kl kz



>
Шығыс Қазақстан Интернетте
Мәдениеті мен өнері
Туристерге
Тарих беттерінен
Маңызды оқиғалар
«Туған өлкем – тұнған тарих» дәрістер циклы
ШҚО ауылдарының тарихы
Өскемен жайлы не білесіз?
Өскемен қаласының тарихы
Өскемен қаласындағы көшелер тарихы
Ескерткіштер
Аудан паспорттары
Шығыс Қазақстан облысы
Шемонаиха ауданы
Өскемен қаласы
Риддер қаласы
Алтай ауданы
Глубокое ауданы
Зайсан ауданы
Катонқарағай ауданы
Күршім ауданы
Марқакөл ауданы
Самар ауданы
Тарбағатай ауданы
Үлкен Нарын ауданы
Ұлан ауданы
Семей қаласы
Курчатов қаласы
Аягөз ауданы
Абай ауданы
Бесқарағай ауданы
Бородулиха ауданы
Жарма ауданы
Көкпекті ауданы
Үржар ауданы
Уланский район
Урджарский район
Шемонаихинский район
Алтын Алтай фольклоры
Алтай аңыздары
Шығыс Қазақстанның музыкалық мұрасы
Шығыс Қазақстанның әдеби мұрасы
Өлке табиғаты
Табиғи қорықтар
Табиғи ресурстар
Шығыс Қазақстанның 25 ғажайып орны
Шығыстың шипажайлары
Барлық-Арасан шипажайы
«Баян» шипажайы
Рахман қайнары
Уба шипажайы
Киелі орындар
Абылайкит
Берел қорымы
Қоңыр әулие үңгірі
Шілікті алқабы
Ашутас
«Алаш арыстары» үйі (Семей қ.)
Семей полигоны құрбандарына арналған «Өлімнен де күшті» монументі (Семей қ.)
Ф.М. Достоевскийдің әдеби-мемориалды үйі (Семей қ.)
«Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені
Қозы Көрпеш пен Баян сұлу мазары
Мұзтау
Соғыстың цифрлық жылнамасы: Шығыс Қазақстанның 1941-1945 жылдардағы ҰОС Жеңісіне қосқан үлесі туралы
Кеңес Одағының батырлары
Даңқ орденінің толық иегерлері
Брест қамалын қорғауға қатысқандар
30 - Гвардиялық дивизия
Жасырын партизандар
Еңбек армиясына қатысқандар
Тылда да Жеңіс шыңдалды
Ақын және майдангер-жазушылар кітаптарының виртуалды көрмесі
Соғыс ардагерлерінің естеліктері
Өлкетану альманағы
Өлкетану альманағы 2024
Өлкетану альманағы 2023
Өлкетану альманағы 2022
Өлкетану альманағы 2021
Өлкетану альманағы 2020
Өлкетану альманағы 2019
Өлкетану альманағы 2018
Өлкетану альманағы 2017
Өлкетану альманағы 2016
Өлкетану журналы 2014
Өлкетану альманағы 2015
Өлкетану альманағы 2013
Әріптестеріміздің шығармашылығы
Геология
Өлке зерттеушілері
Тарих. Этнография. Мәдениет
Қаламгерлер жайында
Білім беру
Ономастика
Дін
ҰОС жылдарында (1941-1945) ЕҢБЕК АРМИЯСЫ қатарында болған шығысқазақстандықтар
Бейнетоптама
Шығыс Қазақстан әдебиеті
Шығыс Қазақстанның әдеби және есте қаларлық орындары
Фэнзин фантастикалық журналы
Виртуалды көрмелер
Қ. Мұхамедханов: библиографиялық көрсеткіш
Экран дикторы

linka

(Мұхтар Әуезовтің туғанына – 125 жыл)

Рашит ӘЛ-КАРЕНИ (КАРЕНОВ) – экономика ғылымдарының докторы, профессор

Мұхтар Омарханұлы Әуезов өмір бойы өз ұлтының рухани мұрасын, мәңгілік құндылықтарын, мәдениеті мен әдебиетін байытудың жолдарын қарастырумен болды. Ол туралы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрлан Оразалин М. Әуезовтің 100 жылдығына орай өткен Халықаралық симпозиумда оқылған баяндамасында былайша толғанған еді: «Әуезов – қазақ болмысы мен мінезінің ғажайып айнасы, қазақ өмірінің кең тынысты көркем әдебиет пен көркем өнердегі келісті кескіні, қайталанбас полотносы, реалды шындығы, кемеңгерлік кестесі. Өзі туған ұлтын бар артық-кемімен ішінен үңги отырып тану, зерттеу, соны өзіне ғана, яғни, қазаққа ғана емес, жұмыр жердің ұлы төсін жайлаған кез-келген ұлтқа, әрбір жұмыр басты пендеге түсінікті ете отырып, таныту – Әуезов әлемінің сиқырлы да сырлы қуаты» [1; 5]. Өмір бойы «Алаш» ниеттестігі алдынан шыға берген кемел ойлы, дана адамға халыққа қызмет етудің екі жолы тұрды. Біріншісі – жазушылық, екіншісі – ғылым жолы. Бұл екі жол да Қазақ Елі үшін аса қажет болатын. Мұхаң осы мақсатына адал болды. Ойға алғандарын абыроймен атқарып шықты. Сондықтан да, Мұхтар Омарханұлы халқына қандай адал қызмет етсе, халқы да өзінің дана перзентінің есімін пір тұтады, мақтаныш етеді.

