенелеріне дәулет біткен мәрт мінезді азаматтарымыз кітаптың үш тілде басылып шығуына мүмкіндігінше қол ұшын беріп жатса қандай жарасымды.
Құсанбаев Серік
Дидар, 2016. - №39