kl kz



>
Шығыс Қазақстан Интернетте
Мәдениеті мен өнері
Туристерге
Тарих беттерінен
Маңызды оқиғалар
«Туған өлкем – тұнған тарих» дәрістер циклы
ШҚО ауылдарының тарихы
Өскемен жайлы не білесіз?
Өскемен қаласының тарихы
Өскемен қаласындағы көшелер тарихы
Ескерткіштер
Аудан паспорттары
Шығыс Қазақстан облысы
Шемонаиха ауданы
Өскемен қаласы
Риддер қаласы
Алтай ауданы
Глубокое ауданы
Зайсан ауданы
Катонқарағай ауданы
Күршім ауданы
Марқакөл ауданы
Самар ауданы
Тарбағатай ауданы
Үлкен Нарын ауданы
Ұлан ауданы
Семей қаласы
Курчатов қаласы
Аягөз ауданы
Абай ауданы
Бесқарағай ауданы
Бородулиха ауданы
Жарма ауданы
Көкпекті ауданы
Үржар ауданы
Уланский район
Урджарский район
Шемонаихинский район
Алтын Алтай фольклоры
Алтай аңыздары
Шығыс Қазақстанның музыкалық мұрасы
Шығыс Қазақстанның әдеби мұрасы
Өлке табиғаты
Табиғи қорықтар
Табиғи ресурстар
Шығыс Қазақстанның 25 ғажайып орны
Шығыстың шипажайлары
Барлық-Арасан шипажайы
«Баян» шипажайы
Рахман қайнары
Уба шипажайы
Киелі орындар
Абылайкит
Берел қорымы
Қоңыр әулие үңгірі
Шілікті алқабы
Ашутас
«Алаш арыстары» үйі (Семей қ.)
Семей полигоны құрбандарына арналған «Өлімнен де күшті» монументі (Семей қ.)
Ф.М. Достоевскийдің әдеби-мемориалды үйі (Семей қ.)
«Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені
Қозы Көрпеш пен Баян сұлу мазары
Мұзтау
Соғыстың цифрлық жылнамасы: Шығыс Қазақстанның 1941-1945 жылдардағы ҰОС Жеңісіне қосқан үлесі туралы
Кеңес Одағының батырлары
Даңқ орденінің толық иегерлері
Брест қамалын қорғауға қатысқандар
30 - Гвардиялық дивизия
Жасырын партизандар
Еңбек армиясына қатысқандар
Тылда да Жеңіс шыңдалды
Ақын және майдангер-жазушылар кітаптарының виртуалды көрмесі
Соғыс ардагерлерінің естеліктері
Өлкетану альманағы
Өлкетану альманағы 2024
Өлкетану альманағы 2023
Өлкетану альманағы 2022
Өлкетану альманағы 2021
Өлкетану альманағы 2020
Өлкетану альманағы 2019
Өлкетану альманағы 2018
Өлкетану альманағы 2017
Өлкетану альманағы 2016
Өлкетану журналы 2014
Өлкетану альманағы 2015
Өлкетану альманағы 2013
Әріптестеріміздің шығармашылығы
Геология
Өлке зерттеушілері
Тарих. Этнография. Мәдениет
Қаламгерлер жайында
Білім беру
Ономастика
Дін
ҰОС жылдарында (1941-1945) ЕҢБЕК АРМИЯСЫ қатарында болған шығысқазақстандықтар
Бейнетоптама
Шығыс Қазақстан әдебиеті
Шығыс Қазақстанның әдеби және есте қаларлық орындары
Фэнзин фантастикалық журналы
Виртуалды көрмелер
Қ. Мұхамедханов: библиографиялық көрсеткіш
Экран дикторы

linka

kartaeva aАбай Құнанбаев пен Мұхтар Әуезовтің есімдері бұл күндері ұлттық сана-сезімде мәңгі аталатын ұлы тұлғаларға айналды. Дана Абайды қазақ халқының рухани ұстазы ретінде тануымыз ұлы ақынның өз мұрасы арқылы ғана емес, сонымен бірге әлемдік көркем ойдың алтын қазынасына айналған М.Әуезовтің тарихи эпопеясы арқылы жүзеге асты. Бұл ретте ең бірінші тілге тиек етеріміз - М.Әуезов әлемінің Абай әлемімен рухани сабақтастық мәселесі.

Абайдан Мұхтарды, Мұхтардан Абайды бөліп айту мүмкін емес. Ұлы ойшыл Абайдың өмірі мен ақындық жолы – Мұхтар Әуезовтің шығармашылық қызметінің басты тақырыбы. Бұл тақырыпты игеруге М.Әуезов өзінің бүкіл саналы өмірін, ақылының қайраты мен жүрегінің қызуын түгел арнады.

