Қазақ орыстың қол астына 1732 жылдан бастап кіре бастағаны белгілі. Сол жылдардан бастап-ақ ақ патшалы үкімет қазақ жеріне жерік ауыруға ұшырап қол сала бастайды. Осылаша қазақ жерін отарға айналдыру, талау дәуірі басталған еді. Қазақ жерін орыс халқының отарлауы екі түрлі баытта болды: бірі – орыс халқының өз бетінше, ешкімнен сұрамай отарлауы (вольная колонизация) болса, екіншісі – ресми отарлауы (праительственная колонизация).
Ресей мемлекетінің ішіндегі әр түрлі саяси, діни, экономикалық, шаруашылық жағынан қорлық, зорлық, қысымшылық, кемшік көргендер шым-шымдап қашып шығып, қазақ жеріне келіп қоныстанып, иемденеді. Қала берді қазақтың аңқаулығына сүйеніп, жерінің байлығын пайдаланғысы келген саудагерлер де Ресейден шығып, қазақ жерін отарлай бастаған. Міне осыларды орыс халқының қазақ жерін өз бетімен отарлауы дейміз. Бұлайша отарлау қазақ халқы Ресейдің қол астына кіргеннен бастап жүргізілді.
Ресми отарлау дегеніміз – үкіметтің рұхсатымен, үкімет көрсеткен жерді меншіктеп отарлауы. Бұл да қазақ орыстың қол астына кіргеннен бастап жүргізілді. Қазақ жерін көп талаған, қазақ шаруасына көп кесірі тиген – ресми отарлау.
Отарлау саясаты туған жеріміз Катонқарағайды да айналып өтпеді. Біздің жерімізге орыс келімсектері сонау 18 ғасырдың орта шенінен бастап келе бастаған. Мемлекет меншігіндегі зауыттар мен рудниктерде тіркелген жұмысшылар мен шаруалар адам төзгісіз езгіден, шын мәніндегі азапты өмірден қашып келе бастады. Мұнда сезімдері қорланған ескі діни сенімдегілер діни бостандық пен еркіндік іздеп келді. Әртүрлі жер аударылғандар, түрмеден және ауыр еңбектен қашқандар немесе жай ғана жазаға тартылған қылмыскерлер үкімет көзінен алыс, халқы аз аймаққа пана іздеп келе бастайды. Бұқтырма өзенінің төменгі ағысы бойында және көршілес тау сілемдерінің шалғай шатқалдарының бойында «тасшылар» (каменьшики) деп аталатын ондаған қоныстар бой көтеріп, белгісіз «Беловодье» деп аталатын жерұйық мекеннің бар екендігі, бұл фантастикалық бостандық патшалығында полиция органдары немесе никондық шіркеулер жоқ екендігі, салық төлемейтіндігі және алла-тағала жомарт қолымен адамның өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған деген қауесет, көптеген сенгіш жанды өзіне тартты. Бұл туралы «Бұқтырма кержақтары» мақаламда кеңінен жаған болатынмын.
Бұқтырма алқабының топографиялық жағдайы мен географиялық орналасуына байланысты орыстардың қоныстануы батыстан шығысқа қарай яғни өзеннің төменгі ағысынан жоғары жағына қарай орын алды. Алғашында аңғардың төменгі бөлігін ғана алып жатса, 1827 жылдан бастап олар өзеннің орта және жоғарғы ағысына қоныстанып үлгерді. 1864 жылға дейін Бұқтырма алқабын қытайлармен бірге иемденді. Шәуешек келісімі бойынша сол жағалау Ресейге берілгенге дейін Бұқтырма өзені Ресей мен Қытай мемлекеттерінің шекарасы болды. Тек Шәуешек келісімінен кейін ғана Бұқтырма өзенінің алқабы толығымен Ресей мемлекетіне қарады. Дегенмен жергілікті қазақтар Бұқтырма өзенінің екі жағалауын да өздеріне тисті деп санады. Ресми деректерге сәйкес осы аймақтың қазақтары 19 ғасырдың 60-70 жылдары Ресей мемлекетінің құрамына кіре бастайды. Осы уақыттан бастап бұл жерлерді орыстардың белсенді отарлауы басталады, отырықшы өмір сүруге өте қолайлы деп танылған Алтай аймағына еркін көшіп келу рұхсаты берілгесін, Еуропалық Ресейден қоныс аударушылардың жаңа ағыны келіп, жергілікті көшпелі қазақтарды шұрайлы жерлерінен ысырып қоныстана бастайды. Орыстардың келіп қоныстануы қазақтармен этносаралық қарым-қатынасты шиеленістіріп, соңы қарулы қақтығыстарға дейін ұласып жатты.
1858 жылы Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Г.Х.Гасфорд шаруалар мен бұратана халықтарды Бұқтырма өзенінің сол жағалауына, Қытай жеріне өтуге қатаң тыйым салған болатын. Оның негізгі себебі қазақтардың шекарадан арлы-берлі өтуі Қытайдағы қазақтардың Ресей мемлекетіне көшіп келулеріне қозғау салады деп сескенді.