Суреткердің ұлылық тұлғасы мен даңқының уақыт озған сайын үдей түсуі

Үлкен өнер жолындағы сәтті де күрделі сапарын 1917 жылы «Еңлік-Кебек» пье­сасынан бастап, 1961 жылы «Өскен өркен» романымен аяқтаған Мұхтар Әуезов бүкіл дүние жүзі әдебиетінің алтын қорына елеулі үлес қосты. Тынымсыз іздену мен зор шабыт үстінде өтіп, қырық бес жылға созылған жемісті еңбегі нәтижесінде жарық көрген тамаша шығармалары жөнінде әр кезде және сан алуан пікірлер айтылып келді. Қазірдің өзінде академик-жазушының өмірі мен өнеріне, ғылыми еңбегі мен қоғамдық қызметіне арналған жүздеген мақалалар, зерттеу-тексерулер, естелік сипаттамалар, ондаған кітаптар, монографиялар бар. Мұқтар Омарханұлы 1897 жылы бұрынғы Семей уезі, Шыңғыстау болысының № 8 ауылына қарасты Аяққараған деген жерде, орта дәулетті отбасында дүниеге келген. Әкесі Омархан мен атасы Әуез сауатты адамдар болған. Жеті-тоғыз жас аралығында ауыл мектебінде сауатын ашқан. Немере ағасы Қасымбек оны жаз бойы өзі дайындап, 1910 жылы Семей қалалық бес кластық орыс қазына училищесіне оқуға орналастырған. Училищені 1915 жылы аяқтап, Семей қалалық мұғалімдер семинариясына түскен. Жас Мұхтар семинарияда оқып жүріп, шығармашылықпен айналысады. Шәкерім Құдайбердіұлының «Жолсыз жаза» дас­танының негізінде «Еңлік-Кебек» пьесасын жазып, оны 1917 жылдың маусым айында Ойқұдық деген жерде Абайдың қызы Кенже мен Әйгерімнің тіркестіріп тіккен киіз үйінде сахнаға шығарады. Мұхтардың өзі режиссер, әрі суфлердің міндетін аткарады. Бұл қойылым оған үлкен шабыт беріп, өнерін ұштап, жетілдіруге мүмкіндік жасайды [2; 6]. М.Әуезов Семейде «Алаш жастары» одағын құрып, түрлі бірлестік, үйірмелердің ашылуына ұйытқы болды. Ж.Аймауытовпен бірігіп жазған «Қазақтың өзгеше мінездері» атты тұңғыш мақаласы 1917 жылы 10 наурызда «Алаш» газетіне басылды. Алашорданың бірден-бір үні «Сарыарқа» газетінде (1917-19) жастарға бағытталған «Адамдық негізі – әйел», «Оқудағы құр­быларыма», «Қайсысын қолданамыз» сынды тырнақалды көсемсөздерін жариялады. Жас қаламгер 1918 жылы 5-13 мамырда Омбы қаласында өткен Жалпықазақ жастарының құрылтайына қатысып, осы жиында дүниеге келген алашшыл бағыттағы «Жас азамат» атты Бүкілқазақтық жастар ұйымының Орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланды. 1918 жылы ақпан-қазан айларында Ж.Ай­мауытовпен бірге алашордашыл қа­зақ жас­тарының ғылыми-әдеби һәм ша­руа­шылық «Абай» журналын шығарып тұр­ды. Осы басылым бетіндегі жалынды жазбаларымен жастардың көсеміне айналды, ұлтшыл ой-пікірі мен қарымды қаламы қалыптасты. Алашорда таратылып, тыйым салынған соң, М. Әуезов те басқа Алаш қайраткерлеріндей ұйымның астыртын жұмысына араласты. Алашорда көсемдері мен мүшелеріне амнистия жарияланған тұста қазақ зиялылары бірте-бірте кеңес қызметіне тартыла бастады. Совет үкіметі орнағаннан кейін өз өмірі жайлы жазушы «Менің өмірбаяным» атты естелігінде былайша ой толғайды: «Семейдің мұғалімдер семинариясын 1919 жылдың бас кезінде бітірдім де, Семей облысында Совет өкіметі орнаған соң, қоғамдық қызметке араластым. Алғаш Семейдің Облыстық ат­қару комитетінде, одан соң Орынборда ҚазЦИК-те қызмет істедім. Сол кезде драматургия мен журналистикада өз қаламымның күшін де байқап жүрдім. 1922 жылдың күзінде Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетіне еркін тыңдаушы боп түстім. «Шолпан» журналымен байланыс жасап, сонда ескі қазақ аулының тіршілік-тұрмысы мен әлеуметтік құрлысының сиықсыздығын суреттеген бірнеше әңгіме бастырдым. Бір жыл өткен соң Ленинград мемлекеттік университетінің филология бөліміне түстім. Сонда 1928 жылға дейін оқыдым. Содан кейін, Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университеті Шығыс факультеті жанындағы аспирантураға түстім» [3; 61-62]. Жазушының 1917-1918 жылдары жазған мақалаларыньң барлығы дерлік, тақырып атауларынан-ақ байқалып тұрғандай, ауыл үй арасының ұсақ-түйек шаруаларын емес, сол кезеңнің негізгі көкейкесті ірі қоғамдық-әлеуметтік мәселелерін сөз етеді. Mұның да өзіндік заңдылығы бар. Өйткені, әркім өз дәуірінің, өз өскен ортасының перзенті. Жиырмасыншы жылдары Мұхтар Омарханұлы «Арғын», «Жаяусал», «Қоңыр», «Айғақ» деген лақап аттармен бірсыпыра әңгімелер жариялады. Олар: «Оқыған азамат» (1923), «Қыр суреттері» (1922-23), «Қыр әңгімелері» (1923), «Үйлену» (1923, баста – «Жас жүректер»), «Сөніп-жану» (1923, баста – «Заман еркесі»), «Кім кінәлі» (1923), «Ескілік көлеңкесінде» (1925), «Жетім» (1925, баста – «Тас жетім»), «Барымта» (1925, баста – «Қанды түн»), «Кінәшіл бойжеткен» (1925, баста – «Қазақ қызы»), «Қаралы сұлу» (1925). Мұхтар Әуезовтің алғашқы шығар­малары, негізінде, газет-журнал­дардың бет­терінде үзбей жарияланып тұрғаны болмаса, өз алдына кітап ретінде басылып шы­ғуы ол жылдары оңайға түсе қоймайтын еді. Соның өзінде жазушының жеке кітаптары ша­ғын көлемде, аз тиражбен жарық көріп жүрді. Мәселен, «Еңлік-Кебек» (1922), «Қорғансыздың күні» (1922), «Бәйбіше—Тоқал» (1923), «Қаракөз» (1926), «Қараш-Қараш оқиғасы» (1927), «Қилы заман» (1928) және басқалар [4; 196]. Отызыншы жылдары жазушы жаңа творчестволық белеске өрледі. Бұл бағытта оның бір топ әңгімесі («Қасеннің құбылыстары», «Білекке-білек», «Іздер», «Шатқалаң», «Құм мен Асқар», «Бүркітші») жарық көрді. Осы уақытта ол пьесалар дайындауға көп назар аударды. Ең алғаш «Еңлік-Кебекпен» қаламын ұштаған суреткер «Октябрь үшін» (1932), «Айман-Шолпан» (1933), «Тартыс» (1933), «Түнгі сарын» (1934), «Тас түлек» (1935), «Ақан-Зайра» (1935), «Алма бағында» (1937), «Шекарада» (1937), «Ақ қайың» (1938), «Бекет» (1938), «Қалқаман-Мамыр» (1938), «Абай» (1940) пье­саларын жазып, еліміздің көркем өнер шаңырағын биіктете түседі. Осылармен қоса В. Пруттың «Жойқын князь Мстислав» (1933), H.