“Бүгін біздің назарымызды көбірек аударуға тиіс нәрсе Мұхтар Әуезовтің ұлы Абаймен рухани жақындық-жалғастығы. Мұның өзі дүниежүзі әдебиетіндегі айрықша құбылыс. ...Абайды әлемге әйгілеу үшін Әуезов қандай қажет болса, Мұхтар Әуезовтің дүниежүзі мәдениетінің биігіне көтерілуіне Абай мұрасы, Абайдың өнерпаздық, ойшылдық дәстүріндей үлкен тірек сондай қажет еді”, - деп академик З.Ахметов Абай мен Мұхтардың рухани сабақтастығының дүниежүзі әдебиеті үшін маңызы зор екенін атап көрсетеді [1, 32 б.].

Бала кезінен Абай шығармаларын санасына сіңіріп өскен Мұхтар ақын жайлы жазуды он тоғыз жасында-ақ армандаған болатын. Әйтсе де М.Әуезов Қазан төңкерісінен кейінгі жылдардан бастап-ақ Абай мұрасының жиналуы мен зерттелуі туралы мәселеге қызу араласа бастаған еді.   Әрі М.Әуезовтің Абай өмір сүрген ортада туып, жастайынан ақын шығармаларымен таныс болып өсуінің де белгілі дәрежеде мәні бар. Өйткені, ол сол дәуірдің ірілі-ұсақты оқиғаларын, ұлы ақын туралы ел арасындағы сан қилы әңгімелерді ой дүниесіне тоқи жүргендіктен, Абай өмірінде кездескен көп оқиғалардың сырын Абай мұрасын зерттеушілердің көбінен әлдеқайда жетік білді. Бұл жағдай Абай мұрасын жинап зерттеудегі М.Әуезовтің орасан зор еңбегінің жемісті болып аяқталуына айтарлықтай септігін тигізді.

Мұхтар Әуезов алғаш рет ақын мұрасы жайлы мақала, деректерімен «Абай» журналында көрінді. 1922 жылы «Шолпан» журналында жарияланған «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» деген нағыз зерттеушілік тұрғыдан жазылған мақаласында Абай мұрасы жайлы алғаш рет теориялық негізде батыл барлау жасады.

Бұл кезеңде Абайдың әдеби мұрасы туралы талас-тартыстың етек алуына байланысты Абай қай таптың ақыны, оны мұра ретінде қабылдау керек пе, әлде жоқ па деген сұрақтар туа бастады. Қоғамды тапқа бөлу, таза пролетариат мәдениетін жасауға ұмтылу – тұрпайы социологиялық танымды тудырды.

30-жылдардағы ұлы ақынның әдеби мұрасы маңында болып өткен пікір таласында орын алған әр алуан көзқарас тұрғысынан пікір айтқандардың ішінде Мұхтар Әуезов пен профессор Құдайберген Жұбановтың еңбектері айрықша орын алады. Өйткені дәл осы жылдары Абайдың әдеби мұрасын бағалауда тұрпайы социологиялық көзқарастар өріс алып отырғанда, осы қым-қуыт қайшы пікірлерден тыс ғылыми негізде жазылған еңбек М.Әуезовтің «Абай ақындығының айналасы» мен Қ.Жұбановтың «Абай қазақ әдебиетінің классигі» деп аталатын зерттеу мақалаларының жазылуы – абайтану саласындағы ой-пікірде соны құбылыс ретінде қабылданды.

Абайды 1909 жылғы тұңғыш өлеңдер жинағынан кейінгі осы күнге дейін жарияланып келген ақынның толық жинақтары мен академиялық басылымдары М.Әуезовтің жинап бастыруымен, тікелей араласуымен, басшылығымен шығарылып келеді. Әсіресе, осы толық жинақтардың бәріне негіз болған әрі қазақ халқы өзінің ұлы ақыны Абай шығармаларымен тұңғыш рет жете танысып білуіне мүмкіндік алған 1933 жылғы тұңғыш жарияланған толық жинақ ақын мұрасын танып-білуде орасан маңызы бар мәдени құбылыс.

Ақын өмірбаяны жайлы жаңа деректер көзінің қорлануына орай М.Әуезов тарапынан Абай өмірбаянының төрт нұсқасы жазылды.