1863 жылы 26 наурызда Батыс Сибир генерал-губернаторы Дюамель Берел өзенінің маңындағы және Бұқтырма өзенінің солтүстік жағында көшіп-қонып жүрген қазақтарды «ежелден орыстарға тиесілі жерді басып алып, осы жерлерге аң аулауға барған шаруаларға күн көрсетпеді» деп айыптап, оларды тез арада Қытай қарауылдарынан ары өткізуге бұйрық береді. Осы бұйрық бойынша 1863 жылдың мамырында Бұқтырманың оң жағалауындағы және Шыңғыстай бекетімен Колмачиха өзенінің арасындағы Қаратай және Самай болыстарының бес қазақ ауылынан басқасының барлығы көшіріледі. Қазақтарды көшіру оларға өте ауыр әсер етті. Осыған байланысты Қобда хэбей-амбысы Қытай үкіметіне берген баяндамасында былай деп хабарлайды:
5-ші айда (яғни маусым айында) Шыңғыстай шекара қарауылының бастығы Дэ-шань маған орыстардың Бұқтырма өзенінің оң жағалауынан ежелден сол жерді мекен етіп, көшіп-қонып жүрген қазақтарды мекенінен айырып сол жағалауына қуғандығын хабарлады. Қуылған қазақтар біздің қарауылға келіп, олар басқалармен бірге күзет құзырындағы жерлерге, дәлірек айтқанда Үкек қарауылының солтүстігіне орналасты. Осыдан кейін ақ патшаның бір офицері 60 қарулы орыспен бірге біздің қарауылға келіп, шекара бекетінің солтүстігінде көшіп-қонып жүрген қазақтарды қуып жіберді. Содан кейін орыс офицеріне шекара белгілері орнатылғанша қазақтарды бұрынғы өз мекендерінде тұруға рұқсат беру туралы ұсыныспен шенеунік жіберіледі. Орыс офицері қыс басталып қар түскенде ғана ораламын деп жауап берді. Сондай-ақ Тұрбот ұлысының басшысы 7-айдың 22-сінде (20 тамыз) Үкек маңындағы солтүстік-батыс шекарада мың киіз үйден асатын қазақтар қарауындағы жерге көшіп келгендігін және олардың қадағалануы және мүмкін болатын тәртіпсіздіктердің алдын алуға дайын болуы жайлы хабарлады. Бұқтырманың оң жағасындағы қазақтардың ұзақ жылдар бойы көшіп-қонуы нәтижесінде бұл жер екінші отанына айналғандықтан, орыстар оларды сол жерден аластатып, мекенінен айырды. Министрлікке Бейжіңдегі Ресейлік беделді шенді адаммен (сановник) байланысқа шығып, Батыс Сібір генерал-губернаторынан Шыңғыстай қарауылының маңына қоныстанған қазақтарды қайтару бойынша бұйрық беруді өтіну қажет.
Бейжің үкіметі бұл хабарды алған кейін (24 қыркүйек 1866 ж.) бірден (27 қыркүйекте) Ресейдің елшісі А.Э.Влангалиге шекаралық белгілер мен бағаналардың әлі орнатылмағанын, сол кезде Қытайдың батыс аймақтарын қамтыған көтерілістің болғанын алға тартып, төмендегідей тиісті өтініш жасады: «Қобдаға жақын жердегі қудаланған қазақтардың бақытсыз тұрмыстарын көріп, мекенін тастап қашып келген ауыр жағдайын айтып жеткізу өте қиын. Егер де қазақтарды көшп-қонып жүрген паналарынан қуғындайтын болсақ, халықтың бір аймаққа көптеп жиналуы азық-түлік тапшылығын туғызып, шекарадағы тыныштықты бұзады деп қауіптенуге болады» -деп, қазақтарды мекеніне қайтаруды сұрайды.
Влангали Бейжің үкіметінің өтінішіне түсіністікпен қарап, оны Батыс Сибир генерал-губернаторы Дюамельге жеткізіп, ал ол 1866 жылы 12 қарашада Семей губернаторынан Қытай үкіметінің тілегін орындауға бола ма, жоқ па деп сұрап, оң жауап алғаннан кейін: қазақтарды шекарамызға кіргізе отырып, «олар Бұқтырманың оң жағалауындағы жерлер оларға тұрақты иеленуге емес, тек уақытша пайдалануға берілетінін анық түсіндіру керек» деп ескертті. Семей губернаторы қазақтарды кіргізуге ерекше қиындық көрмей, 1867 жылы 14 қаңтарда тиісті бұйрықтар шығарды. Сол қаңтарда Көкпектіден аудармашы Черкашинин қазақтарға қажетті кепілдік құжаттарға қол қойдыруға жіберілді. Осылайша бұл жолы іс сәтті аяқталып, олар ескі мекендеріне қайтады.
Бұқтырманың оң жағасын көшіп-қонған қазақтар Қытай үкіметінің тікелей өтінішінің арқасында ғана уақытша мекендерінде қалғанын айттық. Бірақ жетпісінші жылдардың басында-ақ оларды Бұқтырманың оң жағынан қуу мәселесі жаңа күшпен көтерілді. Таулы Алтай округі өз территориясының құқығын қызғанышпен қорғап, көшпелілермен ымырасыз күрес жүргізді. Колывано-Воскресенск тау-кен комбинаттарын басқару жөніндегі мекеменің 1828 жылы 16 сәуірде жарияланған «Бийск пен Қытай шекарасы арасында жатқан Алтай таулары» округ құрамында деп саналған құжат және, әсіресе, 1855 жылғы 27 мамырдағы бүкіл Алтай округін мемлекет императорының жеке меншігі деп жариялаған жарлығынан бастап округ Бұқтырма өзеніне дейінгі бүкіл кеңістіктің иесімін деп есептейді. Еуропалық Ресей шаруаларының кабинеттік жерлерге көшуіне рұқсат беруі аталған ведомстоға отырықшы тұрғындарға көшпелілерге қарағанда, барлық жағынан артықшылық беруге мүмкіндік тудырды. Қазақтар бұл көзқарасқа үзілді-кесілді қарсы болды. Дау тез әрі оңай шешілетіндей емес еді. Алтай тау-кен басқармасы өз шекарасын қорғай отырып, арнайы шығарылған заңнамаға сүйенсе, қазақтар бұл жерді олардан ерте кезден мекен еткендігін алға тартып, әкелеріміз, аталарымыз, арғы аталарымыз баяғыдан бері мекен еткен жерлерден бізді қуып шығатын заң қалай шығаруға болды дейді? Бос жерлер жоқ, сонда біз қайда баруымыз керек? Қазақтар бұл сұрақтарына жауап ала алмай, талай қуғын көреді. Ол жайлы «Бұқтырма алқабындағы көші-қон» атты мақаламда жазған болатынмын.
