Аустриялық жол
Ғасырлар көшіндегі тарих керуенінің жолы бұраң, сапары алыс. Алты құрлықтың кіндігіне айналған кімдер келіп, кімдер кетпеді. Жер жаһанды шарлап қарт Алтайға жететіндердің көбі тарихи дерек пен шежірелі шындық іздей келеді. Ал Алтайға айдаумен келіп, өздері тарихқа айналған аустриялық тұтқындардың тағдырлы жолы бөлек.
Табиғаты тылсым Алтайда таңғажайып жерлер өте көп. Соның бірі тауларды қиып салған - Аустриялық жол. Бұл жолдың «аустриялық» деп аталуының өз тарихы бар. Соғыстың білтесі тұтанған 1914 - 1916 жылдары Бірінші Дүниежүзілік соғыс кезеңінде австриялық (чех) тұтқындардың жолды салғандығына байланысты. Сол кезде аустриялық әскери тұтқындардың жанкешті еңбегімен салынған 2000 метр биіктіктегі 150 шақырымға жуық қашықтықтағы жолдың тек қана қайла мен күрек арқылы салынуы таңқалдырады. Таңқалдырып қана қоймай, сұмдық жанкештілікті көз алдыңа елестетеді. Жолды салу барысында мыңдаған адам мерт болған деседі. Біреуі биіктен құласа, енді бірін тас басып қалған, кейбіреуі мұндай ауыртпалыққа шыдамай жан тапсырған. Тұтқын жазғанның жағдайы белгілі ғой, осы қиян жолдың ұзын бойында талайлардың дәм-тұзы таусылған. Расында да, тауды тіліп, тасты жарып жол салған адамдардың алапат күшіне таң қаласың.
Алатайдағы күліп тұратын қыз суреті
Осы австриялық жолдың салынуы туралы Катонқарағай ауданы Еңбек ауылының байырғы тұрғыны, Дәуіт Нұршиннің (құжатта 1900 туылған делінген, өзінің айтуы бойынша туылған жылы 1898 жыл) айтуы бойынша сақталған әңгімені оқырман назарына ұсынуды жөн көріп отырмын. Өйткені мұның бәрі өлкеміздің өткен тарихыметамырласып жатқан дерек.
Дәуіт Нұршин ақсақал 100-ге келіп дүниеден өткен. Күршім өңірінде дүниеге келіп, ата – анасымен бірге 3-4 жас шамасында Таңба ауылына (Еңбек ауылының бұрынғы атауы) қоныс аударған.
Кеңес өкіметін орнату тұсында кедей арасынан шыққан белсенді атанып, Ұлы Отан соғысы жылдарында аудандағы ең алғашқы тракторшының бірі болып, тың төсіне алғашқы боразда салған. Тылдағы ерен еңбегі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Тағдырлы тарихи жол туралы әңгімені жиені Мерей Базарбаевтың құлағына құйып, санасына сіңіріп кеткен екен. Кейбір деректерді жүз жасаған ақсақалдың жиенінің айтуы бойынша жазып отырмыз.
«Аустрия жолын» жергілікті халық «Ирек» деп атайды. Аустриялық жол өзіндік ерекшелігімен тарихи құндылыққа ие, оның құрамына - табиғаттың бірегей ескерткіштері: Мәрмәр асуы, Марқакөл көлі, Алатай және Бұрқат асулары, Қара - Қаба және Бұқтырма өзендерінің аңғары кіреді.
Ақсақалдың айтуы бойынша австрия - венгр (деректерде чехиялық делінеді) әскери тұтқындары жол салуға 1915 жылдың көктем айында келеді. Сол кезде ақсақал 15 жаста болған.
Жолды салушыларға арналып көп мөлшерде ұн және балта, күрек, қайла тәрізді құрал - саймандар әкелінген. Тұтқындар ашық аспан астында түнесе керек-ті. Жергілікті тұрғындар қас қарайғанда балаларын жіберіп, ұн ұрлатып алдырады екен. Дәуіт ақсақал өле – өлгенше сол ұннан пысырылған бауырсақтың дәмін айтып, аузынан тастамай кеткен. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» деген сол болса керек.
Тұтқындар екі қарағай ортасына ақ жайма керіп, кешкісін «мылқау кино» көреді. Ондайды бұрын - соңды көрмеген ауыл үлкендері «жын - шайтанның ойыны» деп онысын жақтырмапты.
Жол салушылар бір жаздың ішінде Еңбек ауылы жақтан басталған жолды бітіріп, Қара - Қаба асып кеткен.
Жазушы Оралхан Бөкейдің «Сайтан көпіріне» арқау болған көпірлерді де ағаштан қайық қылып, қиып салған да сол тұтқындар екен. Олар Қара Қабадан ары - бері өтетін осындай жеті көпір салған.
Сол тұтқындар ішінде бір суретші болған деседі. Ол Тарбағатай жазығының бітер тұсы мен «Алатай» жайлауының басталар тұсындағы Қара Қаба өзенінің бойындағы үлкен бір жартасқа европалық қыздың бейнесін салыпты. Қыз бейнесі салынған жартас сол кезден бері «Қыз суреті» атанған. Бір ғажабы қыз суреті қай жағынан қарасаң да күлімсіреп тұратын болған. Бұл сұлу бикеш аустриялық азаматтың ғашығы болуы да әбден мүмкін. Соғыс кімді ғашығынан айырып, махаббат отына өртемеді дейсің.