Абай жайлы ұзақ жылдарға созылған ғылыми зерттеулерін тұтас қорытындылай отырып, жазған ғылыми монографиясы мен атақты «Абай жолы» роман-эпопеясын жазу ұлы қаламгердің ғылыми-творчестволық ізденіс үстінде тер төккен 30 жылдан астам уақытын алды. Жазушының өз мәлімдеуіне сүйенер болсақ, Абай жөнінде жазу ойы 19 жасында-ақ асқарлы арманға айналған. Ұлы ақын мұрасын 17 жылдай толассыз іздену, зерттеумен шұғылданып, 12 жыл бойында тікелей жазумен айналысқан. Абай мұрасы М.Әуезовтің бүкіл ғылыми-творчестволық ғұмырында шарқ ұрып іздену үстіндегі рухани дем берушісі таусылмас қуаттың қайнар бұлағына айналған. Мұхтар Әуезов Абай тақырыбына қайта-қайта айналып бара берген. Абай өмірбаянына оқтын-оқтын белгілі бір уақыт үрдісімен қайта үңіліп, қайтара жазуға отыруының елеулі себептері бар болатын-ды. Жазушы кеңестік әкімшіл-әміршіл саясат ызғарының кесірінен Абай жайында көп ойларын ашық айта алмай кетті. Кейбір ой-пікірлерін ғылыми зерттеу еңбектерінде тезистік тұрғыдан кейінгі ұрпаққа ұсынса, ал кейбір көзқарастарын әдеби туындыларында астарлап көркемдеп жеткізіп отырады. «Абай жолы» роман-эпопеясында жазушының көп жайларды мегзеп, көркемдік тәсілмен астыртын суреттеп беретін тұстары да байқалады.

М.Әуезов қазақ әдебиеттану ғылымның жаңа саласы — Абайтану ғылымының негізін қалап дамытты. «Абай жолын» жазу үстінде М.Әуезов әрі ғалым, әрі жазушы ретінде екі салада қатар ізденді. Расында да, Мұхтар Әуезовтің жазушылық және ғалымдық шеберлігінде бір ғана көркемдік идея, бір ғана ғылыми бағдар – ұлы ақын Абай тағдыры басты темірқазыққа айналды да, бүкіл саналы өмірінің өзекті тақырыбы да Абай болды, шығармашылық ғұмырының бастауында да Абай тұрды, ғылыми қызметінде де ұлы ақын тұлғасы басты зерттеу нысанасына айналды.

М.Әуезов ұлы ақын мұрасы жайлы сонау 20-жылда бастаған зерттеу жұмысын бергі кезде үш салада – Абайдың өмірін зерттеп, ғылыми өмірбаянын жасау үлгісінде, шығармаларын зерттеп, ғылыми монография жасау жолында, ақынның өмірі мен шығармашылығы ішіне кіретін «Абай жолы» атты роман-эпопея жарату үстінде жүргізіп, 60-жылдың басына дейін алып келді.

Абай мұрасынан нәр алып сусындаған, ақын дәстүрін бойына сіңіріп өскен М.Әуезов оған рухани жағынан өте жақын болып кеткен. М.Әуезовтің Абайды білгені соншалық, соған рухани бар болмысымен сіңісіп кетеді. Жазушы шығармашылығы ақын рухымен шығып отырады. Әуезов шығармашылығын зерделей қарағанымызда анық байқағанымыз, оның «Абай» пьесасы мен «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Абай қалыптастырған мұраның іздері. Өнер адамына арналған көркем туынды жазып отырғандықтан, Абай образын ашуда жазушы ақынның өз шығармаларын шебер де келісті пайдаланған. М.Әуезов шығармашылығында жіптей есіліп отыратын басты нәрсе – ақынның ақындық қасиеті. «Абай жолы» роман-эпопеясындағы басты кейіпкер – творчестволық тұлға. Ақынның шығармашылық психологиясын беру үшін жазушы Абай шығармаларының тамыр тартқан тереңіне үңілген, өлеңдері мен қарасөздеріне иек артқан.

Қолында ақын өлеңдерінен өзге артында жартулы жазба дерек қалмаған жазушы ақын бейнесін жасау үшін, оның әдеби мұрасына сүйенген. М.Әуезовтің өз сөзімен айтсақ: “Маған өз шығармаларымен Абай көмекке келді”, - деуінде үлкен мән бар. Солардың көмегімен жазушы Абай шығармашылығының үлкен қоғамдық мәнін көрсетті. Абай поэзиясының сарыны мен желісі романға бай дерек көздері болған. Эпопеяда тікелей Абай поэзиясынан алынған эпизодтар аз емес. Ең маңыздысы – Абайдың ақындығын суреттей отырып, оның рухани әлемін ашады. Абайды ақын, ағартушы, ойшыл дәрежесіне көтере білді.