1875 жылы 14 шілдеде генерал-губернатор Казнаков қазақтарды Бұқтырма өзенінің оң жағалауынан және жалпы олар болуы тиіс емес жерлерден дереу қуып шығуға бұйрық беріп, Семей губернаторы мен уезд басшыларына орындауға нақты тапсырма береді. Бұған дейін сәуір айында Өскемен уезінің басшысы сол кезде Бұқтырма өзенінің оң жағасында жүрген 555 киіз үйлі отбасылы қазақтарды қайда шығарып, қайда орналастырарын білмейтіндігін хабарлаған болатын. Сонымен қатар, Томск әкімшілігінің бұл бұйрығы қазақтарды орыс шаруалардың озбырлығына толықтай тәуелді етті. Әсіресе Чернова шаруалары қазақтарға қатты қысым көрсетіп, олардың егістік жерлерін, қыстауларын, тіпті малдарын тартып ала бастады. Шыңғыстай мен Нарым болыстарында соңғы жылдарда бірнеше орыс қонысының пайда болуы көшіп-қонып жүрген қазақтардың мәселесін одан әрі қиындатып жіберді. Пайда болған ауылдарға: 1) Берел өзенінің бойында Берел ауылы (бұрынғы атауы Қарашоқы) Солонова, Ключи және Крестовка ауылдарынан 60 отбасы; 2) Үртеш бұлақ телімінде Березовка ауылы, Осочиха, Мяконька және Солоновка ауылдарынан 35 отбасы; 3) Шу өзенінің бойында Черновая ауылы, Пермь губерниясынан және Солоновка және Черемшанка аулдарынан 70 отбасы; 4) Мойылды телімінде Каменушка ауылы, Тобыл губерниясынан және Зырян кенішінен 15 отбасы; 5) Күлмес өзенінің бойында Согрная ауылы, 8 отбасы қоныстанады. Шақырусыз келген орыс шаруалары қазақтардың егістік жерлерін тартып алды. Осы орайда Семей губернаторының генерал-губернаторға берген баяндамасында: «Оыс шаруалары қазақтардың ауыр еңбекпен жыртып даярлап қойған егістік жерлерін тартып алуда, ал жаңа жер жыртудың өте қиын жұмыс екендігі Сізге белгілі болар.») – деп баяндайды. Ал Өскемен уезінің басшысы: «Барлық шекаралық ауылдардың шаруалары қазақтардың жер жыртуына жол бермеу үшін барлық шараларды қолдануда, ертеден жыртылған жерлерді тартып алып, тіпті жаз жалауларына баруға тыйым салуда, ол үшін көптеген телімдерді жыртып, тіптен жолдар өтетін тар жерлерді, жолдарды жыртып, содан кейін егістігімізді таптады деп шағымданады.” - дейді.
Қазақтар Бұқтырманың оң жағалауынан, Шабанбай жайлауынан сан мәрте қуылып, тек 1896 жылы ғана 1000 киіз үйлі отбасы үшін 10 жылға жылына 1000 сом төлеп жалға алады. Шыңғыстай қазақтары мен Алтай округінің бас басқармасы арасында Чабанбай жайлауын пайдалану туралы келісім-шарт төмендегідей болады.
Бір мың сегіз жүз тоқсан алтыншы жылдың сәуір айының тоғызыншы жұлдызында, біз төменде қол қоюшылар, Өскемен уезі, Шыңғыстай болысының қазақтары: Шұғыл Шотаев, Жәшік Құрымбаев және Қидан Жұрымбаев өз қауымдастарымыз атынан Алтай округі бас басқармасының уәкiлеттi өкiлi Зырян орманшысы Козловпен Шабанбай жайлауындағы бос жерлердi мал жаю үшiн бiзге төмендегідей шарттармен жалға беру туралы келісім-шарт жасасамыз:
1) Шабанбай тауларындағы аумғы 500 шаршы верст көлемінде төмендегі: Белая, Фыкалька, Каменушинское, Черновая, Березовка, Берел, Аршаты, ауылдарының шаруа жайларымен көршілес және, Рахманов минералды бұлақтары маңындағы Белуха тауынан батысында Тополевки өзеніне дейін, оңтүстігінде орыс шаруалары жерінен солтүстігінде Қатын өзеніне дейін, құрамына келесі жерлер кіреді: Черная және Белая Берел өзендері. Язевое және Черновое көлдері, Дерновая өзенінің Кедровая өзеніне дейінгі шыңдары, Маралие және Хайрюзовое көлдері, Белая өзенінің Сеничева өзені құяр жерге дейінгі жоғарғы жағы және Топелевки өзеннің (ағысқа қарағандағы) оң жағы.
