А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының кітап қорына жерлесіміз Талғат Қашқынбаев «Тұнық бастаулар» атты 2021 жылы баспадан шыққан кітабын сыйға тартты.
«Тұнық бастаулар» кітабы Талғат Қашқынбаевтың ой-толғаулардан тұратын естеліктер жинағы деп айтуға болады. Кітаптың аты айтып тұрғандай, автор өз өмірінің өзегіне нәр берген бұлақ көздері, яғни кіндік кескен туған жері, шаңын бұрқыратып, жалаңаяқ жүгірген ауылы, білім нәрімен сусындатқан алтын ұя мектебі, бала күнгі достары мен ұстаздары және өзінің ет жақын туғандары жайлы сыр шерткен. Жинақта әр туынды оқырманды бауырмалдыққа, бірлікке, сыйластыққа, ағайын арасының татулығына жетелейді. Адамдарды өзіне берілген қысқа ғұмырды бағалай білуге, өмірді мәнді де сәнді етіп өткізуге баулиды.
Кітаптың авторы Талғатты, сонан соң оның ниеттері аппақ қардай таза, тау бұлағындай мөлдір кейіпкерлерін сағынып отырғаныңызды пайымдайсыз.....
«Тұнық бастаулар».... Кітап тоғыз бөлімнен тұрады екен. Әрине бөлімдердің дәл осындай мөлшерде көбейтпесе де болушы еді. Кітап авторы алғашқы «Туған өлкем –атамекен, ақ мекен» атты бөлімінде, қазақтың шет-шегі жоқ дархан даласы, жаңағы даланың өзіне қымбат бір пұшпағы Төр Алтай, кіндік қаны тамған алақандай ауылы Шыңғыстай, сол түйнемдей мекеннің суын сулап, жерін жерлеп жүрген аяулы да, жанкешті жерлестері хақында тебірене сыр шертеді.
Жер бетінде дәл Талғаттың әкесіндей әке, дәл Талғаттың анасындай ана, дәл Талғаттың аға-бауыр-қарындастарындай кіндіктестер мүлдем жоқ сияқты. Таусыла жырлайды, таусыла сағынады. Берікбол, Серікбол, Жанұзақ ағаларымыздың соқтықпалы-соқпақсыз ғұмыр жолдарын толқымай, жүрек дірілінсіз оқу-аса қиын. Талғат осы жинағында бірнеше әулеттің шоң шежіресін жазып шығыпты.
Кітап сізді адамзатты өлердей сүюге, өлердей сағына білуге тәрбиелейді. Неге десеңіз, бұл кітап - Сағыныш сабағы ! Ендеше, кітап сіздің еншіңізде !
Уалханова Рақия Нұралықызы