В. Гогольдің «Ревизор» (1936), А. Афиногеновтың «Қорқыныш» (1934), Н. Погодиннің «Ақсүйектер» (1936), К. Треневтің «Любовь Яровая» (1937), Шекспирдің «Отелло» (1938) пьесаларын, Л. Толстойдың «Булька» (1936), «Тойтарқар» (1938), Дж. Лондонның «Қасқыр» («Ақ азу», 1936) әнгімелерін қазақ тіліне аударады. Отызыншы жылдардан бастап, Әуезов Абай тақырыбына ден қойды. 1936 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Татьянаның қырдағы әні» дейтін прозалық үзінді жариялады. Бұл бола­шақ романның бір тарауы еді. Осыдан соң Мұхаң 1940 жылы орыс жазушысы Л.Соболевпен бірлесіп, «Абай» трагедиясын жазды. Мұнда Абай өмірінің соңғы кезеңі алынған. Тарихи трагедия ұлы ақын­ның «мыңмен жалғыз алысқан» трагедиялы тағдырын көзге елестетті. Осы аттас операға да либретто желісін тарт­қан «Абай трагедиясы» содан бері театр сахнасынан түспей келеді [5; 55]. Көп зерттеп, ұзақ толғанып кіріскен «Абай жолы» романын Мұхаң 15 жылға жуық жазды. Кейін «Абай жолы» деп аталған төрт томдық роман-эпопеяның алғашқы екі кітабы «Абай» деген атпен шығып, бірінші кітабы 1942 жылы, екінші кітабы 1947 жылы жарық көрді. Ал, соңғы екі кітабының біріншісі «Ақын аға» деген атпен 1950 жылы, «Абай жолы» деген атпен 1952 жылы, екіншісі «Абай жолы» деген атпен 1956 жылы жарияланды. Романның әрбір кітабы іле орысшаға аударылып отырды. Сонымен, жазушының өмірі мен еңбегі халық үшін қаншалықты маңызды болғанын тарихтың өзі дәлелдеді. Бірақ та, оның бүкіл өмірі тағдырдың тауқыметі мен ауырт­пашылығына толы болды. Халықтың ар-ожданы, оның ойы мен арманының көрінісі болған «Алаш» ұйы­мының басшылары қызылдардың құрығына түскен кезде олармен бірге Мұхтар Әуезов те қуғын-сүргінге ұшырады. Тағдыр оны ең ауыр қатерден аман алып қалды. Алайда, «буржуазияшыл ұлтшылдығы» үшін тағылған дәлелсіз айыптау өмірінің соңғы күндеріне дейін қара елес сынды соңынан қалмай қойды. Ол 1922 жылы 7 наурыз күні өзінің пі­кірлес досы, Казақ АКСР-і ОАК-нің мүшесі С. Сәдуақасов екеуі РК(б)П ОК-нің арнаулы өкілі В.Г. Юдовскийге қазақ ұлтына большевиктер тарапынан қолданылып отырған жазалау мен шеттету саясатына қарсылықтарын білдіріп, комитет алдына: ұлттық теңсіздік пен сауатсыздықты, аштық пен жоқшылықты жою, отарлаушылар тартып алған жерлерді қазаққа кайтып беру және оған өзінің ежелгі иелерін қоныстандыру, өндіріс пен мемлекеттік қызметке қазақтарды тарту, ісқағаздарын ана тілінде жүргізу және қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жариялау, ұлттык оқу-ағарту, ғылым, баспасөз саласына ерекше көңіл бөлу мәселелерін төтесінен қойды. Міне, осы хаттан соң, М.Әуезовті саяси сахнадан шеттету науқаны басталды [6; 5]. Ұлы суреткер 30-шы жылдарда да, 40-шы, 50-ші жылдарда да тоталитарлық режим органдарының жазалау қылышы өзіне талай рет төнгенін бүкіл болмысымен сезіп-біліп отырды. Әсіресе, ХХ ғасырдың 50-ші жылдары жоғарғы жақтың (ҚКП Орталық Комитеті, КГБ) айдап салып айтақтауымен қазақтың белгілі көп азаматтары Мұхтар Әуезовті қудалауға белсене араласты. Қазақстанда барар жер, басар тауы қалмаған қайран Мұхаң амалсыздан бас сауғалап, Мәскеу қаласына кетуге мәжбүр болды. 1953-1954 жылдары орыс интеллигенциясының қолдауымен, қамқорлығымен Мұхтар Әуезов Ломоно­сов атындағы университетте филология факультетінің СССР халықтары әдебиеті кафедрасының профессоры болып жұмыс істеп, күнін көрді. Жазушының бақытына қарай, 1953 жылы КСРО-дағы билік басына келген Н.С. Хрущев И.В. Сталиннің зұлымдық саясатын жеріне жеткізе қатты әшкерелеген «Жылымығы» («Оттепель») Қазақстандағы қудаланып жүрген біраз зиялы қауымға көп пайдасын тигізді. Сол зиялы қауымның қатарында Мұхтар Әуезовтің де желі оңынан соғып, бағы ашылып жүре берді. 1955 жылы ол Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланды. 1957 жылы Ленин орденімен марапатталды. 1959 жылы оған «Абай жолы» романы үшін Лениндік сыйлық берілді. Жазушының шығармаларына Қазақстанда, КСРО-да, бүкіл жер жүзінде лайықты ең жоғары баға берілді. «Абай жолы» романы әлемнің 100-ден артық тіліне аударылды. Сөйтіп, бір кезде тоталитарлық заманда қатты қудаланған, адам айтқысыз, зорлық-зомбылыққа ұшырап, қор болған кемеңгер, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов кейін бүкіл дүниежүзі әдебиеті классиктерінің қатарына қосылды.