2) Бас басқарма 1896 жылдың 1 қаңтарынан 1906 жылдың 1 қаңтарына дейін, жоғарыда аталған аумақты бізге он жылға жалға береді.
3) Жалдау ақысы жылына мың рубль мөлшерінде белгіленеді, оны біз жыл сайын екі мерзімде төлеуге міндеттенеміз, атап айтқанда қаңтар айында бес жүз (500) сом және шілде айында бес жүз (500) сом, ал жалдау ақысын уақытында төлемегені үшін бізден айына әр сом үшін 0,5% айыппұл салынады, кешіктіру мерзімі үш айдан аспауы керек. Төлемеген жағдайда және жеңілдетілген айларда әкімшілік тәртіппен жалдау ақысы айыппұлмен өндіріліп, бізге аталған жерді жалға беруден бас тартылады.
4) Біз және біздің қауымдастарымыз егістік және шабындық жерлердің тапталуына және басқа да жөнсіз әрекеттерден жергілікті халыққа келтірілген шығындар үшін жауапты боламыз.
5) Малдарымызы тек көрсетілген үш жол бойымен айдауға міндеттенеміз, атап айтқанда: 1-ші Березовка ауылынан Бұқтырма өзені бойымен шығысқа қарай 15 верст жерде, Бұқтырма алқабын кесіп өтіп, тау асуларынан асып, бұлақтардан өтіп бос жатқан жерлерге дейін; 2-ші, Чернова ауылынан батысқа қарай 7 версте, Чернова, жазығынан өтіп, тауларға көтеріледі және одан әрі Собачий аңғары арқылы Щебенюха тауына дейін; және 3-ші Кеменушинская ауылынан батысқа қарай 10 верст жерде орналасқан Каураго бұлағының сол жағындағы тау жотасы арқылы.
6) Басшылық басқа жалға алушымен бір аумақта мал жаюды қамтамасыз етсе де, ешкімнен ақша жинамаймыз.
7) Малды жалға алынған жерге және кері қарай айдау мерзімдері көктемде 1 сәуірден 1 мамырға дейін және күзде 15 қыркүйектен 15 қазанға дейін белгіленді.
8) Біз орманда отты барынша абайлап жағуға міндеттенеміз, оны тек өте қажет жағдайларда тыныш ауа-райында, сонымен қатар тереңдігі бір аршын қазылған шұңқырға жағамыз, кетен кезде міндетті түрде өшіріп кетеміз. Қандай да бір себептермен өрт шыққан жағдайда, мәжібүрлеуді күтпей-ақ дереу сөндіруге кірісеміз және бұл туралы жақын жердегі орман күзетіне дереу хабарлауға міндеттіміз.
9) Осы келісімнің қандай да бір тармағын біз орындамағанымыз үшін, Мәртебелі Кабинеттің жерлерінде одан әрі көші-қонға сөзсіз тыйым салу арқылы осы келісім бұзылуы мүмкін, егер тіптен жыл басында жалға беруден бас тартылса да сол жылғы жалдау ақысы толық көлемде алынады.
10) Біз үшін осы келісім-шартты бұлжытпай орындау қасиетті және сол үшін қол қомыз.
Мұның бір данасы Шыңғыстай болысының сенімді өкілдері Нұржан Кончубаев пен Дайыр Урунтаевтың 1000 киіз үйлі отбасын Бұқтырма өзеннінің оң жақ жағасында көшіп-қонуға рұқсат беру туралы немесе оларды сенмді өкілдерімен бірге Бийск округіне алмастыру туралы өтініштері бойынша Семей облыстық басқармасының ісіне тіркелген. ІІ бөлім, І бап, тізімдеме бойынша 1898 жылғы № 55, парақ. 72.
Ендігі әңгімемді Чернова, Медведка және Таловка ауылдарының пайда болуы туралы жалғастырайын.
Жоғарыда айтылғандай орыс шаруалары өз беттерімен көшіп келе бастайды. 1861жылы Пермь губерниясы Осинск уезінің Иуда Первов деген шаруасы мемлекеттен 223 еркек жынысты адамдардың атынан (ол кезде санатқа әйелдар кіргізілмейтін) Томск губерниясы Алтай таулы округінің Фыкалка аулынан 25 верст қашықтықтағы Чернова (Шу) өзенінің Бұқтырмаға құяр жеріндегі «Теплый ключ» телімінен көшіп келуге жер сұраған болатын. Таулы округ басшылығы олардың көшіп келулеріне ешқандай қарсылық білдірмейді. Рұхсат кешігіп тек 1865 жылы беріледі де орыс шаруалары осы маңдағы қазақ ауылдарын қоныстанып отырған орындарынан ығыстырып, келіп қоныстана бастайды. Осылайша орыстың Чернова ауылы пайда болады. Орыс жазышысы, зерттеушсі Н.М.Ядринцевтің жазбаларында: «Уезд полиция бастығымен (исправник) Чернова ауылына келген кезімізде әр түрлі арыз-шағымдарымен келген биік бойлы шаруалар қаумалап алды, олардың ішінде Чернова аулының негізін салушы Иуда Чернов деген ақылды, қағылез қария адам да болды» - деп жазады. Ауыл да осы адамның атымен аталған сияқты. Ресми деректерге сәйкес Чернова ауылының негізі 1866 жылы қаланған деп жазылады.