М.Әуезов Абайдың өлеңдері, қарасөздері, аудармаларын эпопеяның сюжеттік желісіне сай идеялық мақсатта пайдаланып отырған. Ақын өлеңдерінің қалай туғаны, кімге арналғаны, оның орындалуы мен таралуы сияқты көптеген мәліметтер беріп отырады. Жазушы эпопеяда ақын өлеңдері мен қарасөздерін бастан аяқ сол қалпында тізбектеп пайдалана бермейді де, көбінесе шығармашылық еркіндіктерге барған. Автор ақынның әрбір өлеңінің тарихымен таныстырып жатпайды да, оның орнына, ақындық лабораторияны, ақындық психологияны қаламгерлік шеберлікпен барынша ашып суреттейді. Яғни Абайдың ақындық, қоғамдық, гуманистік, ойшылдық, даналық тұлғасын жан-жақты танытатын тарихи кең құлашты эпопея туғызып, сан ғасыр ұрпақтары оқи берер мәңгілік туындысын жазып қалдырды.  

М.Әуезовтің көсемсөздерінде, драмалық шығармаларында, әңгіме-повестерінде Абай поэзиясының сарыны естіліп, ақынның сөз қолданыстары мен сөз өрнектері кездесіп отырады. Әуезовтің әр шығармасында Абай поэзиясының, ақын қарасөздері әсерінің іздері сайрап жатады. Соның ішінде, М.Әуезовтің “Адамдық негізі – әйел»”, “Ескеру керек”, “Қазақ қызметкерлерінің міндеті”, “Оқудағы құрбыларыма”, “Қайсысын қолданамыз”, “Философия жайынан”, “Оқу ісі”, “Ғылым тілі”, “Ғылым”, «Қазақтың өзгеше мінездері» атты мақалаларынан Абай қарасөздеріндегі ой толғамдарының әсерін көруге болады.

«Менің тілімде Абай тілінің өрнек, бояуы бар», - деп М.Әуезовтің өзі атап көрсеткендей, жазушы шығармашылығында Абай тілінің сөздік өрнегі кездесіп отырады. Соның ішінде, М.Әуезовтің 20-шы жылдары жазған алғашқы әңгімелері «Қорғансыздың күні», «Оқыған азамат», «Барымта», «Ескілік көлеңкесінде», «Кінәмшіл бойжеткен», «Сөніп-жану», «Кім кінәлі?» әңгімелері мен «Көксерек», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Қилы заман» повесінде. Қазақ драматургиясын биікке көтерген «Еңлік-Кебек», «Қарагөз», «Абай», «Түнгі сарын», «Хан Кене» пьесаларын оқып отырғанда, Абайдың поэтикасының сарынын, поэзиясындағы ақын тілінің кейбір сөз оралымдарын кездестіруге болады.

Мұхтар Әуезов – Абайдың өнердегі дәстүрін жалғастырушы. Абай дәстүрін Әуезовтің жазушылық шеберлікпен жалғастыруы – олардың туған жер, өскен ортасы, рухани нәр алған қазына көздері, дүниетаным өзектері, өмір сүрген дәуір болмысы, сөздік қорындағы ортақ ұқсастықтар және сан сала қырынан келіп шығады. Екі ғұламаның ойшылдық, гуманистік, ағартушылық, сыршылдық, сыншылдық, суреткерлік қырлары сабақтасқан, тұтасқан дүние деп қараймыз. Ұлылар дүниетанымының өзектері, эстетикалық танымдары, ой тереңдігі, сөйлеу тіліндегі рухани тұтастық – ақын мен жазушының рухани сабақтастығының басты белгісі.

Картаева Айжан Маратбекқызы

С.Аманжолов атындағы ШҚУ «Абайтану» ғылыми-зерттеу

институтының директоры, филология ғылымдарының докторы

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Ахметов З. Мұхтар Әуезов – қазақ әдебиетінің классигі / Кітапта: М.Әуезов – ХХ ғасырдың ұлы жазушысы және гуманисі. – Алматы: Ғылым, 1997. – 163 б.
  2. Әуезов М. Әр жылдар ойлары. – Алматы: ҚМКӘБ, 1959. - 555 б.
М.О. Әуезовтың өмірі мен шығармашылығына байланысты викторина біліміңді тексер

Викторина!

pllinkz

А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы

шығыс қазақстан әдеби картасы

Шығыс Қазақстан танымал есімдер

addressbook001

addressbook002

© А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан Облыстық Кітапханасы | Восточно-Казахстанская областная библиотека имени А.С. Пушкина. 1998-2024
Besucherzahler
счетчик посещений