Роман-эпопея «Абай жолы» – қаламгердің басты шығармасы

Ұлы Абай хақында қалам тартып, ғы­лыми еңбектер жазған ғұламалар аз емес. Алайда, М. Әуезовтің орны бөлек. Ол жасынан Абайдың кәусар жырларынан сусындап өсті. Ақынның шығармаларын жинап, бастырып, алғашқы зерттеулер жазды. Бүкіл әлемге әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы данышпан ақын­ның ғажайып тұлғасын сомдап, қазақ халқының тұрмыс-салты мен бай дәстүрін әлемге паш етті. Қазақстанның халық жазушысы, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Зейнолла Қабдол «Әуезов» атты монографиясында ерекше шабыттана былай деп жазды: «Туған халқына мәңгілік мұра болғандай ғасырлық туынды сыйлау тек қадау-қадау ұлылардың ғана үлесіне тиген. Солардың бірі – Мұхтар Әуезов. «Абай жолы» - Әуезовтің бас кітабы. Ол өзінің осынау ұлы шығармасын жазып үлгеріп кетті. Оның суреткер ретіндегі бақыты да осында еді. Мәңгілік кітаптар тарихы да қызық: кітап авторына, автор кітабына айналып кетеді. Ел есіне Толстой десе – «Соғыс пен бейбітшілік», Шолохов десе – «Тынық Дон» түседі... Сондай-ақ, Әуе­зов – «Абай», «Абай жолы» – Әуезов!» [7; 262]. Төрт томдық романның әр кітабының құрылымы мен стилінің бірін-бірі қай­тала­мауының өзі бұрын болмаған жаңа­лық еді. Бірінші кітап [8; 424] жас Абай қызықтаған жастық романтикасына не­гіз­деліп, оның ел тіршілігімен танысып, ашы­луын бейнелейді. Екінші кітап [9; 448] ақындыққа, ойшыл­дыққа бетбұрысты танытады. Мұнда жастық романтикасының орны, адамдар арасындағы тартыс айтылады. Үшінші кітап [10; 424] Абайдың өз ортасынан бөлініп шығып, туған халқымен табысуын, халыққа бетбұрысын танытады. Төртінші кітапта [11; 460] Абай жолы­ның кеңейіп, қалаға, далаға тарауын, оның үлкен қоғамдық күшке айналуын көр­сетеді. Суреткер ұзақ жылдарға созылған те­рең ізденістің арқасында Абай өмір сүр­ген дәуірдің сипатын, халық тағдырын, оның күресі мен ілгері ұмтылысын зор көркемдікпен ашты. Сол кездегі қазақ өмі­рі­нің шындығына жазушы дана ақынның көзімен, ой-санасымен және қырағы болжам­паздығымен қарады. Романда сан алуан көркем ойлар, сарындар, кемел образдар бар. Бір ғана М.Әуезовтің «Абай жолында» халкымыздың бір ғасырлық тұрмыс-тіршілігі, кәсібі, мәдениеті, адамгершілік, иман­дылық үлгілері мен жат әдеттері су­рет­телумен бірге, бүгінгі күннің мәселесі де көтерілді. Сол кездің өзінде жершілдік, ру­шылдық, парақорлық, жемқорлық туралы айтылған ойлар бүгінгі уақытпен де үндесіп тұр. Мұхтар Әуезовке Ленин орденін тап­сыр­ғанда сол уақыттағы Кеңес Одағы ке­ңе­сінің төрағасы К.Е.Ворошилов: «Сіз өз халқы­ңыздың ұлы халық екенін таныттыңыз. Сіз оның даңқын шығардыңыз... Сіздің Абай туралы, ұлы халқыңыз туралы еңбегіңізді бүкіл біздің ел біледі», – деген. Біз осынау тірі табиғатты, ашық аспанды, ауа мен суды қалай қорғайтын болсақ, бәріміздің ортақ қазынамыз – Ана тілімізді де дәл солай таза сақтауға міндеттіміз.