1866 жылы Шыңғыстай бекетінен батысқа қарай 50 верстей жерде Бұқтырманың сол жақ саласы Теріс бұлақ өзенінің маңында Қытай жолының сол жағында Томск губерниясынан, ішінара Еуропалық Ресей губерниясынан орыс шаруалары келіп қазақтардың шабындықтарын шауып, егістік жерлерді жырып, ағаш кесіп, үйлер салып, омарталарын орналастыра бастайды. Бұлар ХІХ ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап Шыңғыстай болысының жерлерін отаралап келе бастаған орыс қоныс аударушыларының алдыңғы толқыны еді. Жоғарыда айтылған Пермь губерниясы Осинск уезінің «Теплый ключ» телімінен жер сұраған шарулардың біраз бөлігінің тілектері өзгеріп, атап айтқанда олардың таңдаулары Теріс бұлақ (Медедка, қазіргі Белқарағай) Тіней су (Таловка, қазіргі Солдатова) және ауылдарына түседі. Ресми рұхсатты күтпестен «бізге бастшылықтың ешқайсысы бұл жерге қоныстануға қарсы болған жоқ» деген желеумен осы жерлерге қоныстана бастайды. 1866 жылы Теріс бұлақ (Медедка, қазіргі Белқарағай) ауылында толық отырықшы өмір сүретін 8 орыстың үй шаруашылғы болады. Теріс бұлақ өзенінің Қытай жолымен қиылысатын тұсындағы Шабамбаев деген қазақтың қыстағын Солоновка ауылынан келген Красковтардың екі шаруа отбасы не қытай билігінен, не казактардан рұхсат алмай, не Шабамбаевпен кеісімге келмей мекендеп алып, 18 ара ұясын орнатып, шабындықтарын шауып алады. Красков Алтай таулы округінің басшылығына берген өтініші бойынша Бийск сотының кеңесшісінің рұхсатын алғандығын және Шабамбаевқа екі қап арпа және екі балта бергендігін айтқанмен оны Шабамбаев теріске шығаруда. Қазақтар келген орыстар молданың және тағы 5 адамның үйін өртеп жіберіп, қоныстанып, жалпы өздерін толық қожайынша ұстай бастады деп шағымданды, Қаратау қыстағында да қазақтардың бірнеше қыстақтарын өртеп жібереді, Қазақтар Белқарағай (Белқарағай деген телім қазіргі Белқарағайдың оңтүстік жағында болған), Күлмес-Мерген жерлерінде де қысымшылыққа ұшырағандарын айтады.
1866 жылдың 1 қыркүйегінде қарататайлықтар Теріс бұлақты орыс шаруаларының тартып алынғаны туралы шағымданады, бірақ олардың өтініші тек 1867 жылдың наурыз айының соңында ғана Семей губернаторына жетеді. Сол кездегі Семей губернаторы Колпаковский мен Көкпекті шенеуніктерінің арасында осы мәселе төңірегінде және оның уақытында қаралмауы, ақталу жөнінде бір-біріне хат жазуға біршама уақыт өтеді. Сөйтіп, ұзақ сұраудан кейін қырғыздар қай аймақ туралы айтып жатқанын анықтауға бір жылдай уақыт кетеді. Бұл кезде қаратайлықтардың өтініштерін шешу мүмкін болмағаны анық, себебі осы уақытта орыс шаруалары басып алынған жерлерде толық отырықшы ретінде өмір сүріп жатқан еді. Яғни, арыз-шағымды бір жыл кешігіп келіп тексерген кезде орыс шаруаларын орнығып алған орындарынан қайта көшіру тым кеш еді, ал әкімшілік органдар еріксіз орын алған фактіге келісуге мәжбүр болды.Тек жерінен айырылған қаратайлықтар ғана келісімге келмеді.
Тіней су, яғни, Таловка ауылына алғашында полякиядан келген ескі дініи сенімдегілер келіп қоныстанған болатын, соңынан Томск губерниясынан, ішінара Еуропалық Ресей губерниясынан орыс шаруалары келіп қоныстанады. Қаржау айтты деген: «Мынау жерге пәлек түседі, пәлек түссе әлек түседі.» -деген сөзі осы Тіней су жеріне поляктардың келуіне байланысты айтылған.
Ресми деректерге сәйкес 1860 жылы Тіней су жерінде Таловка (қазіргі Солдатова) ауылы, 1866 жылы Теріс бұлақ телімінде Медведка (қазіргі Белқарағай) ауылдары пайда болады. Бұл жерлерде бұған дейін қазақтардың Тіней су, және Теріс бұлақ атаулы қазақ ауылдары болған.
1868 жылы Тінейсу (Таловка) және Теріс бұлақ (Медедка) ауылдарына Томск губернисы Крутоберезовск болысынан 48 отбасы көшіп келеді. Алғашқы қоныстанған орыс шаруалары соңғы келгендерін бұлар раскольниктер («патриарх Никонның шіркеу реформаларын мойындамайтын орыс православие шіркеуінің бөлінуі нәтижесінде пайда болған ескі дінге сенушілердің бір бөлігінің діни-қоғамдық қозғалысы) оларды Қытай шекарасының маңына қоныстандыруға болмайды деп шағымданады. Бұл жағдайға жоғарыда аты аталған Иуда Первов деген орыс шаруасы екі ауылдың мүддесі үшін бас болып кіріседі. 1868 жылы тамыз айында келген облыстық комиссия оларды қайта көшіру қажетсіз деп табады, себебі оларды қайтарса қазақтардың өз жерлеріне берген арыз-шағымдарын да қанағаттандырып, басқа орыс шаруаларын да көшіру қажет болар еді. Орыстар Нарын өзенінің бойы мен мен Бұқтырма өзенінің жоғарғы бөлігіндегі табиғаттың берген мол байлығынан айырылғысы келмеді. Осының негізінде Семей губернаторы жаңадан көшіп келгендерді қалтыруды, олардың әр жан басына 15 дестинадан жер бөліп беруді және бұдан кейін көшіп келушілерді тоқтатуды ұйғарады.
