марқакөлдік Ұлы Отан соғысының ардагері Ибраев Құнапия туралы)
Тарих көші үнемі жаңаланып отырады. Десе де ұмытылмайтын, ескірмейтін тарихи оқиғалар бар. Соның бірі әлемді дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыстың қасіреті мен Ұлы Жеңістің қасиетін, батыр ағаларымыз бен апаларымыздың ерлігін ешкім де ешқашан да ұмытпақ емес. Солардың жанымен, қанымен, терімен, көз жасымен, күшімен, ісімен, ерлігімен, атаның туын жықпай, ананың намысы үшін туған жердің топырағын жауға таптатпай, еңіреп жүріп жауды жеңіп, тауын шағып, туын жығып, жеңістің таңбасын басқан күн - Жеңіс күні. Бұл күннің толғағы ащы болса да, халық үшін қуаныш болған күн. Сондықтан да бұл Ұлы мереке. Жеңіс жеңілдікпен келген жоқ. Осы қан майданда мерт болған ерлердің рухына, бүгін арамызда асқар таудай болып жүрген аталарымызға бас иіп тағзым ету бүгінгі ұрпақтың парызы.
Ел тарихында Ұлы Отан соғысы деген атаумен қалған қанды кезеңде бір миллион екі жүз мыңнан аса қазақстандық жау оғына қарсы тұрған екен. Сол миллионның қай-қайсысы да өз алдына бөлек шежіре, өз алдына қайталанбас тарихи ерлік. Өйткені олардың әрқайсысы ел шетіне тұтқиылдан тиген жауды тықсырта жеңуге үлес қосты. Біздің әңгімемізге арқау болып отырған мақаламыздың өзегі-қарапайым қазақтың бір отбасынан шыққан жандардың бірі, Ұлы Отан соғысының ардагері, әкеміз - Ибраев Құнапия Ыбырайұлы. 1917 жылы Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданында дүниеге келген. Төрт сыныптық білімі бар. 1939 жылдың 7-ші ақпанында Семей қалалық әскери комисариатының шақыртылуымен Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге номері 543 –ші Гаубично атқыштар полкіне қабылданады. Азаматтық борышын өтеп, елге ораламын дегенде сұм соғыс басталып, майданға аттанады. Соғыстың басынан аяғына дейін қатысып, өзі қабылданған Гаубично атқыштар полкінде 1943 жылы құрылғы командирі болып, Ленинград қаласының блокадасын бұзуға қатысқан. Әкеміз соғыс даласында жауға қарсы қолданылатын 76 миллиметр гаубицаның атқышы болған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде, әсіресе кеңестік қарулы күштер үшін шешуші рөл атқарған бұл қару түрінің соғыс тарихында алатын орны бөлек еді. Ал қорғаныс саласының негізгі шабуылшы күші артиллерия екендігі белгілі. Атқыштар полкінің құрамында соғыс жолын жалғастыра отырып, 1945 жылы Германияның Берлин қаласына дейін жеткен. Осы жылдың сәуір айында Берлин қаласының түбінде болған қанды шайқастардың бірінде оң қолынан жарақат алады.
Соғыстан кейін 1946 жылы 15 мамырда КСРО Жоғары Кеңес Президимының Жарлығымен қарулы күштер құрамынан босатылып елге қайтқан.
1946 жылы елге оралған майдангер әкеміз соғыстан кейінгі жылдары бейбіт елдің экономикасын қалпына келтіруге де өз үлесін қосты. Ол қалған ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнады. Анамыз Күлшекермен отау құрып, алты бала - үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді.
Ол туралы замандастары «Бір қарағанда сұстылау, суық мінезділеу көрінетін майдангер шын мәнінде үлкен жүректі азамат» еді деп еске алатын.
Ұлы Жеңісті Берлиннің түбінде қарсы алған атамыз Құнапия Ыбырайұлының кеудесі орден –медальдарға толы еді. «Ленинград қаласын қорғағаны үшін»(1942), «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» (1945), «Ленинград қаласының 250-жылдығынан естелік» (1957), Ұлы Жеңістің 25, 40 жылдығына мерейтойлық медальдарымен, «Ұлы Отан соғысының 1-ші дәрежелі» орденімен (1985), бейбіт өмірдегі еңбегі үшін «Еңбек Ері» (1978) медалімен марапатталған.
Біз үшін әкеміз өзі бір өмір мектебі еді. Балаларын жақсы адами қасиеттерге тәрбиелеп, ақыл-кеңес беріп, әрқашан да жақсылыққа бейім тұруға, айналасындағыларға көркем мінезбен үлгі бола білуге тәрбиеледі. Қамқорлық қасиетімен қашан да айналасындағыларға үлгі бола білді.
Бүгінде Құнапия Ыбырайұлының артында жақсы аты, өнегелі жолы, мақтан тұтарлық ұрпақтары мен қан майдан даласында жасаған ерлік істері қалды. Біз артында қалған ұрпақтары әкемізді мақтан тұтамыз.
Бүгінгі ұрпақ тәуелсіз елде, бейбіт аспан астында өмір сүріп жатыр. Ел ертеңі үшін кеудесін от пен оққа тосып, осы күндерді сыйлаған, батыр ағаларымыз бен апаларымыздың ерлік істерін ешкім де, ешқашан да ұмытпақ емес.
Елдос Құнапия немересі