Мұхтар Әуезов жайлы атақты адамдардың пікірлері

Кезінде белгілі орыс жазушылары А.Фа­деев, Н.Тихонов, К.Федин, Н.Погодин, Вс.Иванов, Л.Соболев, Б.Горбатов қазақ тетрологиясының ең алғаш «Абай» романы шыққан тұста-ақ туындыны тамашалап қарсы алып, оған өте жоғары баға берісті. Сондай-ақ өзге ұлт жазушылары да бұл романның өздері үшін зор маңызын мойындады. Бәрі де Н. Погодин мен Л. Соболевтің айтқанын қолдап, эпопеяның авторын «Шы­ғыстың Шолоховы», «екінші Абай» деген пікірге ойысты. «Абай жолы» романын дүниеге танымал, ауызы дуалы ірі тұлғалар мойындады. Әйгілі жазушылар мен ғалымдардың лебіздеріне құлақ түріп көрелік: Мәселен, патша үстемдігі тұсында халқының бір жарым проценті ғана сауатты болған қазақ әдебиетінде қазір небір тамаша романдар туды. Солардың бірі – өткен ғасырда өмір сүрген, казақ халқының классик ақыны туралы Мұхтар Әуезовтің «Абай» романы.

Александр ФАДЕЕВ

Ол адамдық болмыстың бар байлығын бойына жинаған, қылық-мінезі өнерлік қуат­қа толы, қаншама қиын мәселелерді талқылап шешерде де ағынан жарылған ашық, бүкпесіз еркін адам еді. Әрдайым бірге болып, өзінің асыл ойларын ортаға сап, пікірлесіп отыратындай сол жанның орны толмай тұрғаны сезіледі. Біздің әдебиетіміздің алдыңғы қа­тар­лы адамы, мәдениетіміздің аса көрнекті қайраткері, совет әдебиетінің қиын да қызықты, жеңісті ұзақ жолдарын бір кешкен аяулы досымыз Мұхтар Омарханұлынан айрылдық.

Николай ТИХОНОВ

Мен жас кезімде Казақстанның даласында тұрдым да, сол кездегі көш­пенді қазақтарды көп көрдім, алайда тек Мұхтар Әуезов қана өзінің «Абайы­­мен», менің қазақ халқы туралы білігімді толықтырды, мен енді ғана хош иісті самал ескен даланың жұ­пар ауасын жұтып, қазақ боп кеткен тәріз­­дімін.

Константин ФЕДИН

Әуезов ешнәрсені мадақтамайды да, дәріптемейді, алайда қараңыздаршы, оның байсалды қаламынан қандай құ­діретті картина туған! Жырлай білу – қошаметшіл өлең мен жылымшы мақтау емес. «Абай жолы» – сұсты шығарма. Ендеше, бұл шығарманың қазақтарды даңққа бөлегені қалай? Мұндай сұрауға жауап беру барынша қиын-ақ. Біз шешілмеген жұмбақ сыр­ды сүймейміз, тіпті, осы сөздің өзін жатыр­қаймыз, алайда барлық өнер атаулыда – әдебиеттегі Александр Твардовскийден бастап, музыка әлеміндегі Святослав Рихтерге дейін – біз біле бермейтін, тіпті ең ақылды деген кибернетикалық машина бөлшектеп бере алмайтын нәрселер бар. Қалай болған күнде де, әдеби шығарма М. Шолоховтың «Адам тағдыры» әңгімесіндей шалқар шабытпен жазылатын болса, ол шығарма өмірді мадақтайды да дәріптейді. «Абай жолы» нақ осындай шығарма.

Николай ПОГОДИН

«Абай жолы» романы – эпикалық шығарма. Адамды өмір сүруге баулитын, өмірді сүюге талпынтатын осы бір таңға­жайып шығармада терең лирика бар. Халықтың бақыты үшін аянбай күрескен адамның азаматтық, адалдық қасиеті жан-жақты, әсерлі сипатталған.

