Ляжан Сейтқазы
Дүниеге шыр етіп келгеннен бастап-ақ баласы туған үйін, туған ауылын тани бастайды. Өскелең ұрпақ оның топырағынан өзіне нәр алып, оның қырындағы әсем гүлдерін теріп, құмары қанғанша бал-шырынды суын ішіп, мейірі қанғанша таза ауасын жұтады.
Міне, осы жерді әр адам ата-мекенім, алтын бесігім деп біледі. Әр елдің ата-мекенін ардақтаған, кіндік қаны тамған жерін сүйген ұл-қыздары:
Туған жер топырағыңнан айналайын,
Өзіңмен өле-өлгенше бір болайын.
Егер де елді сүйсең менше сүйгін,
Ал, тыңда мекенімнен сөз қозғайын - деп туған жер, өсірген ел туралы сөз қозғап жатады. Ендеше талай заман, талай ұрпаққа жайлы мекен, құтты қоныс болған Жармамды неге жырламасқа?
Осынау Жарма жерінде дүниеге келген әжелердің бәрі дана, барлығы дара деп ойлаймын.
Атақты Абайдың әжесі Зере жайлы біреу білсе, біреу білмес. Зере анамыздың есімі - Тоқбала болған екен. Әкесінің есімі - Бектемір ұста болыпты. Зергерлік бұйымдарды керемет жасапты. Тоқбаланы тұрмысқа беретін кез келгенде оның құлағы тесілмеген екен. Содан қызын ұзатар кезде мұрнына зер салып шығарып салыпты. Бұндай сырғаларды «Арабек» деп атаған. Тіпті қызының астына ақбозат мінгізіп, алдыңғы екі аяғына күмістен білезік таққан екен.
Әрине, жас келінді көруге асық болып келген халық ерекше таң қалады. Себебі қыздың мұрынында зері бар.
«Мәссаған зері бар екен, зері бар екен», - деп шын есімі Тоқбала ұмытылып, Зере болып кеткен екен. Осындай қызықты оқиғалар туралы әңгімені естіген кезде өзім ерекше мақтанышта болдым. Өзім де сол Жарманың перзентімін ғой. Абайдай дара туған адамды тәрбиелеген дана әжелер көп болғай.
Сейтқазы А. Дана – Әже // "Менің Отанымның аңыздары" Республикалық сайысы: Сайыс шығармаларының жинағы. - Өскемен, 2018. - Б.16.