Тағы бір арыз (30.04.1867 жылы Семей губернаторының атына) Қаратай руының билерінен келіп түседі: «Біздің Қаратай руы, 100 жылдай уақыттан бері Баш Қарауылдың (қазіргі Малонарым аулы) қарама-қарсы телімдерінен (Қытай жолынан) Терек шатқа және осы жерден Шыңғыстай мен Өрелге дейін мекендеп келеміз. Осыдан 2-3 жылдай бұрын біздің жерімізде орыс шаруалары пайда бола бастады, қыстауларымызды тартып алды, далаларды өртеп жіберді, қыстауларымыз қараусыз қалды, өзімізді де қуып шықты. Бір бөлігіміз Меклечағанға, екіншісі бөлігіміз керей болысына қоныс аударып, соңғы болып біз осында қалдық» - деп шағымданады.
1867 жылы 1 мамырда қазақ Қашқымбай Орусаев, Ергенекті болысы, Богай-Бүрпін руынан (тарихи құжатта Богай-Бурпнская деп жазылады) Семей губернаторына арыз жазып, онда ол мынаны айтады. «Біздің қонысымыз Нарын өзеннінң маңында, бұл жерде біз ерте кезден мекендейміз, қыста Нарынның оң жағында тұрғанымыз үшін (яғни орыс жағында) ясак және айдалған малға салық ақысын төлеп көптен бері тұрып жатырмыз, біздің қыстауларымыз өзеннің арғы жағында (яғни қытайлықтар жағында) жатыр, біз Қытай үкіметіне де салық төлейміз. Бұрын орыстар біздің шабындығымызды шаппайтын, екі жыл болды шаба бастады және бізді осы Баш Қарауыл мен Орта Қарауыладан қууды ойлап жүр. Біз өз еркімізбен-ақ кетер едік, бірақ барар жеріміз жоқ, жергілікті қазақтар бұрын біз мекендеген жерлерді мекендеп алды. Бізде 400-500-дей киіз үйлі отбасы (кибиток) бар, көбі Ресейдің азаматтары. Бұрын біз Көкжарлы болысының Жарымбет руымен бірге тұрдық, олардың да бізге қысым көрсете бастағанына бірнеше жыл болды. Бір жағынан олар, екінші жағынан орыс шаруалары мен казактар. Бізге не істеу керек? Егер қазір тұрып жатқан жерлеріміз Ресей меншігінде болса, онда бізді Ресей мемлекетінің қол астына қабылдауыңызды сұраймыз, ал бұл мүмкін болмаса, Көкпекті округіндегі бос орындарға тұруға рұхсат етіңіз. Қазақтар осы жағдайлардың бәрінде де қоныстанушы орыс шаруаларының алдында өздерін мүлде дәрменсіз сезінуде, соның салдарынан олар бұрынғы мекендерін тастап топ-тобымен көшуде: 500 киіз үйлі отбасы (кибиток) Үкекке көшті, Қаратайлықтардың 1500 киіз үйлі отбасы да сонда көшті, қалған 3000 қаратайлық киіз үйлі отбасы да көшуге жиналып, кетерлерінде шаруаларды құртып кетеміз деп ескертуде.»
Қазақтардың жазған арыздары мардымды көмектеспеді, 1866 жылы өз беттерімен көшіп келген орыс шаруаларын қайтару туралы шешім шыққанымен ол жүзеге аспады. Қазақтардың жазған арыздары өте салғырт қаралды, мысалы олардың жазған бір арыздары қаралмай 5 ай жатады. Неге уақытында қозғалмады дегенге: қыс, қар қалың болды, шет аймақ, жете алмадық сондықтан тексеріс жүргізуге мүмкіндік болмады деген сылтау айтылады. Шығарған шешімдер орындалмады, орыс шаруалары мемлекеттік қызметкерлерге бағынбады. Көпшілік жағдайларда қазақтардың жазған арыздарына, қысым көрсетті, тонады, ұрлады деп қарсы арыздар жазыды.
Осылайша орыс отаршылары ауданымыздың әрбір аймағынан өз шептерін құрып, қазақтарға шабуылай бастайды. Алғашқы кезден-ақ қазақтар көп болғанмен басымдық отарлаушы қоныстанушылар жағында болады да қорғансыз қазақтар топ-тобымен Үкек үстіртіне, Қытайға көше бастайды.
Алпысыншы жылдары жоғарғы Бұқтырма алқабындағы қазақ халқының тағдырында Алтай таулы әкімшілігімен және қоныс аударған орыс шаруалармен ауыр қақтығыстар болғанын көрдік. Бірақ қазақ халқын алда бұдан да қорқынышты қауіп күтіп тұр еді, олар елімізге келген казактар еді.