Александр КОРНЕЙЧУК

Бұл аса зор мәдени құбылыс, мен оны ұлы туынды деуден тартынбаймын. Мұхтар Әуезовтің «Абай» романы – қазақ халқы мәдениетінің қарыштап өскендігін ғана емес, сонымен бірге, жазушының мол тамаша роман тудыруы, біріне-бірі мүлде ұқсамайтын сан алуан бейнелерді мүсіндеп, ха­лық бұқарасы қозғалысын суреттейтін үлкен полотно жасауы, адамгершілікке, адамды қадірлеуге үндейтін роман жазуы оның өзінің де өскендігінің, өнерінің де үдей түскендігінің айғағы.

Всеволод ИВАНОВ

Мұхтар Әуезовтің «Абайы» – бұл нағыз роман, басқаша айтқанда, өмірдің тұтас қыртыстарын қопарған, тұрмыстың, адамдар арасындағы құштарлықтың, махаббат пен өшпенділіктің айқын бояулы картиналарын жасаған және ең бастысы, есте қаларлық жарқын образдар арқылы халық тарихының өмірлік процестерін жинақтаған, құлашы кең кітап. Бұл романды мен соншалықты рахаттанып аудардым. Образдарының бедерлілігі мен әсемдігі, тілінің айқындығы мен бояуы терең поэтикалық сезім – осының бәрі қажетті сөздерді сарыла, сарғая іздеуге мәжбүр ете тұрса да, қуанышты болды; мені тағдыры өзіме көптен жақын да қымбат болып кеткен қазақ әдебиетіне деген мақтаныш сезімі билеп алды.

Леонид СОБОЛЕВ

Әуезов орыс мәдениетінің, оның алдыңғы қатарлы адамдарының Абайға, қазақ халқына тигізген мол ықпалын тамаша ашып көрсеткен. Жазушы Абайды асыра көтермелеп әкетпейді. Оны осы күнгі жағдайға бейімдеп те жатпайды. Міне, осы тарихи шындыққа қонымдылық роман­ды шын мәнінде заманымызға лайық шығарма eтіп тұр.

Борис ГОРБАТОВ

Мұхтар Омарханұлы біздің өмірімізге тек тамаша жазушы ретінде ғана енген жоқ. Оның өр таланты – ғажайып бір құ­былыс, біздің өміріміздің ұлы символы. Ол аты аңызға айналған адам, жаңа дәуір­дің данышпаны, жалынды жыршысы, әрі аяулы азамат. Адам жанының небір қат-қабат қалтарыстарындағы жазбай танитын зерделі ой, сергек сезім иесі, адал, әрі айтып жеткізгісіз мейірбанды жан.

Ираклий АНДРОННИКОВ

Мен оның (Мұхтар Әуезовтің) шы­ғар­маларын туған еліме таныстырушы болуды өзіме үлкен аброй санаймын. Эпи­калық роман – «Абай», менің ойымша, XX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі. Бұл роман оқушыға қызықты қиял мен өрен ой өлкесін кездіріп, талай терең толғаныстар тудырады. Бұл шығарма совет әдебиеті туындыларының маңдай легінен орын алады деу аздық қылады, әлемнің басқа елдерінде де онымен тең түсетін шығарманы табу қиын.

Луи АРАГОН

Сіз әлі «Абайды» оқыған жоқпысыз? Онда сіз мүлдем ештеңе оқымағаныңыз. Бұл – таңғажайып, бұл – керемет! Далаға жан бітіп, дүние алғаш жаралғандағы мөлдір табиғатымен, бар тіршілік-тыны­сы­мен, тәуелсіз тұлғалы жандарымен сіз­дің көкірегіңізге кеп орнайды. Олардың бойындағы қызулық пен құмарлық қандай, дәл Шекспир суреттеген бейнелердің өзі! Сіз сол дәуірді көзіңізбен көргендей айна қатесіз танисыз. Ешбір ғылыми еңбек мұндай дәл жеткізіп бере алмайды. Қандай тұнық поэзия! Проза формасымен басылған осынау қалың-қалың екі томның өн бойында бір жол қара сөз болсашы.

Альфред КУРЕЛЛА, неміс жазушысы

Мұхтар Әуезов – ақын. Ол өз елі­нің далалары мен тауларын, адамдарын үлкен эпик ақынша асқан суреткерлікпен бейнелейді. Жазушының ойын-той, қыз ұзату, қа­за болған кісіні жерлеу секілді сан алуан салт пен кәдені суреттеуі ғажап, сонша ұлы­лықпен, сонша сүйіспеншілікпен және Әуе­­зовтей кісі жырлаған халық шынымен ба­қытты ғой.

БЕРЖЕРОН, француз жазушысы

Бұл тарихи яки болмаса географиялык кітап емес. Бұл – роман. Онда бізге бейтаныс бүтін бір халық бейнеленген. Бұл – әрі қызық уақиғалы роман, әрі халық өмірі туралы эпос. Өткен заманның ащы да сиқырлы сырларына толы Әуезовтің тарихи романы бар рухымен келешекке мегзейді.