Қайырды оны «қазақ қызы» дейді
Жазушы, журналист Қайырды Назырбаевтың бұл сурет туралы жазылған «Таудағы таңба» атты әңгімесі де бар. Ол әңгімеде жазушы тастағы суретті Моншақ атты қазақ қызының бейнесі дейді. Әңгіме 1917 жылдың дүрбелеңі кезінде «Таңба» ауылындағы болған оқиға жайында. Жергілікті халықпен араласып-құраласып кеткен, қазақ тілінде еркін сөйлейтін, сырнайшы, он саусағынан өнер тамған шебер, суретші Сашко деген орыс жігіті мен сол ауылдағы жасынан орыс кулактарына жалданып орыс кедейлерімен араласып, достасып өскендіктен «Орыс Тәуке» атанып кеткен қазақтың жалғыз қызы Моншақтың арасындағы сүйіспеншілік жайында сыр шертеді.
Кезінде ауылдың атақты байы Қисанбы баласы Бөрітайға бесікте жатқан Моншақты атастырған. Елде қызылдар қуғыны басталып, байлар мал-жандарын сауғалап, Қытай асқанда, байдың ожар баласы атастырған қалыңдығы Моншақты өздерімен бірге ала кетпек болады. Әкесі Тәуке қызын байдың есерсоқ баласына беруге қимай қиналады. Ал қыздың өзі де бай баласына баруды қаламаған. Бұл қарсылықтың соңы қыздың әкесі Тәукенің өлімімен аяқталады.
Қызылдың қырғынынан қашқан байлардың соңынан қуған Сашко бастаған топқа әкесінің кегін алмаққа бекінген Моншақ та келіп қосылады. Бірақ тау жаңғырықтыра атылған мылтық оғы Моншақтың жауырынын тесіп өтіп, аяулы ару сол жерде қаза табады. Қазіргі тастағы суретті, яғни, Моншақтың бейнесін салған Сашко екен.
Тасқа салынған суреттің сапалылығы соншалық, шамамен 1980 жылдарға дейін бояуы кетпей, өңін бермей жақсы сақталыпты. 1980 жылдары кеңшар жұмысшыларын таситын машинаның жүргізушісі болып жүрген бір ағамыз суретті жаңғыртпақшы болып, үстінен қайта бояғанда, қыз суретінің өңі өзгеріп, кемпірге ұқсап қалыпты. Қазір жергілікті тұрғындар оны қыз емес, мыстан кемпірдің суреті деп мазақ етеді екен. Соған қарағанда, сурет қайталанбас туындылардың қатарынан болса керек.
Араларында Альпі тауларына жол салған инженер болған
Тұтқындар арасында Қаба өзенімен сал жасап қашқандары да болған көрінеді. Қаба өзенінің Қытайға бұрылар жерінде үлкен сарқырамадан құлап, біразы опат болғаны айтылады.
Светлана Берндл атты режиссер Алтай асуларынажол салған аустро-венгриялық тұтқындар жайында фильм де түсіріпті. Сол фильмдегі дерек бойыша тұтқындар Ресейдің Омбы қаласынан пароход арқылы Семейге жетіп, Ертісті өрлеп, Өскемен арқылы Зайсан көліне дейін барған.
Олар жол салу барысында жергілікті тұрғындармен араласып, қазақтардан жылы киім-кешек, азық-түлік алып тұрған. Соның арқасында аш-жалаңаш алысқа айдалып барған бейшара солдаттар Алтайдың аязынан, аштықтан аман қалған. Тұтқын солдаттардың арасында Альпі тауларына жол салған инженер болған деседі. Жолдың күні бүгінге дейін бұзылмай сақталып келе жатқандығы да содан. Сонымен қатар, тау бедерлеріндегі қиялар мен жоталардың ыңғайлы, сәтті таңдалуы да осы инженерлік дәлдікпен дөп келетіндігі айтылады. Оларға алдымен қыс бойы көпірлерге арналған 1000 текше метр қарағай дайындайсыңдар деген бұйрық беріледі. Бірақ олар жоспарды жаңа жылға дейін орындап қояды. Тұтқындар жолды көктемде бастаған. Марқакөл жақтан және Катонқарағайдан бір-бірлеріне қарама-қарсы жол құрылысын бастап кетеді.
Жол салынып жатқанда халық ішінде Николай патша «Шығыс шеңберін» салып жатыр, осы жолмен Қытайға соғыс ашады екен деген де сөз тарапты. «Ирек» жолы алғашында ат - арба жүретіндей ғана жол болыпты. Жол «Мәрмәр» шатқалымен жалғасып, қазіргі Теректіге (бұрынғы Алексеевка) дейін салыныпты. 1916 жылы аустриялықтар салған асумен ат жегілген арбалар еркін жүре бастаған. Кейін кеңес өкіметі тұсында Тарбағатай жайлауындағы шабындық жерді игеру мақсатында жолды кеңейтіпті. Қазіргі күні екі машина еркін сиятын жолға айналған.
Тұтқындардың тағдырының соңы қалай аяқталғаны беймәлім. Олар мәңгілікке Алтайдың қойнауында қалған да болуы мүмкін. Кейбіреулер жол аяқталған соң 1920 жылы еліне қайтқан деседі. Жанкешті жауынгерлердің қайда кеткені белгісіз. Бізге «Ирек» жолы белгілі болғанымен, олардың бұралаң жолы белгісіз.
Гүлзира Жұмағұлова,
О. Бөкей атындағы орталық қалалық
кітапхана қызметкері