Қытаймен жасалған 1864 жылғы Шәуешек келісімі Ресей шекарасына 64 мың көшпелі халқы бар шамамен 25 960 шаршы метр аумақты енгізді. Бұл Бұқтырма өзенінің жоғарғы және Күршім өзенінің аңғарлары, Зайсан көлі мен Ертіс өзенінің бөлігі, және Зайсаннан оңтүстікке қарай жерден Тарбағатай жотасына дейінгі аумақ болды. Шекараның ұлғаюы сөзсіз оны стратегиялық тұрғыдан нығайту қажеттілігін туындатты, нәтижесінде жаңа шекара белдеуін бекіту, әскери елді мекендерді құру арқылы басталды. Алғаш рет мыналар жоспарланды: Қара Ертістің оңтүстігінде, Сауыр жотасының солтүстік етегінде (кейінірек Зайсан бекеті пайда болған жерде) және Күршім өзен аңғарында. 1867 жылы қаңтарда Батыс Сібір генерал-губернаторы генерал-лейтенант Хрущев қорғаныс министрлігіне осы мақсатқа 40 мың рубль көлемінде бір реттік жәрдемақы бөлу туралы өтінішпен барады. Алайда қаржылық мәселелер Хрущевтің жобасын толығымен жүзеге асыруға кедергі келтірді, министрлікке мұндай соманы табу қиынға соғады, істі алдымен екі станицаның құрылысымен шектеп, қарапайым ауқымда бастауға мәжбүр болады. Семей губернаторы Полторацкий 1868 жылдың жазында өлкемен толық таныса отырып, болашақ елді мекендердің орналасуын дәлірек анықтайды: Жеменей өзенінің бойында (Зайсанск бекеті) және Күршімнің орнына Бұқтырма аңғарынан (Алтайская станицасы). Әр пунктте 2 офицер және 25 казак отбасын орналастыру жоспарланды, әрбір отбасына алғашқы құрылғаны үшін біржолғы жәрдемақы: офицерлер үшін – 150 сом, казактар үшін - 55 сом, жолға арналған шығын тәулігіне 20 миль жол жүру есебі бойынша қоныстанған жерінен шыққан күнінен бастап, елді мекенге келгенге дейін есептегенде жан басына шаққандағы тәуліктік жәрдемақы – 5 тиын. Жаңа станицаларға кімдерді қоныстанадыру ойластырылады. Елуінші жылдары Кузнецк казак шебі (Бийск пен Кузнецкінің арасындағы) жойылып, оның құрамындағы казактар отбасына 30 сом жәрдемақымен Іле өлкесіне және Семей облысының Көкпекті станицасына жіберіледі. Дегенмен, көптеген казактар қоныс аударуға қарсы болды, кейбіреуі тек Көкпектіге келіп, кері қайттып кетеді. Билік олардың нұсқауларын орындамағандарға ешқандай шара қолдана алмады, бірақ енді оларды жаңа жерлерге жіберу мүмкіндігі туындады. Билік Кузнецк казактарына таңдауды ұсынды, не тапсырысты орындап Көкпектіге бару, не жобаланған Зайсан немесе Алтай станицаларына қоныстану. 25 казак отбасының жартысы ғана Бұқтырмаға өз еркімен аттанды, екінші жартысын мәжбүрлі түрде жіберуге тура келді. Батыс Сібір генерал-губернаторының сұраған бір реттік 40 мың сом шығыннан бас тартып, 4 мың соммен ғана шектелуін сұраған Қорғаныс министрлігі соңғы соманы тек 1871 жылдың шығыны ретінде қарастырды. Одан кейінгі жылдары Бұқтырма өңірі мен Зайсан өңірін отарлауды жалғастырып, жыл сайын 4 мың сом көлемінде ақша босатылды.
Алтай станицасы Бұқтырманың оң саласы Сарымсақты өзенінің бойында қаланады. Алтай станицасында 25 казак отбасы ғана қоныстануға бұйырылғанымен, 1871 жылдың 23 тамызда қоныстануға 25 отбасы келіп, өздеріне 20 үй салып алады, берілген өтініштер негізінде тағы 5 отбасыға қайтадан рұқсат беріледі. Қалай болғанда да, соңғыларды өз еркімен көшіп келгендер деуге негіз жоқ. Олар да бұйырықпен келгендер. Алтай ауылы құрылған алғашқы жылдары халық саны өте тез өскенін байқауға болады: 1871 жылдың 15 қазанында онда 74 ер адам (жалпы халық саны 156) 2 офицер және 31 казак отбасы болды. 1873 жылдың 19 сәуірінде өкіметтің бұйрығымен Алтайда нормадан артық 16 отбасы, барлығы 41 отбасы қоныстандырылды. 1878 жылдың 1 қаңтарында 147 ер адам, яғни бастапқымен салыстырғанда 73 жаңа ер адам қосылған, бұл алғаш келгендердің санынан екі есе дерлік арық.
1869 жылы 21 сәуірде бекітілген «Казак қоныстарының жер құрылымы туралы» Ереженің 3-бабына сәйкес әрбір ер жанға 30 десьятин бөлініп берілуі тиіс болды. Осыған сәйкес алғаш келгендерге ер адамдар саны бойынша (2 офицер және 74 казак) қоныстанушылар 76х40=3040 десатин қолайлы жер, 660 десатин қоласыз жермен қамтамасыз етіледі. Бұл жерлер сол маңдағы қазақтардың шабындық жайылым жерлері еді. Алтай станицасына соңынан келген казактар да жоғарыдағы ережеге сәйкес өздеріне тиесілі жерді талап ете бастайды.