Жан СПАНГАРО, француз жазушысы

«Абай жолы» эпопеясын оқы­ғаннан кейін, «Қараш-Караштағы» өмір көріністері етене жақын, қарапайым та­нылады. Бұл шығарма сонау бір тар кезеңді өте дәл әрі шебер өрнекпен қайта жаң­ғыртып, арадағы ұзақ уақыт пен алыс-алыс шақырымдардан асып, қожасынан зорлық, қысым көрген, езілген, қаналған, байларға жеккөрінішті болған, алайда, бостандық пен еркіндікті көксеген, батыл да қайратты, жаңа басқан қадамы мен мойынсұнғанының өзі еркіндік жырындай, ұлылық қасиетіндей танылатын, олардан мінез-бітімі мүлде өзгеше батырлардың бірінің тарихын бізге айнытпай жеткізеді. Осы қарапайым хикаяның айналасындағы өмір көріністері қаншама – жазиралы дала, қар жамылған асқар тау, ақ отаудай, ақ басты шыңдар, мұқалмас арғымақтар, арынды асау өзендер, күш пен ерлік, кедей халықтың табиғи кіршіксіздігі – бәр-бәрі көз алдыңа келеді. Ал, стиль айқындығы, сөз құралымы Гомерді еске түсіреді.

Андре СТИЛЬ, француз жазушысы

Қазақтар туралы бұрын-соңды ештеңе естімегенмін. Енді оларды білемін, өте жақсы танимын, өйткені, жақында ғана Мұхтар Әуезовтің тамаша кітабын ағылшын тілінде оқып шықтым. Қазақ халқының ұлы арысы, кемеңгер ақыны Абай, сүйікті сұлулар Тоғжан және Әйгерім, Абайдың мейірімді, әрі батыл достары енді менің де жақсы білетін адамдарым. Мен осы геройлардың бәрін де ерекше сүйіп кеттім, солармен бірге өсіп, біте қайнасқандай, қуаныш-қайғысын қоса бөліскендей болдым. Мен тіпті қазір де өзімді солармен бірге жүргендей, сіздердің далаңыздың кәусар ауасымен дем алғандай сезінемін. Шынында, бұл қазақтар – неткен ғажайып халық! Осы кереметтік «Абай» романында қандай тамаша суреттелген! Сіздің бақытты халыққа мен шынайы көңіліммен қызығамын, ал, сіздің өзіңізді өлмес туын­ды­ңызбен құттықтаймын!

Бенжамен МАТИП, Камерун жазушысы

Бұл біздің бірінші қазақ авторымыз. Оқушылар, сіздерге казақ халқының ұлы ақыны Абай туралы романның ағылшын тілінде тұңғыш рет бірінші кітабын мақтанышпен ұсынамыз. Өзгеге көңілім тоярсың, Өлеңді қайтіп қоярсың... – депті ғой ақын алаулаған асқақ жырының бірінде. Халық өз аяулы перзентінің лебізіне сүйсіне құлақ қойған да сияқты. Қандай ер көңіл, қандай ізгі жанды мейірбан, қандай дарынды халық – бұл қазақ дегеніңіз! Қазақтар туралы біздің бұрынғы бейхабарлығымыз өкінішті-ақ екен!

«Нортн нейборз» журналы. Канада

Біздің еліміздің халықтары өткен өмір шындығын, Отанымыздың тәуелсіздігі мен бостандығы жолындағы күрескен қаһармандар жөніндегі шындықты білгісі келеді. Тарихты жасаушы – халық. Біздің Отанымыздың ұлылығы мен күш-қуатын арттырған Гете мен Гейне, Зегерс пен Бредель алыс Қазақстаннан тұрақты қоныс тапса, Мұхтар Әуезов өзінің «Абай» романымен біздің республикамызға ірге теуіп, үй тікті.

«Зонтаг» газеті, Берлин, 1957 ж.

Осынау нағыз кемел шығарманың авторы-дарынды жазушы ғана емес, талғампаз зерттеуші де болды, ол өзінің твор­честволық талай жылдарын ұлы гуманист ақын Абайдың өмір кезеңдерін талмай зерттеуге, жалықпай жинауға, сан салалы ұлан-ғайыр фактілерден біртұтас көркем тұлға жасауға бағыштады. Ұлы ақынның тұсындағы адамдарды барлап, ол өмір кешкен тұтас бір дәуірді зерттеді. Міне, осындай қажырлы да шабытты еңбектің жемісі болып – көркемдіктің барша қасиет-сырын бойына жинаған XIX ғасырдың екінші жартысындағы Қазақ елінің өмір тіршілігі мен болмыс-тұрмысын бар қырынан жан-жақты суреттейтін «Абай» романы туды.

Қаныш СӘТБАЕВ

Мұхтар Әуезовтің шығармаларында қазақ халқының басынан кешірген ауыр азап, қилы да ұзақ жолы, тамаша болашағы үшін күрес пен көкейтесті арманы, қайтпас қажыры мен ұшқыр ойы бейнеленген. Бұл, әсіресе, бар өмірін сарп етіп, жалпы қазақ халқы ғана үшін емес, орыс мәдениеті мен күншығыс мәдениетін біріктіру жолында адал еңбек сіңірген ұлы ағартушы Абайдың тұлғасынан толық көрінеді.

