«Мен Катонқарағай ауданының тумасымын. 40 жылдан астам Атырау қаласында тұрып жатырмын. Сонау батыста тұрып жатсам да, туған жерімнің - Төр Алтайдың жаңалықтарына құлақ түре жүрем. А.С. Пушкин атындағы кітапхананың «Ұлы Отан соғысы жылдарында еңбек армиясына қатысқан шығысқазақстандықтар» атты жобасына қызығушылығым артты. Себебі менің әкем Бурахан Ұлы Отан соғысы жылдарында еңбек армиясына жұмылдырылып, Свердловск облысының Белка руднигінде шахтер болып еңбек еткен еді. «Огнеупорная глина» деген ақ топырақ қазып, одан метал балқытатын қазан жасаған. Майданға жіберілетін қару-жарақ жасайтын металды осы қазанда балқытатын. Демалысты білмей, жанталаса қимылдап жеңіс жолында еңбек етті. Еңбек армиясындағы жанталасқан жұмыс майдандағы алғы шептен еш кем емес болатын. Ауыр жұмысқа шыдамағандар майдан даласындағы қарша бораған оқ астында жүруді артық санап, соғысқа сұранып, майданға кетіп жатты. Адам төзгісіз жағдайда Жеңіс жолында еңбек еткен әкем 1947 жылы ауылға оралды. Кітапхана сайтындағы еңбек Армиясына қатысқан азаматтар тағдырымен, кітаптың электронды нұсқасымен танысып шықтым. Асқан төзімділікпен еңбек көрігін қыздырған менің әкем сияқты азаматтардың еңбегін зерделеп, бүгінгі ұрпаққа жеткізіп жатқан еңбектеріңізге алғысымды айтайын, деп сіздерге ат басын әдейілеп бұрдым. Өзім филолог болған соң кітап мәтінінің стилистикасы ұнағанын айта кеткім келеді. Құрастырушыларға көп рахмет!
Кітапханамен, ұжымдарыңызбен танысып бір марқайып қалдым. Кітапханада еңбек десе ізденіп, жайнап тұрған қыздарды көрдім. Өскеменде осындай тамаша кітапхана барын білмеппін. Өскемен менің көз алдымда басқа ұлт өкілдерінен тұратын осындан қырық жыл бұрынғы кейпінде қалып қойыпты. Елу жылда ел жаңа дегендей, жағымды өзгерістер көп екен. Еңбектеріңізге жеміс, шығармашылық табыс тілеймін. Өзім қырық жылдан астам мұғалім болып зейнетке шықтым. Азды көпті еңбегім бағаланып «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Ы. Алтынсарин төсбелгісімен марапатталдым», – деп ақжарма тілегін білдірді. Еңбек Армиясының ерлері туралы кітап «Арыс» баспасына тапсырылды. Баспа директоры, Ғарифолла Әнес мырза демеушілік танытып, кітаптың келер жылы баспадан шығатынына уәде берген еді. Гүлсім Бураханқызы «Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи саябағына 20 жыл» фотокөрмесімен танысып, кітапханашылармен естелік суретке түсті.