Осылайша, Алтай және Зайсан посттарынан кейін бірте-бірте тағы 4 ауыл өсті, олар: Өрел, Кендірлік (1872-1873), Чысты Яр және Баты (1875). Алтай станицасынан кейін Бұқтырма бойымен жоғары өрлеп тағы да екі казак ауылдарын салуды жоспарлады. Олар Шыңғыстай (18 отбасы үшін) және Өрел өзені бойында (17 отбасы үшін). Шыңғыстай жері таза стратегиялық себептермен назар аударды, жол Алтай жотасының ең қолайлы асуы Бұрхат асуының етегі арқылы өтеді, ерте көктемде де, күзде де, тіпті қыста да барымта жасалатын кездерде шекара арқылы өтуге болатын жалғыз асу. Шыңғыстай жерінде жаңа казак ауылын салу туралы хабар қазақтар үшін ауыр соққы болады. 1882 жылдың жазында жерге орналастырушы келіп, амақты аралайды. Шыңғыстай жерінде жаңа қонысқа арналған жер учаскесін жобалайды сондай-ақ Алтай станицасындағы шіркеу қызметкерлері үшін 300 десятин жер телімін бөліп береді. Жобаланған Шыңғыстай ауылы бір-бірінен 60 верст қашықтықта орналасқан Алтай станицасы мен Өрел казак ауылдарының арасындағы аралық станция рөлін атқаруға үшін жобаланды. Қазақтар өз жерлерінен айырылғысы келмеді және билікпен ымыраға келуге асықты, олар өз қаражаттарына Шыңғыстайда пошта бекетінің қызметін ұстап тұруға міндеттенді. Билік бұл мәмілеге келісті, әрі жерге орналастырушы да Шыңғыстай маңынан бар болғаны бос жатқан 657 десатина жерді тақан ол 7 отбасына ғана жететін еді, ал 15 отбасына қажет жер 2151 десатина еді.
Алайда көп ұзамай уездік биліктің бұл мәселеге қатысты пікірі айтарлықтай өзгеріп Семей губернаторына былай деп хабарлады: «Шыңғыстай болысындағы көшпелі қазақтардың жерін тарылтпас үшін осы жерге қоныс аударуға шақырылған 18 казак отбасы Өрел ауылына қоныстанды, себебі, Шыңғыстай қазақтарына, әсіресе қыста мал жаюға жайылым өте тар».
Жоғарғы Бұқтырма алқабын казактардың отарлауы бір Алтай ауылының негізін қалаумен шектелген жоқ. Одан шығысқа қарай 60 верст жерде Бұқтырманың сол жақ саласы Өрел (Урул-Су) өзенінің сағасында 1872 жылы Өрел ауылының негізі қаланды. Оның пайда болу тарихы, қоныстану процесі мен жер телімдерін бөліп алуы, жалпы алғанда, Алтай станицасындағыдай.
Өрел ауылында да келіп қоныстанушы казактарға жерді 48 ер адам санына барлығы 3433 десятин көлемінде бастапқы бөлу жүргізіледі. 1875 жылы Өрелге Бийск жерінен 46 ер адамы бар 15 жаңа отбасы көшіп келеді. 1879 жылы Өрелде 206 ер адам болып олардың жері 9090 десьяти дейін ұлғайтылады (оның ішінде шабындыққа қолайлы 6698 десятин жер). Өрел ауылының маңындағы қазақтардың Сарбұлақ бұлағы арқылы суарып арпа өсіріп отырған жерлері де казактарға бөліп беріледі.
Казактарға жер бөліп беруде Семей әкімшілігін аса қиын жағдайда қалдырады. Қырғыздарға келсек, олар балға мен төстің арасында қалғандай еді, Бұқтырманың сол жағалауында казактар жерлерін тартып алса, ал оң жағынан Ұлы мәртебелі кабинет оларды қуып жіберді. Мұндай жағдайдың қайғылы салдарын болжау қиын емес еді.
Осылайша Катонқарағай аймағы ХVIII, XIX және ХХ ғасырдың бас кезінде патшалы Ресейдің отарлауына ұшырады. Отаршылдардың саясаты, қолданған ебі, тұтынған әдістері, жасаған зорлығы – қазақ тұрмысын көп өзгеріске ұшыратты. Көшплілерді бірте-бірте жерсіз қалдырып, тау-тасқа, шабындығы жоқ, егістік өспейтін қолайсыз жерлерге ысырып, егін саларлық, отырарлық жерден құралақан қалдырады. Осылайша қоныстары әбден тарылған соң бос жер іздеп, көшіп-қонған мекенін, жаз жайлауын, қыс қыстауын, отаршылардан қалған азын-аулақ жерін, ағайын-туысқанын, дағдыланған кәсібін тастап көптеген қазақ отбасылары Қытай, Моңғолия жерлеріне, Алтай аймағына шұбырып көше бастайды. Қазақтың өзі переселенге айналады. Осы бір зобалаң шақта қазақтың басар жері, шығар тауы қалмағандай, Күн астында қазаққа орын қалмағандай болып торығады.
Осы отарлау саясатының көрінісін бүгінгі күні де төмендегі жағдайлардан бағамдап көруімізге болады. Ауданымыздағы ең бір шұрайлы жерлерінде орыс ауылдары орналасса, құрғақ, шабындығы, еістігі аз жерлерде қазақ ауылдары орналасқан. Мұны тіптен облыс көлемінде де байқауға болады. Бұл да сол кездегі отарлау саясатының бізге жеткен зардаптары деп білеміз.
Дүйсен Бралинов