Мирзо ТҰРСЫН-ЗАДЕ

Менің досым, қаламдас інім Мұхтар Омарханұлы Әуезов адамзат өмірі мәдени тарихының төрінен аса үздік қай­рат­керлермен бірге құрметті орын алды. Оның майталман қаламынан туған өмір суреттері кербез сұлудың алма мойнындағы асыл тастың жарқылындай нұр-сәуле шашады. Шешен де өміршең, өрелі сөз, терең ой, суреткерлік арлылық пен адалдық оны дүниенің бар түкпіріндегі оқушыларының ыстық ықыласына бөледі.

Берді КЕРБАБАЕВ

Өз басым өзге елге сапарға шығып, өзге жұрттың табалдырығын аттай қалсам, әр­қа­шан қасиет тұтып, өзіммен бірге ала жүретін екі түрлі ұлттық асылым бар: бірі – «Манас», бірі – Мұхтар Әуезов. Мен қазақпын ба, қырғызбын ба? Мұны білгісі келгендерге мен Манас жөнін, Мұхтар Әуезов жайын айтып берем. Бұл екеуі – менің қандас халықтарымның мерейі, осы екеуіне иек артсам болғаны, жат жұрт арасында жалым күдірейіп шыға келеді.

Шыңғыс АЙТМАТОВ

Керемет эпопеяның авторы, Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтардың лауреаты, ұлы жазушы, академик-ғалым, дарынды педагог, көрнекті қоғам қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезов халықтың зор құрметі мен махаббатына бөленіп, екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, бір рет Ленин орденімен марапатталды. Оның Москвада, Алматыда, Ташкенттегі Азия, Африка елдері жазушыларының конференциясында сөйлеген сөздері, Токиода, Делиде, Нью-Йоркте, Прагада сөйлеген сөздері бейбітшілік үшін, прогресс үшін, халықтар достығы үшін күреске үлкен үлес қосқан сөздер болды . 1961 жылы көркем сөздің шебері, көп қырлы талант иесі М.Әуезов қайтыс болғаннан кейін халық қалауы бойынша оның есімін мәңгі сақтау шаралары іске асырылды: Қазақ Ғылым Академиясының Әдебиет және өнер институты, Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театры, республиканың қалаларында көшелер, орта мектептер, кітапханалар, университет ұлы суреткердің есімімен аталды. Жазушының тұрған үйі өзінің музейі болып қалды. Оның жиырма томдық шығармалар жинағы «Жазушы» баспасынан 1979-1985 жылдары жарыққа шықты. Бұл басылымда М.О. Әуезовтің негізгі көркем туындылары, ғылыми зерттеу, сын және публицистикалық еңбектері түгел дерлік қамтылды. Дүниеге қазақ перзенті болып туып, адам­­­зат перзенті атанған М. Әуезов тағдыры – талай ақиқатқа қапысыз көз жеткізген тағылым мектебі. Заманымен бірге тебіреніп, мәңгілікпен үндесе білудің айқын өнегесі.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1. Оразалин Н. Азаттық рухының алтын адамы // «Қазақ әдебиеті (Тұлға)», № 52 (3268), 30 желтоқсан 2011 жыл, 5-бет.

2. «Қазақстан». Ұлттық энциклопедия. 2-том / Бас редакторы Ә.Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 1999. – 720 бет.

3. Әуезов М.О. Менің өмірбаяным // Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. 1-том: Әңгімелер. – Алматы: «Жазушы», 1979. – 456 бет.

4. Дүйсенбаев Ы. Ғасырлардың сыры бар... // Жұлдыз. – 1976. – № 1 – 196-201 – беттер.

5. Қазақ Совет Энциклопедиясы. 2-том / Бас редакторы М.Қ. Қаратаев. - Алматы: Қазақ Совет Энциклопедиясының Бас редакциясы, 1973. – 640 бет.

6. Әнес Ғ. Ұлт жазушысы – Мұхтар Әуе­зов // «Ана тілі», № 9 (1371), 2-9 наурыз 2017 жыл, 3-бет.

7. Қабдол З. Әуезов. - Алматы: «Санат», 1997. – 352 бет.

8. Әуезов М. Жиырма томдық шығар­малар жинағы. Үшінші том: Абай. Роман-эпопея (Бірінші кітап). – Алматы: «Жазушы», 1979. – 424 бет.

9. Әуезов М. Жиырма томдық шығар­малар жинағы. Төртінші том: Абай жолы. Роман-эпопея (Екінші кітап). – Алматы: «Жазушы», 1979. – 448 бет.

10. Әуезов М. Жиырма томдық шығар­малар жинағы. Бесінші том: Абай жолы. Роман-эпопея (Үшінші кітап). – Алматы: «Жазушы», 1980. – 424 бет.

11. Әуезов М. Жиырма томдық шығарма­лар жинағы. Алтыншы том: Абай жолы. Роман-эпопея (Төртінші кітап). – Алматы: «Жазушы», 1980. – 460 бет.

12. Қаратаев М. Мұхтар Омарханұлы Әуезов // Әуезов М. Жиырма томдық шығар­малар жинағы. 1-том: Әңгімелер. – Алматы: «Жазушы», 1979. – 456 бет.

М.О. Әуезовтың өмірі мен шығармашылығына байланысты викторина біліміңді тексер

Викторина!

pllinkz

А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы

шығыс қазақстан әдеби картасы

Шығыс Қазақстан танымал есімдер

addressbook001

addressbook002

© А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан Облыстық Кітапханасы | Восточно-Казахстанская областная библиотека имени А.С. Пушкина. 1998-2024
Besucherzahler
счетчик посещений